Ауыл әкімдерін сайлау саяси реформаларға тың серпін береді

25 шілде күні Қазақстан бойынша ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткізіледі. Мемлекет басшысының бастамасымен тұңғыш рет жүзеге асатын бұл сайлау науқаны қоғамда қызу талқыға түсіп, көпшіліктің оң пікірін қалыптастырып үлгерді. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс тұрғындарына маңызды саяси науқанға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын жеткізіп, аудандардағы алдағы сайлауға дайындық барысын пысықтады. Халық ең көп шоғырланған оңтүстік аудандарға жұмыс сапармен барып, Мақтаарал, Шардара және Жетісай аудандарының ақсақалдарымен кездесу өткізді.

«Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңесте бірқатар міндет жүктеді. Ел тарихындағы айтулы белес деп айтуға болатын тарихи маңызы бар саяси науқан – біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Тұңғыш рет азаматтарымыз жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынына тоқталып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізгенін білесіздер. Осы тұста өздеріңіздің, яғни ақсақалдардың рөлі ерекше. Бұл сайлауда қолынан іс келетін, нағыз абыройлы азаматтар сайланса дейміз. Ауыл әкімі креслода отыратын адам емес. Ол бүкіл халықтың мәселесін жүгіріп жүріп шешетін өте жауапты, жанашыр азамат болу керек» деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Алдағы сайлаудың халықтың билікке деген сенімін және әкімнің ауыл тұрғындары алдындағы жауапкершілігін күшейтетінін айтқан облыс басшысы бұл сайлаудың тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашатынын айтты. Түркістан облысында 181 ауыл округі болса, биылғы жылғы ауыл әкімдерін сайлау 63 ауыл округінің 264 сайлау учаскесінде өткізілетін болады.

Басқосуда мақтааралдықтар жайылымды жерлердегі малдан қорғану үшін қоршау жасап жатқан жер иелеріне қатысты шағым айтты. Бұл істің заңға қайшы екенін жеткізген облыс әкімі жер иелеріне бөтен малдан ток жүргізілген арнайы қоршаулармен қорғануға болатынын жеткізуді айтты. Жетісай ауданының ақсақалдары суармалы жерлерді сорланудан сақтап, құнарлылығын арттыру, істен шыққан су ұңғымаларын жөндеуден өткізіп, ағын су тапшылығын шешу, диқандарды дала жұмыстарына қажетті отынмен толық қамту, ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттен субсидия бөлу секілді мәселелерді ортаға салды. Облыс басшысы бұл проблемаларды шешуді жауапты сала басшыларына жүктеді.

Түркістан облысының ақсақалдары елімізде тұңғыш рет өткізілетін ауыл әкімдерін сайлау саяси реформаларға тың серпін беретініне сенімді. Ол ең бастысы, тұрғындарды ел басқару мен шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады. Өңірде сайлау науқанына дайындық қызу. Түркістан облысы – «жасыл» аймақта. Дегенмен, карантин талаптары қатаң сақталуы тиіс. Алдағы сайлауда эпидемиологиялық жағдай да басты назарда болмақ.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев оңтүстік аудандарға жасаған жұмыс сапарында бірқатар қордаланған мәселелердің шешу жолдарын қарастырды. Облыс әкімі сайлау науқанына дайындық барысын пысықтады. Шардара ауданының қариялары мен зиялы қауым өкілдері Қазақстанда тұңғыш рет өтетін ауыл әкімдерінің аламанына халық сенімін ақтайтын, белсенділігі, іскерлігі, жоғары жауапкершілігі бар азаматтардың қосылғанын қалайды.

«Ең алдымен, қарияларға деген үлкен қошеметіңіз үшін халықтың атынан ризашылығымды білдіргім келеді. Өткен жолы келгеніңізде, жаңарған Түркістан қаласын тамашалауға деген ниетімізді бірден қолдадыңыз. Түркістанда болдық. Қасиетті мекеніміздің гүлденуі – барлығымыз үшін мақтаныш. Ал, бұқараның билікке деген сенімін арттыратын алдағы ауыл әкімдерінің сайлауын бүкіл ел болып қолдап жатыр. Ауыл халқының өз әкімін өзі сайлауы болашақ әкім үшін де, халық үшін де жаңа белес. Үлкен жауапкершілік» деді Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Оралбай Ақбердиев.

Көпшілік арасында сайлау кезінде руға бұра тарту болуы мүмкін екені туралы пікір де бар. Оны аудандағы ардагерлер жоққа шығармайды. Көпті көрген қариялар кіл мықтыда кімнің мықты екені тікелей дауыс беру арқылы анықталатын саяси бәйгенің уақыт өте келе деңгейі биіктей түсетінін айтты.

Сапар барысында облыс әкімі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, шаруа қожалықтарының жұмыстарымен танысты.

Пікір қалдырыңыз