Мақтааралдықтар 4000 тонна қауын-қарбыз экспорттады

Мақтаарал ауданы, Есентаев ауылындағы «Физули» шаруа қожалығы (төрағасы Физули Алиев) 30 гектар жерге иелік етеді. Қожалық диқандары оның 15 гектарына қауынның «бакинка» сортын тамшылатып суару әдісімен егіпті. Физулиліктер қауынды жинап алғаннан кейін орнына маш және мал азықтық дақылдар егуді жоспарлап отыр. Осылайша облыс әкімі Ө.Шөкеевтің бір танаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын жүзеге асырып келеді.

Биыл облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аудандағы 190 шаруа қожалығы жыл ішінде бір алқаптан 2-3 рет өнім алу технологиясын пайдаланып, 580 гектар алқапқа ерте пісетін көкөніс дақылдарын екті. Қазіргі таңда бірінші өнім жиналып, екінші өнімге бақша, маш және мал азықтық дақылдарын егу жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, биыл ауданда 61 мың гектар жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Қазіргі таңда 20048 тонна көкөніс, 6061 тонна мал азықтық дақылдары жинап алынды. Сонымен қатар, 16416 гектар алқапқа бақша дақылы егіліп, бүгінде диқандар 4000 тонна қауын-қарбызды Ресей мен Еуропаның бірнеше мемлекетіне экспорттап үлгерді.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз