Газ саласын дамыту – басты назарда

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Бейне байланыс режимінде өткен жиын барысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Кевин Лайон баяндама жасады.

Жиынды ашқан Президент газ саласының еліміз үшін де, әлемдік энергетика жүйесі үшін де маңызды екенін атап өтті.

– Газ саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын иеленіп отыр. Сонымен бірге еліміз газды жылдан-жылға көбірек тұтынуда. Бірақ, газ өндіру қарқыны оған сай емес. Өнеркәсіп өндірістерін газға көшіретін жаңа жобалар іске қосылуда. «Көгілдір отын» жағатын тұрғындар саны көбейіп келеді. Сондықтан газға деген сұраныс арта түседі. Осы сұранысқа сай әрдайым ұсыныс болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Газ саласын дамытудың негізгі жолдары жөніндегі баяндамаларды тыңдаған Мемлекет басшысы саланы дамытудың және басқарудың қазіргі моделі жаңғыртуды қажет ететінін айтты.

Президенттің пікірінше, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға баса мән беру керек. Қазіргі жүйе аясында пайдалы қазбаларды игерушілер газ өндірісі мен газ өңдеу қуатын арттыруға мүдделі емес. Үкіметке газ өндіру саласына инвестиция тарту жолдарын іздестіру жөнінде тапсырма берілді.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазТрансГаздың» ұлттық газ компаниясына айналатынын және геологиялық барлаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі бүкіл жұмыстарды атқаратынын жеткізді. Президент жаңа кен орындарында пайдалы қазбаларды игеруде басымдық құқығын «ҚазТрансГаз» компаниясына беру туралы «Самұрық-Қазына» қорының ұсынысын қолдады.

– Сонымен қатар Үкімет мұндай құқық берудің барлық қырлары мен шарттарын мұқият зерделеуі қажет. Газ кен орындарына қолжетімділікті монополияға айналдырмау аса маңызды. Үкімет тәуелсіз инвесторлардың дербес барлау жүргізуіне және газ кен орындарына қатысты әзірлемелер дайындауына жағдай жасауға тиіс. Газ компанияларының вертикальді үйлесім бойынша жұмыс істеу тұжырымдамасы сәтті жүзеге асырылған жағдайда Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 2022 жылы «ҚазТрансГаз» компаниясын IPO-ға, соның ішінде, халықтық IPO арқылы шығару мүмкіндігін зерттеуі қажет. Бұл қаржы нарығын айтарлықтай жандандырады және азаматтардың еліміздегі газ байлығының бір бөлігін иеленуіне септігін тигізеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ішкі газ нарығындағы баға белгілеу ісін жетілдіруді негізгі мәселелердің бірі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, өңірлерді жаппай газбен қамтамасыз ету газды тұтыну көлемінің артуына әкеп соғады. Соңғы бес жылда ішкі нарықтағы газ 40 пайызға, яғни 12-ден 17 миллиард текше метрге дейін артты. Осы ретте Қазақстандағы газдың бағасы ТМД елдерінің ішінде ең төменгі деңгейде болып отыр.

– Бұған дейін өңірлер бойынша газ тарифін реттеу және халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын, сондай-ақ, жұмысы газ бағасына тікелей байланысты экономика салаларын жүйелі түрде қорғау мақсатымен баға белгілеудің түсінікті әрі жаңа ашық моделі қажет. Үкіметке 1 қыркүйекке дейін аталған мәселенің әдіс-тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кеңес барысында Президент тағы да бір сұйытылған газ жеткізуші кәсіпорынның – Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысын сынға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің солтүстік өңірін, атап айтқанда, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газбен толық қамтамасыз ету мәселесі ерекше көңіл бөлуді қажет етеді деп санайды. Газбен қамтамасыз ету аталған өңірлер кәсіпорындарының қарқынды дамуына, бизнес жүргізу және өмір сүру тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді.

Мемлекет басшысы бүкіл әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегіден ада етудің тұрақты үрдісі байқалып отырғанын еске салды. Қазақстан бұл игі істен сырт қалмай, 2060 жылға қарай көміртегіден таза ел болуға қол жеткізетінін мәлімдеді.

– Қалдықтарды болдырмау мақсатында кәсіпорындар мен экономикаға түбегейлі өзгерістер енгізу қажет. 2030 жылға қарай газ өндіру көлемін 1,5 есеге – 21-ден 33 миллиард киловатт сағатқа дейін арттыруды тапсырамын. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің кемінде төрттен бір бөлігі газға тиесілі болуы керек. Менің тапсырмама сәйкес сол уақытқа қарай жаңартылатын қуат көздерінің көлемі 15 пайызды құрауы тиіс. Осылайша, осы он жылдықтың соңына қарай еліміздегі электр қуатының жартысына жуығы мейілінше экологиялық таза энергия көздерінен өндірілетін болады, – деді Мемлекет басшысы.

 

 

Пікір қалдырыңыз