Сауатсыздық синдромы сізге де жұққан жоқ па, мұғалім?

Сауатсыз, мәңгүрт... Бұл теңеу бүгінде өкінішке қарай, екінің біріне қарап айтыла беретін болды. Айтылатындай жөні бар, өйткені, өзін зиялымыз деп есептейтін, қалтасында қос-қостан дипломы бар адамдар да аты-жөндерін қатесіз жаза алмай, адасып жүр. Бұл біз сияқты ұзақ жыл ұстаздық еткен, білім беру саласында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан алдыңғы толқын аға-апаларды ойландырмай қоймайды.

Жалпы, басқасы басқа, балаларға білім беріп, елдің ертеңін тәрбиелеп жүрген мұғалімдердің бір парақ түсініктемені қатесіз жаза алмауы – өліммен тең! Бұл – сол сауатсыз мұғалімнің тек өзінің ғана емес, сол «тәрбиешіге» сеніп, баласының болашақ тағдырын тапсырып отырған қалың елдің де соры! Міне, осындай екі ауыз сөздің басын құрап айта алмайтын, бар ойы басшыға жағынып бұқпантайлап жүретін, әйтеуір амалдап айлығын алатын, мүсәпір кейіптегі мұғалімсымақтарды мектеп деп аталатын киелі ордадан «бастарына ақ құйып» аластататын кез келді. Білім беру мекемесі – көшеде жүріп диплом алған, пара беріп жұмысқа тұрған, басшыға жағынып жан бағып жүрген мәңгүрт мұғалімдердің орны емес.

Иә, жаңа жоғарыда айтқанымдай, мен өмірімнің басым бөлігін, яғни 43 жылын мектеп қабырғасында өткізген, оның ішінде біраз жыл білім бөлімінде әдіскер болған, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде небір келеңсіздіктермен бетпе-бет келген адам ретінде айтайын, біздің қазіргі мектептерде сауатсыздығы сонша, бір парақ диктанттың өзін қатесіз жаза алмайтын мұғалімдер толып жүр. Олар көбіне аудан басқарып отырған әкімдердің, білім саласына билігі жүріп тұрған басшылардың, тіпті болмағанда прокуратурада, сотта істейтін дөкейлердің бірдеңе де бірдеңесі болып келеді. Яғни «крышасы» бар «крысалар». Ондай «зиянкестер» өздерінің білімсіздігіне арланудың орнына, өз ісін жетік білетін, сауатты мамандарды жақтырмай, келемеждеп, уыздай ұйып отырған ұжымға зиянын тигізіп жүреді. Ондайларды алдымен тәртіпке шақырып көреміз, көнбесе күресіп жүріп жұмыстан кетіретін едік. Ондай сауатсыз «белсенділерді» мен қоғамның ең қауіпті адамдары деп есептеймін. Сол себепті олармен өмір бақи күресіп келемін. Білім бөлімінде жұмыс істеп жүргенімде де сондайлардың бір-екеуін жұмыстан кетіруге күш салғанымды және оны дұрыс жасағанымды мақтан етемін. Зейнет демалысына шыққанға дейін жұмыс істеген мектебім – Жетісай қаласындағы бұрынғы №19 мектепте де (қазір Алпамыс батыр атында) мұғалім болуға өресі жетпейтіндер кездесті. Алғашқыда ақырын айтып, болмаса батырып айтып, өз жолын басқа саладан табуына бағыт бердік. Жаңадан ашылған мектепке мұғалім керек болған соң таныс жағалап келіп қалғандар ұстаз болу оңай емес екенін ұғынып, өз жолдарын басқа саладан тауып жатты. Осылайша мектеп аудандағы мақтаулы мектептердің біріне айналды. Міне, осы тәжірибені басқа мектептерде де жалғастырса екен деймін. Мектепте нағыз мамандар ғана қалуы керек.

