Үздіктер марапатталды

Түркістан облысында медицина қызметкерлері күніне орай өңірдегі дәрігерлер марапатталды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов қатысты.

Марапаттау кешінде біліктілігі және кәсібилігімен көзге түскен дәрігерлер облыстық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің хирургия бойынша орынбасары Мақсұт Аймағамбетов «Үздік хирург», Бағила Таштаева «Үздік терапевт», №1 облыстық перинаталды орталығының акушер-гинекологы Әбдісаттар Дүйсенов «Үздік акушер-гинеколог», Түлкібас аудандық ауруханасының бас педиаторы Бақыт Есіркепова «Үздік педиатр», Төлеби аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Лола Шаншарова «Үздік жалпы тәжірибелі дәрігер» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ, Түркістан облыстық балалар ауруханасы «Үздік медициналық мекеме» атанды.

«Бүгінде бүкіл ел ұстамдылықты талап ететін күрделі кезеңді бастан кешуде. COVID–19 індетінің таралуы тек денсаулық сақтау жүйесінің ғана емес, елдің экономикалық және адами ресурстарының да беріктігін сынауда. Дей тұрғанымен, біз қиын кезеңдерді еңсердік» деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов.

Түркістан облысы әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға медицина саласының ардагерлері мен дәрігерлер қатысты. Аймақта бүгінде жалпы 23 429 медицина қызметкері бар. Оның 5 мыңнан астамы дәрігер, қалғандары орта буын маманы. Ақ желеңді жандардың ерен еңбегінің арқасында өңірде қауіпті індетті жұқтырған 6 324 науқас толық жазылып шыққан. Дәрігерлердің ерлігі мемлекет тарапынан лайықты бағалануда. Былтыр ерекше еңбегімен көзге түскен бір топ медицина қызметкері Мемлекет басшысы тағайындаған «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға артты. Дәрігерлердің орташа жалақысы 271 мың теңгеге, ал, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 162 мың теңгеге дейін өсті.

«Оңтүстік»-ақпарат.

 

 

Пікір қалдырыңыз