2003 жыл: Ясауи кесенесі ЮНЕСКО тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды

2003-2005 жылдар Қазақстанда Елбасының бастамасымен «Ауылды қолдау жылдары» болып жарияланды. Осыған байланысты Үкімет ауылдарды дамыту бойынша бағдарлама қабылдады. Оған сол жылы 30 миллиард теңге бөлінді. Оған республика көлемінде 29 білім орны, сонымен қатар, ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды өндіретін зауыттар салынды. Шаруа қожалығы иелеріне салық жеңілдігі де қарастырылды. Нәтижесінде ауыл табысы бір жылдың ішінде 48 пайызға өсті.

2003 жыл оралмандардың мемлекеттік деңгейде қабылданған тарихи отанына оралуы бағдарламасының қабылдануымен маңызды. Мұнан бөлек, Беларусь, Қазақстан, Ресей мен Украина біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы құжатқа қол қойды. Шикізат бағытынан қол үзуге ықпал ететін экономика салаларын әртараптандыру жолымен елдің дамуына қол жеткізу, ұзақ мерзімді жоспар арқылы сервистік-технологиялық экономикаға өтуге жағдай жасау мақсатында Қазақстанның 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы ұсынылды.

Қазақстанда орналасқан алғашқы нысан – Түркістан қаласында ХІV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат – Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мәдени талаптар бойынша тізімге енгізу туралы шешім 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра комитетінің 27-ші сессиясында қабылданды.

Тоқтала кететін тағы бір жайт, Мемлекет басшысы осы жылы руханият саласын дамытудың аса маңызды құрамдас бөлiгi ретiнде бiрқатар ауқымды жобалардың басын қосатын «Мәдени мұра» атты орта мерзiмдi бағдарлама әзiрлеп, оны тиімді iске асыруға кiрiсудi ұсынған болатын. Бағдарламаның мақсаты: халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның iшiнде осы заманғы ұлттық мәдениетiн, фольклорын, дәстүрлерi мен салттарын зерделеудiң бiртұтас жүйесiн жасау, сондай-ақ ұлттық тарих үшiн ерекше маңызы бар елеулi мәдени-тарихи және сәулет ескерткiштерiн қалпына келтiрудi қамтамасыз ету еді. Аталмыш бағдарлама қазақ халқының ықылымнан келе жатқан әрі түрлі тағдырлы кезеңдерде аршылуы кейінге ысырылып отырған мәдени мұрасын зерделеуді кеңінен қамтып, оны шын мәнінде жаңғырта алды.

23 қаңтарда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Давостағы 33-ші Дүниежүзілік экономикалық форумның жұмысына қатысты. Давостағы Әлемдік экономикалық форумда сөйлеген сөзінде Президент біздің мемлекетіміздің шын мәнінде дүние жүзінде өзіндік орны бар ел екенін нақты дәлелдеп берді.

19 наурызда Астанада «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясының тұсауы кесілді.

20-26 наурызда тұңғыш рет халық-аралық ақындар айтысы өтті. Астанада өткен Қазақстан, Қытай және Моңғолия ақындары қатысқан бәйгеде бас жүлдені Мэлс Қосымбаев жеңіп алды.

Сәуір айында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Елбасы Жолдауында алдағы кезеңдерге арналған саяси реформалардың бес негізгі басым бағытын қамтитын бағдарламасын ұсынды. Атап айтқанда, бағдарлама, бiрiншiден мемлекеттiк басқару жүйесiн жаңадан жетiлдiруді қарастырды. Мұндағы басты мiндеттер – мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы құзыреттiлiктiң аражiгiн айқын ажырату, бюджетаралық қатынастар жүйесiн жетiлдiруге негізделді. Екiншi бағыты – сайлау жүйесiн одан әрi жетiлдiру. Бұл ретте сайлау үдерiсi бұрынғыдан да айқын әрi ашық болуға тиiстігіне баса көңіл бөлініп, «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын қабылдау міндеті Үкімет пен Парламентке жүктелді. Үшiншiден, саяси жүйенi демократияландырудың маңызды бағыты – азаматтық қоғам институттарын одан әрi нығайта беру. Президент осы бағытта жан-жақты шаралар қамту қажеттігін айтып, Үкіметке арнайы тапсырмалар жүктеді. Төртiншiден, БАҚ туралы жаңа заң қабылдау ұсынылды. Жаңа заңда сөз бостандығын қамтамасыз етудiң, сондай-ақ журналистердi меншiктеушiлердiң қысымынан қорғаудың осы заманғы нақты жағдайы ескерiлуге, сондай-ақ, шенеунiктердiң еркiн баспасөздiң қызметiне араласқаны үшiн жауапкершiлiгi күшейтiлуге тиiс болатын. «БАҚ-тың заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiгiн де айқындап беру мiндет. Қоғамға керегi – жалақорлық пен жалған сөз бостандығы емес, тура да тұғырлы сөз бостандығы. Билiк пен БАҚ арасындағы үндесудiң көш басында, ең алдымен, журналистердiң қоғамдық бiрлестiктерi және ел Президентi жанындағы Бұқаралық ақпарат құралдары жөнiндегi қоғамдық кеңес тұрады және тұруға да тиiс» деп атап өтті Елбасы өз Жолдауында. Бесiншiден, қылмысқа қатысты құқық аясын одан әрi iзгiлендiрудi жалғастыру жүктелді. Осы ретте Президент өлiм жазасын қолдануға мораторий енгiзу үшiн Үкiметке осы мәселенi шешуді тапсырып, жазаның өмiр бойына бас бостандығынан айыру сияқты түрiн енгiзудiң ұйымдық, материалдық және заңнамалық шарттарын жасау қажеттігін айтты. Бұдан бөлек алқабилер институтын кезең-кезеңiмен енгiзу жайы да осы Жолдауда алғаш рет сөз болды.

20 маусымда ҚР «Жер» Кодексі қабылданды.

5 шілдеде Алматыда Орталықазиялық Ынтымақтастық ұйымының «ОАЫҰ» саммиті өтті.

23 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайы өтті. Бұған дейін дәстүрлі үш бағыттағы дін басшылары бір жерде бас қосқан жоқ еді. Католиктер мен христиандар, православиеліктер мен иудейлер бастарын қосып, барлық мәселелерді бірлесе талқылаған Әлемдік діндер съездерінің өткізілуі - еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың айғағы. Тұңғыш құрылтайдың нәтижесі де жаман болмады, дін басылары «бәріміздің Жаратушымыз бір, олай болса өркениеттерге сыйластықпен, ұстамдылықпен, құрметпен қарап бәріміздің бейбіт қатар өмір сүруімізге болады» деген халықаралық құжатқа қол қойды. Әлемдік және дәстүрлі діндердің құрылтайы Қазақстан астанасында ұдайы өткізіліп тұратын болды. Оны ұйымдастырушы халықаралық жұмыс тобы және арнайы кеңес құрылды.

17 желтоқсанда Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде өлім жазасына мораторий жарияланды. Бұл Жарлық жазаның осы түрін Қылмыстық кодекстен біржолата алып тастаудың алғашқы қадамы болды. Жарлықта Президент ел Үкіметіне он күн мерзім ішінде Парламентке тиісті заң жобасын енгізуді тапсырып, онда Қазақстанның қылмыстық кодексіндегі өлім жазасы туралы баптарды алдағы 2004 жылдың қаңтар айының бірінен өмірлік түрме жазасына кесумен айырбастауды көздейтін заң ережелеріне өзгерту жөнінде жазылған.

Осы жылы елордада Бейбітшілік және келісім сарайы салынды. Сыртқы пішініне қарап жергілікті халық «Пирамида» деп атап кеткен Бейбітшілік және келісім сарайы – ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықтың, халықтар достығының өзіндік символы тәрізді.

2003 жылы Астанада пайдалануға берілген «Думан» ойын-сауық кешен- аквариумы дүниежүзілік мұхиттың ең шалғайдағы бөлшегі іспеттес болып, Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.

Түйіндей айтсақ, 2003 жылы Қазақстанның ішкі жағдайы экономикалық өрлеумен, жалақының артуымен, ауылға ерекше назар аударылуымен, сондай-ақ мәдени мұраны түгендеуге түбегейлі бетбұрыс жасаумен ерекшеленіп отыр. Деректерге сүйенсек, елімізде 2003 жылдың 1 маусымынан бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері 5500 теңге болды. Сонымен қатар, Қазақстанның алтын-валюта активінің жалпы жиынтығы 6 млрд. 19 млн. долларды құрады. Осының өзі елдің экономикасы елеулі межеге көтерілгенін аңғартады. Соның арқасында әлеуметтің әлеуеті де арта түсті. Мәселен, 2003 жылы демографиялық жағдайды көтеру және әлеуметтік қолдау мақсатында аналарға бала тууына байланысты бір реттік жәрдемақылар алғаш рет беріле бастады.

2003 жылы 10 мың теңгелік номиналды банкнот айналымға енгізіліп, Қазақ-стандағы ең ірі купюра болды.

 

САЯСАТ БӨЛІМІ.

Пікір қалдырыңыз