Бір алқаптан екі өнім алатындардың қатары артуда

Түлкібас ауданында бір алқаптан екі-үш өнім алу қарқын алып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл осы бағытта өнім алушылардың қатары артқан. Яғни 2020 жылы 155 шаруа қожалығы жұмыс жүргізсе, осы жылы аудан аумағындағы 14 ауылдық округте 185 шаруашылық бұл бағытта жұмыстарын бастап кетті.

 Мысал ретінде бір алқаптан екі өнім алып жүрген Жаскешу ауылындағы «Ерсары» шаруа қожалығы туралы айтсақ болады. Қожалық биыл 5 гектар жерге бірінші және екінші өнімге жаздық және күздік қияр еккен. Ал, 2 гектар жеріне пияз егіп, оны осы айдың орта тұсында жинап алып, екінші өнімге күздік қияр отырғызуды жоспарлап отыр. Жиналған өнім «Песня лето» ЖШС-не тапсырылады, өйткені, осы серіктестікпен екеуара келісім бар.

Сондай-ақ, аудандағы ілкімді істердің бірі – балық шаруашылығы. Мәселен, Майлыкент ауылдық округіндегі «Сапарғали» шаруа қожалығы 2,16 гектар аумақта орналасқан 7 жасанды су тоғанына 100 мың сазан, ақ амур және дөңмаңдай (толстолоб) балықтарының шабақтарын өсіруде.

Бүгінде шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылуда. Балық жемінің 30 пайыз шығыны субсидияланып, заң аясында аудан әкімдігі тарапынан қолдаулар да көрсетілуде.

 

«Оңтүстік»-ақпарат.

Пікір қалдырыңыз