Олардың ерлігі – көпке үлгі

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

Қоғамдық тәртіп тұрақтылық пен бейбіт өміріміздің кепілі десек, бұл ретте қылмыспен күресіп, елдің ішкі қауіпсіздігін кірпік қақпай күзететін тәртіп сақшыларының еңбегі ерен. Рас, ел ішінде полиция қызметкерлеріне деген көзқарас әртүрлі. Бірі өз ісіне шынайы берілген полицияға сүйсінсе, енді бірі полицейлерге сын көзбен қарап жатады. Дегенмен, қай кезде де білікті тәртіп сақшысына халықтың айтар алғысы шексіз. Қоғамның қиындығына қарамастан кәсібіне адал болып, тұрғындардың қауіпсіздігіне баса мән беретін, қылмыскерлермен күресте өмірін қиюға даяр тұратын ержүрек полицейлер де жоқ емес. Түркістан облысында өз антына адал, қажет болса, өзге үшін өмірін құрбан етуге бар тәртіп сақшылары баршылық. Төмендегі үш оқиға соның нақты дәлелі, нақты куәсі бола алады.

 

«Әп-сәтте батыр атандым»




Бұл оқиға былтыр Шардара ауданында болған. Сырдария өзенінің бойына жүргізілген рейд кезінде аудандық полиция бөліміне қарасты ювенальды полиция тобының инспекторы Шаукат Ибадуллаев өзенде ағып бара жатқан ер адамды құтқарып қалды.

– Шомылуға тыйым салынған аймақты тексеріп келе жатқанбыз. Кенет судың ішінен «Құтқарыңдар!» деген аласұрған дауыс шықты. Жалт қарасам, бір еңгезердей адам суға батып бара жатып, көмекке шақырып жатыр екен. Ол жер өте қауіпті әрі біршама терең болатын. Жылдам шешіндім де, суға күмп бердім. Қасымдағы әріптесім Айдана: «Шаукат, бекем бол, сенің қолыңнан келеді» дейді даусы дірілдеп. Ол да мен үшін алаңдап тұр. Қауіпке бас тігіп бара жатқан соң аздап жүрексіндім. Жүзіп бара жатып, көз алдыма отбасым елестеді. Артқа қайтсам да болар еді, бірақ, полицей емеспін бе, қалай болғанда да әлгі дәрменсіз адамды құтқарып қалуым керек. Бірер сәтте санамды осындай түрлі ойлар кезіп кетті. Суға түскеніммен, оны қай тұстан ұстауды ойламаппын. Алдынан барсам, ол маған асылып жүзуіме кедергі келтірер деп ойлап, арт жағынан қармап қалдым. Иығыма әлгі еңгезердей кісіні асып алып, жағаға сүйреп алып шықтым, – дейді кейіпкеріміз сол күнгі оқиғаны еске түсіріп.

Кейін белгілі болғандай, әлгі азамат Шардараға Ордабасы ауданынан барған қонақ екен. Аздап ішімдік ішкен ол бой сергітуді ойлап суға түскен көрінеді.

– Жағаға жеткен сәтте оның сол маңда жүрген ағайындары маған қарай жүгіріп келе жатты. Келген бойда мені құшақтап «Жарайсың, батырым!» деп арқамнан қағып жатыр. Ал, мен болсам әлгі кісіні аман-есен құтқарып қалғаныма риза болып тұрмын. Мүлде таныс емес кісілердің «батыр» деп әспеттегеніне ерекше қуандым. Бәрінен бұрын ол кісі тірі қалды, өмір сүретін болды, – дейді Шаукат қуанған кейіппен.

 

Қызды құтқарып қалды




Ал, бұл оқиға биыл ақпан айында Сайрам ауданында болған. Аудандық полиция басқармасының қызметкерлері полиция майоры Нұрбол Қуанышбеков, полиция капитаны Нұржан Бекмағанбетов және полиция капитаны Бөлеген Төлегенов таңғы саптық жиыннан шығып, қызметтік көлікпен кетіп бара жатқанда бұларды бейтаныс әйел қол бұлғап тоқтатады. Әйел жыларман күйде кәмелет жасына толмаған қызының теміржол вокзалы маңындағы жерүсті көпірінен секіргелі жатқанын, қызын құтқаруға жәрдемдесулерін сұрайды.

Полиция қызметкерлері дереу әйелді көлікке мінгізіп, Ақсукент ауылындағы Төлеби көшесінің бойында орналасқан көпірге бет алады. Бұларды көрген жасөспірім қыз секіруге оқтала бастайды. Осы сәтте Бөлеген Төлегенов көпірге жасырын мініп, қызды ту сыртынан ұстап алады. Тексере келгенде, өз-өзіне қол жұмсамақ болған қыз 8-сыныптың оқушысы болып шықты. Анасымен ренжісіп қалған ол суицид жасауға бел байлаған.

– Мен тек қызметтік борышымды атқардым. Қызметімді адал әрі абыройлы атқаруға, ел азаматтарының құқығы мен бостандықтарын қалтқысыз қорғауға ант бергем. Бастысы, қыз зардап шеккен жоқ, – дейді Бөлеген ағынан жарылып.

 

Үш адамға өмір сыйлады




Түркістан қаласы, «Отырар» шағынауданында орналасқан үйлердің бірінде өрт шығып жатқанын дер кезінде байқап қалған учаскелік полиция инспекторы Әділбек Мархабай дереу от шалған үйге қарай жүгіреді. Ол үйге кірген кезде тілсіз жау үйді түгелімен қамтып үлгерген еді. Қою қара түтіннен тыныстары тарылып, түтінге тұншығып жатқан егде жастағы екі қария мен қызды көтеріп, сыртқа алып шығады.

– Қасымда екі әскери ерікті болды. Шахрух Жорабеков пен Мақсат Жұманазаров есімді жігіттермен бірге өзімізге бекітілген аумақтағы қоғамдық тыныштықты бақылап жүргенбіз. Бір кезде «Отырар» шағынауданындағы үйлердің бірінің кіреберісінен түтін шығып, халық шулап кетті. Дереу сол жерге барып, ішке кірдік. Тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып, шамамыз келгенше көмек көрсеттік. Осындай кезде көмек көрсету – біздің қызметтік әрі азаматтық борышымыз, – дейді Әділбек мұны ерлікке балағысы келмей.

Иә, Шаукат, Бөлеген, Әділбек сияқты басын қатерге тігуге даяр ержүрек полицейлер елімізде жүздеп саналады. Тіпті, өз бастарын тәуекелге тігіп, өлім құшып жататындары да аз емес. Ондаған, тіпті, жүздеген адамға өмір сыйлайтын мұндай құрбандық шынымен де ерлік екендігінде дау жоқ.

 

 

Пікір қалдырыңыз