Француздар абдырап, немістер оянған күн

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Өткен аптада Еуропа чемпионатының екінші тур ойындары қорытындыланып, үшінші тур ойындары басталды. Екінші тур ойындарының соңғы матчтарында «E» және «F» тобының командалары күш сынасты.

Санкт-Петербургтегі жасыл алаңда Швеция мен Словакия ойыншылары өзара мықтыны анықтауға кіріскен. Қос команда да ойынды сақтықпен бастады. Екі ұжымда да тәжірибелі қорғаушылар жетерлік. Алайда, мерген шабуылшылардың жоқтығы білінді. Швеция сапында Александр Исак пен Маркус Берг тырысып көргенімен, словакиялық қақпашы Дубравканың осал тұсын таба алмады. Осы Исактың болашағына мол үмітпен қарайтындардың қатары қалың. Швеция халқы Испания чемпионатында доп тебетін 21 жасар футболшыны болашақта Ибрагимовичті жоқтатпайды деп сенеді. Исак жайлы әңгімені доғарып, матчқа оралсақ... 77 минут бойы сыр бермеген Словакия қорғанысы ақыры сетінеді. Қақпашы Дубравка айып алаңында ойын тәртібін бұзды. Неміс төрешісі ойланған да жоқ, толғанған да жоқ, 11 метрлік нүктені көрсетті. Эмиль Форсберг пенальтиді мүлтіксіз орындады да, командасын алға шығарды. Одан кейін ешкім гол соға алмады. 4 ұпай еншілеген скандинавтықтардың плей-оффтан үміті зор. Бірінші турда поляктарды ұтып кеткен словакиялықтар да топтық турнирден аса алмай қайтқанды намыс санайды.

Алғашқы турда шведтерді жеңе алмаған Испания құрамасы Польшаның да осал тұсын таба алмады. «Қызыл фурия» әдеттегідей допты иеліктеріне алып, поляктардың адымын аштырмады. Үсті-үстіне шабуылдай беріп, ақыры дегендеріне жеткен. Алайда, екінші тайм басталғаны сол еді, Левандовский өзінің бұл чемпионатқа тегін келмегенін дәлелдеп, Испания қақпашысы Симонды сан соқтырып кетті. Іле шала Польша қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленген-ді. Алайда, Морено мүлт кетті. Қақпа бағанасынан серпілген допқа бірінші жеткен Морато да гол соға алмады. Екі турдан кейін жағдайын қиындатып алған испаниялықтар енді Словакияны ұтуы керек. Әйтпесе бұл құрама құрлық чемпионатымен, Энрике бапкер жұмысымен қоштасады.

«F» тобындағы жағдай шиеленісіп келеді. Көпшілік андердог санаған Венгрия құрамасы әлем чемпионы француздардың екі аяғын бір етікке тықты. 70 мыңға жуық жанкүйер жиналған «Пушкаш Арена» ойынның 45-минутында теңселіп тұрды. Бірінші тайм аяқталар тұста Атилла Фиола мадиярларды алға шығарды. Венгрлерден ұтылуды ар санаған «үш жолақты елдің» футболшылары тайлы-тұяғымен алға ұмтылған. Мбаппе-Бензема-Гризман үштігінен қауіп келерін сезсе де, қолды-аяққа тұрмайтын бұл шабуылшыларды тоқтатуға венгр қорғаушыларының шамасы жетпеді. Ойынның 66-минутында Мбаппе қорғаушыларды алдап барып, Бенземаға пас берген. Алайда, қақпашы Гулачи қолын төсеп, қауіпті сейілткендей еді. Серпілген допқа бірінші жеткен Гризман қақпа торын бүлк еткізді. Одан кейін қанша шабуылдаса да, алаң иелерінің қорғанысы сыр бермеді.

Францияның сүрінгенін немістер пайдаланып кетті. Топтағы екінші ойында Португалияға ес жиғызбаған Германия құрамасы алғашқы үш ұпайына қол жеткізді. Мюнхендегі әрбір шөптің неше сантиметр екендігіне дейін білетін «бундес-команда» матчты жоғары қарқынмен бастады. Әне-міне немістер гол соғады деп отырғанымызда есепті Португалия ашып кетті. Бернарду Силва, Диего Жота, Криштиану Роналду қатысқан қарымта шабуылға неміс қорғанысы дайын болмай шықты. Қақпаларына гол жіберіп, ашуға булыққан немістер шабуылды үдете түсті. Немістердің ашуынан сескенді ме, әйтеуір Португалия футболшылары өз қақпаларына топырлатып гол соға бастады. Алдымен Рубен Диаш, одан кейін Рафаэль Геррейро өз қақпасына гол соғып алды. Үзіліске дейін есепте алға шыққан немістер екінші таймда да тоқтаған жоқ. Алдымен Кай Хаверц, сосын Робин Госенс Руи Патрисиу қорғаған қақпадан саңылау тауып жатты. Немістердің сәл босаңсыған сәтін пайдаланған пиренейліктер есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Бірінші таймда Жотадан пас алып, есеп ашқан Роналду командаласына қарыз болып қалмады. Екінші таймда дәл пас шығарып, Жотаның гол соғуына мүмкіндік жасады. Енді Роналдудың командасы Франциямен күш сынасады. Француздарға есе жіберетін болса, топтан шығуы қиындайды.

«А» тобының командалары топтық турнирді аяқтап үлгерді. Италия құрамасы көп күш жұмсамай-ақ Уэльсті тізе бүктірді. «Скуадра адзурра» сапында бұл ойынға негізгі құрамнан Доннарума, Жоржиньо мен Бонуччи ғана шықты. Соның өзінде Бэйл бастаған Уэльс құрамасына мүмкіндік қалдырған жоқ. 30 ойын бойы жеңілмей келе жатқан Италия құрамасы өздерінің кезекті рекордын жаңартты. 11 ойын бойы қақпаларына гол өткізбей келе жатқан рекордты сериясы әлі жалғасуда.

Екінші ойында Швейцария құрамасы Түркияны аяған жоқ. Бірінші таймның өзінде екі гол соғып, мәселені шешіп алған швейцариялықтар Шүнел Гүннештің шәкірттеріне мүмкіндік бермеді. Түркия құрамасы бұл чемпионаттағы жалғыз голын осы Швейцария қақпасына соқты. Алыстан шірене тепкен Кахведжидің соққысына Ян Зоммер дайын болмай шықты. Есеп айырмасын қысқартқан түріктерде үміт оты жана бастағандай еді. Алайда, Жердан Шакири бірінші таймдағы голын жұп қылып, Түркияны еліне қайтарды. Швейцария құрамасы плей-оффқа шығудан үмітін үзген жоқ.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз