Ұлық мейрам ізгілікке жетелейді

Құрметті облыс тұрғындары!

Қадірлі ағайын!

 

Сіздерді барша мұсылмандар асыға күтетін мейрамдардың бірі қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Бұл қасиетті мереке мұсылмандар арасында мейірімділікті, игілікті, бірлікті, ізеттілікті, қайырымдылықты, достық пен шаттықты арттырумен ерекшеленеді.

Құрбан айт мерекесінің орны бөлек. Бұл – елдің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мейрам. Құрбан шалу кісіні шүкіршілік пен тәубаға, аманатқа адалдық пен сертке беріктікке шақырады.

Құрбан айт – зайырлы мемлекеттің рухани мерекелерінің бірі ретінде тойланып келеді.

Әлемдегі бүкіл мұсылмандар жылда Құрбан айт мерекесін айрықша қуанышпен, зор ықыласпен қарсы алады. Бұл мерекеде дұға тілеуге аса зейін қойып игі істерді атқарып қалуға және де Аллаға жақындау үшін құлшылықтар жасау қажет болады.

Құрбан айт мерекесі тек қана діни мейрам емес, сонымен қатар бейбітшілік пен келісімнің нышаны болып табылады.

Бүгінгі қоғам әлемді жайлаған індетпен, еліміздің бірнеше өңірлерінде орын алып отырған қуаңшылықпен бетпе-бет келуде. «Құрбан» сөзі «жақындау», «тығыз байланыста болу» деген мағынаны білдіреді. Осыған байланысты бұл күндер қайырымды жандар үшін сауапқа кенелудің үлкен бір мүмкіндік туған айы болып саналады. Себебі, әрбір сауапты көздеген пенде өзінің жомарттығымен, жанашырлығымен көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсету арқылы Жаратқанның алдында шексіз сауаптарға кенеледі.

Ендеше осы қасиетті Құрбан айт мерекесінде бір-біріміздің қателіктерімізді  кешіріп, өзара татулығымызды арттыруға және де қоғамның игілігі үшін қайырымды істерді жүзеге асыруға атсалысайық ағайын!

Құрметті жерлестер!

Ұлық мереке құтты болсын! Барша Қазақстан азаматтарының бірлігі мен берекесі артып, дербестігіміз тұғырлы, Елбасы мен Президентіміз бастаған егемен еліміздің болашағы баянды  болғай! Құрбан айт құтты болсын!

 

Өмірзақ ШӨКЕЕВ,

Түркістан облысының әкімі.

 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Түркістан облыстық

мәслихатының хатшысы.

Пікір қалдырыңыз