«eQonaq» жүйесі іске қосылды

Шымкентте туризм саласын дамыту мақсатында ұтымды жобалар іске асырылуда. Таяуда қалаға келген туристерді есепке алу, туристік ағынды талдау және көші-қон бақылауын жүзеге асыруға арналған «eQonaq» бірыңғай ақпараттық жүйесінің таныстырылымы өтті.

Іс-шараға «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы АҚ өкілдері мен «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы, сондай-ақ қонақүй иелері және сала мамандары қатысты.

Айта кетерлігі, «еQonaq» бірыңғай ақпараттық жүйесі тәжірибелік пайдалануға 2020 жылдың IV тоқсанында енгізілді. Бүгінде аталған жүйе Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 576 орналастыру орнында, атап айтсақ,  қонақүйлер, хостелдер, демалыс үйлерінде бар. Осы жүйеге 29077 турист тіркелген.

Шымкентте аталған ақпараттық жүйеге 65 қонақүй енгізіліп, тәжірибеде қолданылып келеді. Сондай-ақ, аталған жүйе шілде айында Тараз, Қызылорда, Түркістан қонақүйлеріне де енгізілмек. Жыл соңына дейін еліміздің басқа да туристік аймақтары толықтай қамтылып, «eQonaq» жүйесіне тіркелген қонақүйлер санын 700-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Ал,  жүйені дамыту аясында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы әзірлеуші ретінде «Ashyq» жүйесімен интеграциялауды қолға алмақ.

Пікір қалдырыңыз