Жол қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды

Жыл басынан бері орын алған жол-көлік оқиғаларының саны былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда 35%-ға, жарақат алғандар саны 18%-ға, қаза болғандардың саны 38 пайызға төмендеген.

Облыс бойынша орын алған 186 жол-көлік оқиғасында 48 адам қаза болып, 260 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Жергілікті маңызы бар жолдарда апат саны 41%-ға, қаза болғандар саны 44%-ға, жарақат алғандар саны 36 пайызға азайған.

Алайда, дәм-тұзы жол үстінде таусылып жатқандар саны Төлеби, Келес, Ордабасы, Сайрам аудандарында айтарлықтай артқан. Маңызды мәселе Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссиясының отырысында талқыланды. Облыс басшысы аудан, қалааралық жолдардағы жағдайды қатаң сынға алып, жолдан келер қауіпті тоқтату үшін күндіз-түні қадағалауды тапсырды.

«Айдың-күннің аманында, бейбіт заманда жол оқиғалары салдарынан қаза тапқандардың тоқтамауы деген не сұмдық? Аудан әкімдеріне тез арада шара қабылдауды тапсырамын. Қатаң тәртіп орнатпаса болмайды. Ең қауіпті деген жолдарда күндіз-түні инспектор қойып, тәртіп орнату керек» деді облыс әкімі.

Жалпы, полиция қызметкерлері 5 айда 230 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық фактілерін анықтап, ереже бұзғандарға 3 млрд. теңгеге жуық айыппұл салынған. Жол-көлік оқиғаларының орын алуына жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалыс ережелерін сақтамауы себеп.

 

 

Пікір қалдырыңыз