Тараптар арасындағы ынтымақтастық барлық бағытта өрістейді

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазақстандағы АҚШ-тың Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозермен кездесті. Кездесу кезінде сауда-экономикалық, инвестициялық салаларда, агроөнеркәсіптік секторда ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Қос тарап әңгімелесу барысында екі ел арасындағы туризм мен өзара әріптестік қарым-қатынас туралы пікірлесіп, ой бөлісті. Облыс әкімі АҚШ Қазақстанның халықаралық аренадағы жетекші серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

«Біз үшін АҚШ – сенімді серіктес. Пандемияға қарамастан Түркістан облысында жұмыстар тоқтаған емес. Инвестициялар тартып, жаңа, заманауи жобаларды іске асыру үшін инвесторларға аса қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылады. Туризмнің барлық бағыты біз үшін үлкен басымдыққа ие. Қонақүйлер, ойын-сауық кешендері, туристерге қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химиялық өндіріс, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы сынды бағыттарда сенімді серіктес болуға ашықпыз» деді Өмірзақ Шөкеев.

Өмірзақ Шөкеев ірі америкалық компаниялардың агроөнеркәсіптік сектордағы жобаларын жүзеге асырудың үлкен перспективаға ие екендігін атап өтті. Түркістан өңірінің нарығына шыққан шетелдік компаниялардың мүмкіндігіне тоқталды. Өз кезегінде У.Мозер инвестициялық ахуалды жақсарту тәсілдерін жоғары бағалап, америкалық тараптың ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін жеткізді.

«Кезінде Қазақстанның жаңа астанасының салынуының куәсі болған едім, енді міне, рухани астананың қарыштап дамуын көріп, керемет әсер алдым. Сол уақыттағы Астана осындай болатын. Түркістанның санаулы уақыттан кейін қандай болып өзгеретінін көз алдыма елестеттім. Туризм саласы инвесторларды қызықтырады деп ойлаймын. Және жолда келе жатып, біздің технологияны Түркістан аумағында пайдаланатындарыңызды көрдім. Жаңбырлатып суару – өте тиімді әдіс, әсіресе, жергілікті климат үшін таптырмас тәсіл. Мұндайда ағаштардың көгеруінің қаншалықты қиын екенін жақсы түсінемін. Өте аз уақытта көп жұмыстар атқарылған екен. Адамдар игілігі үшін атқарылып жатқан оң істер көзге бірден көрініп тұр» деді АҚШ елшісі.

Шетелдік делегация Түркістан өңірі мен облыс орталығының болашақ экономикалық даму бағытына оң баға беріп, аймақтың алдағы жылғы даму тұжырымдамасындағы бірқатар жобаларға қанықты. Қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі – қолөнеріне қызығушылық танытты. Тараптар екі ел халықтарының игілігі үшін барлық бағыттар бойынша екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті.

Пікір қалдырыңыз