«Талибанда» саяси сипат басым

Соңғы бірнеше айдың көлемінде әлемдік БАҚ-тың назары Ауғанстан еліне ауып отыр. 2020 жылдың соңы мен 2021 жылдың басында АҚШ ресми билігі өз әскерінің Ауғанстан мемлекетінен шығарылатынын мәлімдеген болатын. Үстіміздегі жылдың маусым-шілде айларында АҚШ әскерінің алғашқы легі өз отандарына оралып үлгерді. Осы сәтті ширек ғасыр күткен «Талибан қозғалысы» лаңкестік ұйымы Ауғанстанның солтүстік өңірлерінде белсенді әрекет ете бастады. Атап айтқанда, Орталық Азияның Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстан мемлекеттерінің шекараларына қауіп төндіріп, тіпті бірнеше қарулы қақтығыс орын алды. Тақырыпқа тереңінен енбес бұрын әлем назарын аударып, геосаяси жағдайға себепші болып отырған «Талибан қозғалысы» ұйымының іс-әрекетіне шолу жасап өтсек.

«Талибан қозғалысы» – Ауғанстандағы діни-саяси сипаттағы ұйым.

«Талибан» сексенінші жылдардың басында Пәкістанның солтүстік-батыс шекаралық провинциясы мен Белуджистан аумағында Пәкістан Ислам Республикасы билігінің нұсқауы бойынша жасырын жағдайдағы медреседе идеологиялық әрі діни білім алған ауған қашқындарының балаларынан құрылды.

«Талибан» ұйымының этникалық негізін пуштундар құрайды. Құрамында өзбек, тәжік ұлтының өкілдері де кездеседі.

«Талибанның» әскери-саяси көсемі – молда Мухаммад Омар.

Жоғарғы Кеңес – формалды түрде басқарушы орган.

Өзінің әрекеттерінде «Талибан» ұйымы террорлық әдістерді қолданады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен «Талибан» лаңкестік ұйым ретінде танылды. Сонымен қатар, бұл ұйымның кызметіне Ресей мен Өзбекстан мемлекеттерінде тыйым салынды.

ҚР Жоғарғы сотының 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес – «Талибан қозғалысы» экстремистік және террористік ұйым деп табылып, қызметіне тыйым салынған.

2001 жылғы Нью-Йорктегі терактіден соң «Әл Каида» басшысы Усама бен Ладенге қарсы күрес жүргізу үшін Ауғанстанға әскер кіргізген АҚШ былтыр Дональд Трамп президент болып тұрғанда «Талибан қозғалысы» өкілдерімен келісімге келген. Вашингтон мен «Талибан қозғалысы» арасындағы келісімге сай, АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкетуі тиіс болған. Джо Байден президенттікке келген соң бұл қадамды қолдады. Байден Америка Ауғанстаннан әскерін тамыздың соңына дейін толық әкететінін айта келе «ауған халқы өз болашағын өзі шешу керек» деді.

АҚШ-тың Ауғанстандағы әскерінің қолбасшысы Остин Скотт Миллер өткен аптада «Ауғанстан жаңа азаматтық соғыстың табалдырығында тұр» деп мәлімдеді.

Расында да, қазір Ауғанстандағы жағдай күн өткен сайын шиеленісіп барады. Бұған дейін діни қақтығыстар орын алған болса, енді билік үшін күрес және ұлтаралық алауыздық өршіп тұр. Ал, бұл көршілес мемлекеттерге теріс ықпалын тигізетіні анық.

Кейінгі күндері «Талибан қозғалысы» Ауғанстанның солтүстігіндегі провинцияларға шабуылды үдетіп жатыр. Қазір елдегі 400-ге жуық провинцияның үштен бірі талибандардың қолына өткен. Яғни халықтың 40 пайызы «Талибан қозғалысы» өкілдерінің қол астында өмір сүріп жатыр. Алдағы уақытта Ауғанстандағы билікті талибандар қолына толық алатын болса, сол жердегі тұрғылықты халық үшін бұл кері кету болып саналады. Себебі, «Талибан қозғалысы» өкілдері заманауи білім алуға, соның ішінде қыз балалар мен әйелдердің білім алуы мен жұмыс істеуіне түбегейлі қарсы. Балиғат жасына толмаған қыздардың құқығы тапталып, ерте жастан тұрмысқа беру деректері күрт артуы мүмкін. Сонымен қатар олар ғылыми технолгиялық жаңалықтарды да құп көре бермейді. Жалпы, мұсылмандардың соңғы ғасырларда артта қалуларының, көптеген саяси ойындардың құрбанына айналуларының, экономикалық күйзеліске ұшырауының бірден-бір себебі – сауатсыздық, кедейлік пен ішкі алауыздық.

Талибандардың Тәжікстан мен Түркіменстан, Өзбекстанмен шекарадағы аумақтарды да басып алуы Орталық Азия елдерінің алаңдаушылығын тудырды. Жағдай ушыққан тұста Тәжікстан Ауғанстанмен шекарасын қорғау үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрады. Бұл альянсқа Ресей, Қазақстан және басқа да посткеңестік елдер кіреді. Ресей сыртқы істер министрлігі қажет болса Тәжікстан шекарасын қорғауға көмектесетіндерін мәлімдеді.

Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан үшін де «Талибан қозғалысы» өкілдерінің белсенді әрекеттері біршама қиындық тудыруы мүмкін. Атап айтқанда, қазірдің өзінде Ауғанстандағы бейбіт халық босқын болып көршілес елдерден көмек сұрауда. Мұндай бағыттағы көмек сұрау Қазақстанға да жолданды деген ақпараттар бар. Бұл, біріншіден, екі жылға созылып келе жатқан пандемия салдарынан экономикалық дағдарысқа қосымша соққы болуы мүмкін. Екіншіден, солтүстіктегі Пяндж өзені арқылы бері өтетіндердің ішінде жихадшылар да болуы мүмкін. Яғни бейбіт босқындардың арасында «Талибан қозғалысы» өкілдерінің жасырынып өтпесіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Қорыта айтқанда, жоғарыдағы мәселелерден де күрделісі – Ауғанстанның келесі саяси ойындардың алаңына айналу қаупі! Кешегі Сирия мен Ирактың кейпін кимесіне, түрлі жиһадтық топтардың соғыс алаңына, алпауыт мемлекеттердің сынақ майданына айналмасына кепіл жоқ. Ал, бұл қауіптер нақты өмір шындығына айналатын болса, мәселе шешімін табудың орнына керісінше, шиеленісе түседі. Ал, одан жапа шегетін жалғыз тарап – сол жердің бейбіт халқы ғана.

 

Медет ХАЛЫҚОВ,

Түркістан облыстық дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ директорының орынбасары.

 

Пікір қалдырыңыз