«Өзімді сынап көргім келді»

Баян Дарғожина, «Ońtústik Qazaqstan».

Данияр Көбеев 1988 жылы 11 шілдеде Бәйдібек ауданының «Жамбыл» кеңшарында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қазығұрт ауданындағы «Серпер» тігін фабрикасының директоры әрі Қазығұрт аудандық мәслихатындағы ең жас депутаттардың бірі. 2019 жылдан «Nur Otan» партиясының мүшесі. Праймериз – партияішілік іріктеу басталған кезде қатысуға берген өтініші қанағаттандырылып, жақсы балл жинады. Одан кейін елді мекендерді, мектептерді аралап, жұртшылықты сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Нәтижесінде депутаттық мандатқа ие болды.

– Негізі Қазығұрттың тумасымыз. Отбасындағы алты бала алты жерде дүниеге келген. Әкемнің қызмет бабымен көшіп-қонып жүрдік. 2010 жылы ҚазҰУ-ді бітіріп келгеннен кейін ағам, әпкеммен бірлесіп Қазығұрт ауданында «Серпер» тігін фабрикасын аштық. Оның директоры алғашында ағамның досы  Берік Боранбаев болды. Бүгінде бұл біздің отбасылық  бизнесіміз, – дейді фабриканың 2013 жылдан бергі директоры Данияр Әбдімүтәліпұлы.

Айтуынша, фабриканың жұмысының жандануына Шымкенттегі «Гауһар» тігін фабрикасының директоры Әнипа Халбаеваның көмегі көп болыпты. Әнипа Халбаева мектеп формасын қалай тігу керек, неден бастау керек, материалды қайдан алу керек деген сияқты мәселелерде ақыл-кеңесін аямаған. Соның арқасында жұмыс жүріп, дайын өнімдермен аудандағы мектептерді, сондай-ақ, Сарыағаш, Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласындағы мектептерді қамтамасыз еткен. Ал, былтыр пандемияға байланысты «Атамекен» кәсіпкерлікті қолдау орталығынан, содан соң аудан әкімшілігінен хабарласып, бұларға бетперде тігуге ұсыныс жасапты. Онымен қоса медициналық мекемелерге арналған халаттар, қорғаныс киімдерін тігуді қолға алған. Осылардың барлығын Қазақстанның барлық аймақтарына жеткізуге тырысты.

Фабрикада 20-25 тігінші тұрақты жұмыс істейді. Үнемі тапсырыс бола бермейтіні белгілі, көлемді тапсырыс болған күнде өзге тігіншілерді де жұмысқа тартады. «Тігіншілердің айлық жалақысы істеген жұмысының көлеміне қарай төленеді. Ең азы 90-100 мың теңге алады. Ал, жақсы тігіншілердің кей айларда 250-300 мың теңгеге дейін жалақы алған кездері болады» деді ол.

Негізінен арнайы тапсырыспен жұмыс істегенімен, базарға көрпе, төсек жабдықтарын да тігіп шығарады. Бір қызығы, өңірдегі осындай тігін өндірісімен айналысатындар арасында ауызбіршілік бар екен, олар өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуде. Тапсырыс көп болып үлгере алмай жатқан жағдайда бір-біріне қол ұшын береді. Тіпті матаны да қай жерден арзан алуға болатыны жөнінде кеңесіп отыратын көрінеді. «Сонда сіздерде өзара бәсекелестік деген жоқ па? Бәсеке болған жерде ғана сапа жоғары болмай ма?» деген сауалымызға кәсіпкер: «Елімізде бұл сала әлі дамыған жоқ. Қырғызстанда әр аулада бір тігін цехы бар. Міне, бәсекелестік соларда болса жарасады. Ал, біздегі азын-аулақ тігін фабрикалары несіне жарысады? Керісінше, елімізде тігін өндірісін кеңірек қолға алып, дамытуымыз керек» дегенді айтты. Көңілге қонымды жауапқа келіспеске амал жоқ.

Шымкентте «АZALA Textile» атты өндіріс орны бар. Пандемия кезінде бетперде тігетін материалды солар шығарыпты. Маталары өте сапалы болғанымен, бағасы Қытай тауарларының бағасынан қымбатырақ. Ал, Өзбекстаннан төсек жабдықтарын тігетін сәтен тәрізді маталарды алуға болады. «Серпер» фабрикасы еркін нарыққа шықпағандықтан, яғни базарға шығару үшін тікпегендіктен, әдетте тапсырыс беруші клиент қандай мата керектігін өзі таңдайды. Былтыр бұлар сол «Азала текстильден» 10 миллион теңгеден астам қаражатқа мата алыпты.

«Не үшін депутат болғың келді? Әлде бизнесіңде, не болмаса салық төлеуде жеңілдіктер бар ма?» дедік сөздің бір реті келгенде. Даниярдың жауабы келте болды. «Жоқ, өзімді сынап көргім келді. Оның үстіне ауылда тұрған соң ауылдың, осындағы мектептердің проблемалары маған жақсы таныс».

Қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлерге көп жеңілдіктер бар. Данияр 2019 жылы «Даму» қолдау қорының есебінен Назарбаев университетіне оқуға өтініш берген екен, бір айдан кейін оқуға шақырыпты.

– «Шағын және орта бизнестің топ-менеджменті» деп аталатын бір апталық курс болғанымен, бізге шет елдің мықты профессорлары дәріс оқыды. Топ-менеджменттің қыр-сырын үйретті. Мұның өзі бізге үлкен мотивация болды. Сол жерде мен «Тігін өндірісімізді қайта жандандыру» деген тақырыпта  бизнес-жоспарымды жасадым. Осыдан соң фабрикамыздағы тігін машиналарын 95 пайызға жаңарттық. Заманауи құрылғылар сатып алдық. Қазіргі таңда кез-келген тапсырысты орындауға цехымыз дайын, – деді фабрика директоры.

Данияр кәсібін енді бастағалы жатқан жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді алдына мақсат етіп қойып отыр. Бұл оның сайлауалды бағдарламасында да көрсетілген. Жастарды көбінесе тегін берілетін гранттарға қалай қол жеткізуге болады, несие алып бизнесті бастау үшін не істеу керек деген сауалдар қызықтырады екен. Ол білгенін әрдайым бөлісіп отырады.

«Депутат болған алғашқы күннен бастап азаматтар хабарласа бастады. Алдыма жәрдем сұрап келетіндер бұрын да көп болатын. Өзім кәсіпкер болғандықтан да жұмыс сұрап келгендердің меселін қайтармауға тырысамын. Ауданда 100-ден астам жағдайы төмен отбасылар, жетім балалар бар. Солардың бәріне жыл сайын мектеп формаларын тегін береміз. Қазіргі карантиндік шараларға байланысты мектеп формасын тіккен жоқпыз. Алайда смартфон, планшет керек деген  өтініштер болды. 20-25 оқушыға смартфондар алып берілді» дейді ол.

Айтса айтқанындай, ол қайырымдылық шараларын үнемі назардан тыс қалдырмайды. Пандемия кезінде аудандағы елді мекендерге 20 мың бетперде тегін таратты. Бұған көмекке еріктілерді тартқан.

Аудандық мәслихаттың кезектен тыс өткен екінші сессиясында халық қалаулыларын тұрақты комиссияларға бөлді. Әрқайсысын әр ауылдық округке жауапты куратор етіп бекітті. Данияр Көбеевке өзінің тігін өндірісі орналасқан орталықтағы Кезеңбұлақ елді мекені мен Шанақ ауылдық округі тиіпті. Саян Батырбаев деген депутат әріптесімен бірге талай жұмысты тындыратынына сенімдіміз. Себебі, сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары кезінде ауылдарды аралап, ондағы тұрғындардың жай-күйімен жақсылап танысты. Өзекті мәселелерін көкейге түйді. Алдағы уақытта Шанақ ауылдық округі газдандырылады деп отыр. Сайлауалды бағдарламада 2025 жылға дейін 16 мектепті газдандыру міндеті бар. Соның ішінде Қызылдала, Шанақ, Еңбекші деген ауылдар бар. Егер сол жердегі мектептер газбен қамтылса, демек, ауылға да газ келеді деген сөз. Бұған қоса жолдарды жөндеу, ескі бағаналарды ауыстыру тәрізді сан алуан проблемалар жетерлік. Бұлардың барлығын ауыл әкімімен бірлесе отырып жүзеге асырмақ.

Данияр өмірде кәсіпкер, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты Сырым Ертаевты үлгі тұтатынын айтты. Оның елге деген жанашырлығы, өз кәсібін алып жүруі ұнайды екен. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде жанында біраз бірге жүрудің сәті түсіпті. «Ол кісі қаншама жағдайы жоқ отбасыларға үй салып берді. Сырым ағаның өзі: «Мен тек құрылыс материалдарын алып беремін, содан кейін ауыл тұрғындарының бірлігі артсын деп асарлатып салғызамын» деген еді» дейді ол.

– Қазір интернетті ашсаңыз, бүкіл ақпарат көз алдыңызда тұрады. Түркиядағы, Өзбекстандағы үлкен фабрикаларды көруге болады. Шындығын айтқанда, біздің ғимаратымыз әлемдік стандартқа сай келмейді. Заманауи үлкен автоматты құрылғыларды алу үшін ғимаратты үлкейту керек. Елімізде төсек-жабдық, жұмысшыларға арналған киімдер матасын ғана шығаратындықтан, мектеп формасына Түркияның, Қытайдың матасы пайдаланылады. Тігін өндірісін елімізде жүйелі дамыту керек. Өзбекстанда балалар киімін тігетін фабриканың өзі өнімдерін Ресейде таратуда. Ал, біз  шетелдік нарыққа әлі шыққан жоқпыз, өнімдеріміз Қазақстанның өзінде сатылуда. Келешекте біздің еліміздің өнімдері де әлем елдеріне шықса деймін. – Жас депутат, кәсіпкер Данияр Көбеевтің әңгімесінен енді жеке кәсібіне ғана емес, еліміздің ертеңіне, жастардың келешегіне алаңдайтындығын айқын аңғардық. «Жас келсе іске» деп оған сәттілік тіледік.

1 пікір

  • Акнур
    Акнур

    Саламтсызба былтыр планшет берілді бірақ қайтып өткіздік оны қайтып өткізу керек па негізі. Мектеп киім жартылай жетім балдарға отбасында 5 бала оқыса соның бәріне берілема

Пікір қалдырыңыз