Түркістанда аламан айтыс өтті

Түркістан қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толуына орай алғаш рет өткізілген аламан айтыс екі күнге созылды.

Ақтық сынға шыққан 10 ақын бес жұп болып сөз сайысының көрігін қыздырды. Бірінші болып сахнаға Ш.Сезімхан мен А.Қалиев шықты. Екінші жұпты құраған А.Шұғатаев пен С.Әуезхан түрленген Түркістанды жырға арқау етіп, көпшілікке керемет көңіл сыйлады. Үшінші жұпта А.Жаппарқұлова мен М.Сұлтанхан өзара мықтыны анықтады. Ал Ж.Мусина мен Т.Жаманов айтыстағы аға мен қарындас сыйластығының үлгісін көрсетті. Бесінші жұп болып сахнаға көтерілген түркістандық Д.Ақсақалов пен Сыр сүлейі М.Ниязов бүгінгі айтыстың бас жүлдесіне лайықты өнер көрсетті.

Айтыс қорытындысында Алмас Алматов пен Әселхан Қалыбекова бастаған қазылар тобы 15 минуттық үзіліс алып, жүлдегерлерді анықтады. Нәтижесінде «Түрленген, гүлденген Түркістан» атты республикалық айтысқа қатысқаны үшін Түркістан облысы әкімдігі мен «Nur Otan» партиясының арнайы жүлдесі Анар Жаппарқұлова мен С.Әуезханға бұйырды. Оны «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев табыстады. Сондай-ақ, қызылжарлық Ж.Жұпарханға Көпбай Омаров атындағы жүлде, маңғыстаулық А.Жолмағамбетовке Орынбай Тайманов атындағы жүлде, тараздық Қ.Мырзаханға Тәушен Әбуова атындағы жүлде, атыраулық Ш.Ізбасаровқа Қаныбек Сарыбаев атындағы жүлде, түркістандық Т.Тілеулиевке Құлыншақ Кемелұлы атындағы жүлде, шымкенттік Б.Байтуовқа Нысанбек Айнабеков атындағы жүлде бұйырды.

Үшінші орын төрт бірдей ақынға бұйырды. Олар: Айбек Қалиев, Төлеген Жаманов, Мейірбек Сұлтанхан, Шұғайып Сезімхан. Орамды ой мен өткір әзіл айтып, түркістандық көрермендерді тәнті қылған оралдық Жансая Мусина мен баянауылдық Аспанбек Шұғатаев жүлделі екінші орыннан көрінді. Ал, финалдық кезеңде тартысты айтыс көрсеткен Сыр сүлейі Мұқтар Ниязов жүлделі 1-орынды қанжығасына байлады. Осы айтыстың көрігін қыздырып, облыс намысын қорғаған жас ақын Дәурен Ақсақалов республикалық айтыстың бас жүлдесіне лайықты деп танылды. Бас жүлде иегеріне облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «темір тұлпардың» кілтін табыс етіп, айтыскерлерге шынайы алғысын білдірді, «Қазақ руханиятында айтыстың орны ерекше. Бүгінгі аламан айтыста бағы жанған ақындарды құттықтаймын. Бұл Түркістанда өтіп жатқан айтыстың соңғысы емес. Алдағы уақытта айтысты дәстүрлі түрде өткізуге бар жағдайды жасайтын боламыз. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, айтыс өнеріміз асқақтай берсін» деді облыс әкімі Ө.Шөкеев.

Сондай-ақ, өңір басшысы биыл мерейлі 70 жасқа толып жатқан халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекованы арнайы құттықтап, сый-сияпат жасады.

Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз