Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын жүрек» ескерткішін ашты

Мемлекет басшысы коронавирус індетіне қарсы күреске зор үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арнап тұрғызылған «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Ескерткіш елорданың сол жағалауында Алматы мен Ақмешіт көшелерінің қиылысындағы жаңа саябақтың аумағында орналасқан.

Президент салтанатты лентаны қиып, ескерткішке гүл шоғын қойды. Содан кейін ашылу рәсіміне жиналған медицина қызметкерлерінің алдында сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылуы аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген отандастарымыздың ынтымағы мен бірлігін көрсететінін атап өтті. Мемлекет басшысы дәрігерлерге арнап ескерткіш орнату туралы тапсырманы былтыр «Біз біргеміз» жалпыұлттық онлайн-форумында берген еді.

– Бұл – жаһандық дертке қарсы күрескен отандастарымызға деген ел құрметінің белгісі. Сондай-ақ, халықтың адал перзенттеріне ыстық ықыласының көрінісі. Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады, – деді Президент.

Былтыр Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Халық алғысы» медалі бекітіліп, пандемияға қарсы күресте алғы шепте болған көптеген отандасымыз марапатталды. Президенттің айтуынша, бұл олардың қажырлы еңбегі мен ерен ерлігіне деген халықтың ыстық ықыласының белгісі. Марапатқа ие болған азаматтардың көпшілігі денсаулық сақтау саласының қызметкерлері.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезінде мемлекет тарапынан дәрігерлер мен жалпы медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған ынталандыру шаралары топтамасы қабылданғанын айтты.

– Коронавируспен күреске атсалысқан дәрігерлерге төленетін тек үстемеақы мен сақтандыру жәрдемақылары үшін 180 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Үкімет биылғы қазан айына дейін төлемақы беруді жалғастыру үшін осы мақсатқа қосымша 71,5 миллиард теңге бөледі. Біз дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастадық. Бұл үрдіс жалғаса береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың тиімді жүйесін құру маңыздылығына назар аударды.

– Бұл жүйеде ауылдық жерге келген мамандарға міндетті түрде тұрғын үй беру, біржолғы жәрдемақы төлеу және басқа да жеңілдіктер қамтылған. Мұндай шаралар облыстар мен қалалар әкімдерінің белсенді атсалысуымен еліміздің барлық өңірінде қабылдануға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Президент тек қаржылай ынталандырудың жеткіліксіз екенін айтты.

– Медицина қызметкерлерінің моральдық және заңдық жауапкершілігі артып келеді. Азаматтар тарапынан қойылатын талап та жоғары. Көптеген маман қысымға шыдамай, кәсіби тұрғыдан қажып, денсаулық сақтау саласынан бас тартуда. Өкінішке қарай, бұл алаңдатарлық жағдай. Аталған үрдіс елімізде ғана орын алып отырған жоқ. Сондай-ақ, бүкіл әлемде бес миллионнан астам дәрігер жетіспейді. Осы орайда медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажет. Менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады, –  деді Мемлекет басшысы.

Президент медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағын енгізуді ұсынды. Атақпен бірге материалдық сыйақы да беріледі. Оның көлемін Үкімет белгілейді.

Сонымен қатар, Президент орта деңгейдегі медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, олар денсаулық сақтау жүйесінің басты ресурсы және жұмыстың негізгі бөлігін атқарады.

– Бізге мейіргерлердің жаңа буынын қалыптастыру қажет. Олар тек орындаушылар ғана емес, көп салалы емдеу тобының жауапкершілік жүктелген тең құқықтық мүшелері болуы тиіс. Осы орайда олардың кәсіби дайындығының деңгейін біртіндеп көтеріп, мейіргерлік ісінің мәртебесін арттыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз