Елді мекендерде ұялы байланыс сапасы артады

Елді мекендерде ұялы және тұрақты байланыс сапасын арттыру және олардың қызметін дамыту мәселесіне арналған мәжіліс Төлеби ауданындағы Қаратөбе ауылдық округінде өтті. Бұл басқосуға ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекомуникациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұлов, Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерлан Янабаев қатысты. Мәжілісті аудан әкімі Төлеген Телғараев  жүргізіп отырды.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек өз сөзінде қазіргі кезде республика аумағында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жөнінде әңгімеледі. Кең жолақты интернет желісіне қолжетімділік, ұялы байланыспен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бағдарламасына енгізілмеген елді мекендерді (бірінші кезекте білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарын және жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарын) балама технологиялармен қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылып жатқандығын айтты.

Аталмыш министрлікке қарасты телекоммуникациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұлов былтыр ұялы байланыс операторлары өздерінің лицензиялық міндеттемелері шеңберінде халық саны 250 адамнан және одан да көп елді мекендерді, сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар барлық автомобиль жолдары мен теміржол бойын ұялы байланыспен қамтамасыз етуге міндеттелгенін тілге тиек етті. Дәл осы бағытта бүгінде елді мекендерді интернет желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың аяғына дейін ұялы байланыс операторлары өздерінің лицензиялық міндеттемелері шеңберінде 3143 елді мекенде 3 Мбит/с кем емес қосылу жылдамдығымен төртінші буынның (LTE) ұялы байланыс қызметтерімен қамтамасыз етуге міндет алып отыр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Кселл» АҚ арасында халық саны 250 тұрғыннан көп елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамту бойынша бекітілген ынтымақтастық меморандумы негізінде 2020 жылы Балдыберек, Төңкеріс, Ұйымшыл, Ақбастау елді мекендеріне мобильді интернетпен қамтитын мачталық антенна орнату жұмыстары жүргізілу керек болатын. Алайда, Қаратөбе, Балдыберек, Қостөбе, Майбұлақ елді мекені тұрғындары мұнда ұялы байланыс құралдарының антенналары орнатылғанымен, сапасы сын көтермейтіндігін жеткізді. «KCELL» АҚ атынан келген өкілдер ауылдық округтің байланыс сапасын және интернет жылдамдығын көтеруді қазан айының бірінші жұлдызына дейін толықтай бітіруге жергілікті тұрғындар алдында уәде берді. Ұялы байланыс және интернет сапасы министрліктің бақылауында тұрады және де қазан айында тексеру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы өкіл келеді.

 «Оңтүстік»-ақпарат.

Пікір қалдырыңыз