Парламент бюджеттің атқарылуы туралы есепті қабылдады

«Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қабылданды» деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірлескен отырыста тиісті қаулы жобасы дауыс беруге шығарылды.

«Үкіметтің және Есеп комитетінің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қабылданды» деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Премьер-министр Асқар Мамин өз сөзінде 2020 жыл соңғы 100 жылдағы ең дағдарыстық кезең болғанын атап өтті.

«2020 жыл – халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша соңғы 100 жылдағы ең дағдарыстық кезең болды. Коронавирус пандемиясы әлемдік экономиканың даму жағдайын және оның құрылымын түбегейлі өзгертті. Сонымен қатар, жаңа әлеуметтік-экономикалық үрдістер қалыптасты» деді ол.

Премьер-министрдің атап өтуінше, Үкімет ҚР Парламентімен белсенді өзара іс-қимыл жасай отырып, осындай күрделі кезеңде, азаматтар мен бизнесті қолдауға бағытталған аса маңызды шешімдерді дер кезінде қабылдады. Бұған ҚР Парламенті орасан зор үлес қосты.

«Осы сәтті пайдаланып, Парламенттің қос палатасының барлық депутаттарына сындарлы және нәтижелі жұмыс үшін алғыс айтқым келеді. Ауқымды және уақтылы қолдау шараларын, сондай-ақ, контрциклді макро­экономикалық саясатты іске асыру 2020 жылы Қазақстан экономикасының төмендеуін 2,6 пайызға дейін, ал, негізгі капиталға инвестицияның азаюын 3,4 пайызға шектеуге мүмкіндік берді» деді Асқар Мамин.

Өз кезегінде Қаржы министрі Ер­ұлан Жамаубаев Үкімет есебі Парламенттің Мәжілісі мен Сенатында егжей-тегжейлі қаралғанын, есепті талқылау кезінде экономиканың барлық салалары бойынша 500-ден астам сұрақтар мен ұсыныстар берілгенін атап өтті.

Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері толық атқарылды. Бюджет түсімдері 12 трлн. 49 млрд. теңгені немесе жоспарға сәйкес 100,3 пайызды құрады. Яғни жоспар орындалды. Шығыстар 98,3 пайызға игерілді және 14 трлн. 234 млрд. теңге болды» деді Е. Жамаубаев Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау кезінде. Бюджет тапшылығы 2 трлн. 185 млрд. теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 3,1 пайызын құрады.

Бұдан бөлек, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова Ұлттық қор қаражатын басқарудың тәсілдерін қайта қарау керек екенін алға тартты.

«2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы COVID-19 пандемиясынан туындаған қатаң шектеу іс-шараларымен және мұнай бағасының рекордтық төмендеуінен сипатталатын дағдарыс жағдайларында жүзеге асырылды. Алайда, Мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша қабылданған іс-шаралардың арқасында Үкімет Қазақстан экономикасының елеулі құлдырауының алдын алуға және сыртқы күйзелістердің салдарын азайтуға қол жеткізді. Ұлттық қор ел үшін «қауіпсіздік жастығы» рөлін тағы да орындады» деді комитет төрайымы.

Дегенмен, оның атап өтуінше, әлемдік экономика түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде шикізаттық емес кірістердің жаңа көздерін іздеу және Ұлттық қор қаражатын басқарудың тәсілдерін қайта қарау қажет.

«Мұнай-газ секторына деген тәуелділік төлем балансының жай-күйінің нашарлауын және ұлттық валютаның тұрақтылығы тәуекелін тудырады. Кәсіпкерлікті, әсіресе, өнеркәсіпті қолдауға айтарлықтай күш-жігер жұмсалуы тиіс» деді Наталья Годунова.

 

 

Пікір қалдырыңыз