Нағыз маман, нағыз мұғалім деген кім? Ол қандай болуы керек? Өз болашағын осы саладан көретін кез келген жас маман ең алдымен білімін жетілдіруі тиіс. Білімі бар адам біреудің алдында бүгежектеп тұрмайды. Қоғамдық көзқарасы қалыптасқанның да қиналатын жері жоқ. Ауыл-елге бір зиялы адам келетін болса, елдің бәрі содан сөз күтеді емес пе?! Пайымды пікірі, көңілге қонымды ойы болса төрге оздырады. Ал, мұғалімнің орны төрде болуға тиіс. Рас, шалғайдағы ауыл-аймаққа ақын-жазушылар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері жиі бара бермейді. Сол үшін қалың ел өздеріне керекті рухани азықты көзі ашық, көкірегі ояу делінетін мұғалімдерден сұрайды. Ондайда сыншы халықтың сұрағына мардымды жауап бере алмай, жер шұқып қалатын мұғалімнің не қадір-қасиеті қалады? Әрине, барлық саланы біліп, мүдірмей жауап беру мүмкін емес. Мұндай жағдайда жас мұғалімді оның шешендігі, тар жерде тауып айтатын тапқырлығы құтқарады. Сұраққа жауап бермесе де ұтымды жауабына риза болған ақсақалдар «бәрекелде» деп ризашылығын білдіріп жатады. Ал, оның жолы іздену, тынбай тер төгу екенін ұғыну анау айтқандай қиын емес.

 

«Біз газет-журналға жазылмаймыз!»

Құрғыр құлақ осы сөзді де естіді. Мұғалімнен. Ордабасы, Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында біраз мектептерде жұмыс істедім. Қай мекемеде жұмыс істесем де басшылар газет-журналға жазылуды үгіттеу жұмысын маған жүктейді. Мен бұған қуана келісемін. Өйткені, менің ұжымым, менің әріптестерім сауатты болуға тиіс. Ал, сауатты болуы үшін көбірек оқуы керек. Елді оқуға, білім алуға үгіттегеннің несі айып? Қайта сауабы бар жұмыс емес пе?! Рас, өз мамандығын құрметтейтін, мәртебелі мамандыққа кір келтіргісі келмейтін, ізденуден жалықпайтын мұғалімдер алдымен келіп жазылады. Олардың өз таңдауы бар. Ешкім мәжбүрлеп «өтпей» қалған газеттерді тыққыштамайды. Оқуға, ізденуге құлықсыз «ұстаздар» соңына таман келіп (онда да басшының айтуымен) «қалған-құтқан» басылымдарға жазылады. Өйткені, оларға бәрібір, қандай басылым болса да оқымайды, басшының тапсырмасынан құтылса болды. Үшінші сұрыптағы мұғалімдер өздеріне рухани байлық болатын дүниеден бас тартады, бес-он теңгесін қимайды. Жөн сөз айтсаң, «жоғарыда» отырған «крышаларын» айтып қорқытады. Соңғы кезде осындай мәңгүрт-мұғалімдер рухани байлық саналатын газет-журналдарға жазылмайтынын ашық айтып жүр. Яғни «Ит маржанды не қылсын» дегендей, маржан-сөздің мән-мағынасын білмейтін мәжнүнбастар көбейді. Бұл бүкіл қоғам үшін ойланатын нәрсе!

Осы тұста жақсы дүниенің қадірін қашырғандар жайлы да айта кетейік. Бала кезден білімге құштар мен газет оқуды тым ерте бастадым. Сол қызығушылық Алматыдағы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетінен бір-ақ шығарды. Оқу арқылы, іздену арқылы небір биіктерді бағындырған ақбас профессорлардың алдын көрдік. Бірақ, әлі де болдым-толдым деген емеспін. Жақсы дүние көрсем оқып шыққанша асықпын. Мамандықтың төресі саналатын журналистика саласында да жұмыс істедім. Қалам ұшына тұнған ойларды өрнектеп, мерзімді басылымдарға мақала жазып тұрамын. Ұзақ жыл ұстаздық еткенде де бұл саладан қол үзген жоқпын, екі жұмысты қатар алып жүрдім. Зейнет жасына шыққан соң қарап жүруді қорлық санап, өзімнің сүйікті жұмысыма кірістім. Яғни газет-журналдарға жазылуды үгіттейтін, баспадан жаңа шыққан басылымдарды сиясы кеппей жатып оқырманға жеткізу үшін уақытпен санаспай жұмыс істеп жүрген «Ер-Нұр» серіктестігінің Жетісай ауданындағы бөлімшесінің қызметкерімін. Айтайын дегенім, бір кездері мамандықтың төресі саналатын журналистиканы бейшара хәлге түсіріп, киелі саналатын газет-журналдарды жаманатты етіп жүргендер бар. Ең өкініштісі, осындай өресіз пенделер мемлекеттік қызметте де өріп жүр. Айталық, аудан әкімі немесе орынбасарлары, бөлім басшылары өзінің таныс-тамырының түкке тұрмайтын газет-журналдарын «разнарядкаға» тыққыштап, елге мәжбүрлеп жаздыртады. Журналистикадан хабары жоқ, бар ойы газет арқылы бизнес жасап, баюды ғана көздеген жалғыз-жарым пенденің ең құрығанда қарамағында жөн білетін бір-екі маманы да болмайды ғой. Сондай шаласауаттылар шығарған газет адамдарды шын мәнінде де елдің рухани азығы бола алатын басылымдардан да бездіреді. Сарыжағал газетсымақтардағы «әпенділеу» шығармаларды көріп, журналистиканың атын жамылып жүрген «әріптестерінің» әрекетінен ұялған нағыз журналистер бүгінде өз мамандығын айтудан ұялатын жағдайға жетті. Айналайын әкімдер, алдарыңа келіп «разнарядкаға» қосуды сұрап отырған «бауырыңнан» ең құрығанда газетті қалай шығарып отырғанын, ол жерде кімдер жұмыс істейтінін сұрасаңдаршы, сонда ғана мұндай келеңсіздіктің жолы өз-өзінен кесіледі ғой. Өзі мәңгүрт адамның мән-мағынасыз дүниесін (газет деуге аузым бармай отыр) елге тыққыштап, мәжбүрлеп жаздыру арқылы киелі мамандыққа, қасиетті қаламға қиянат жасап отырғанын білсеші.

Бұрын, біз журналистикаға еліктеп жүрген жылдары газет тілшілері қоғамдық көліктерде тегін жүретін. Бұл олардың жолға төлейтін тиын таппай қалғандығынан емес, қоғамда бұл сала қызметкерлерінің абыройын арттырып, қадірін білдіру үшін жасалған қадам еді. Ал, қазір қолында билігі бар шенеуніктер қоғамдық ортада, қалың елдің көзінше журналистердің қолын алуға арланады. Бірақ, былай шыға бере жамандап жазып қоймасын деген пендешілік оймен арқасынан қағып алдарқатып, сый-сияпат жасап жатады. Ел басқарып отырған кейбір пенделердің өресі осы болса, амалың қайсы?

Мейлі, бұған дейін небір нәубетті көрген қазақтың басынан бұл күндер де өтер. Уақыт-төреші өз бағасын берер. Берер дейміз-ау, қазірдің өзінде ата-аналар балаларын сауатсыз мұғалімдерден сақтандырып, білімі жақсы мектептерге бере бастады. Ендеше, біз үшін емес, өзіңіз үшін әрекет етіп, ізденісті күшейте түскеніңіз жөн болар, мұғалім. Әйтпесе, сауатсыздықтың синдромын жұқтырған мұғалім ретінде масқара болып, ешкімге керек болмай қалған жағадағы қайық сияқты жалғыз қалуыңыз мүмкін.

Жеңісбек СЕРІКБАЙ, ҚР білім беру ісінің үздігі, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы.

 

 

6 пікір

  • А.Кушеева
    А.Кушеева

    Мақалаңызды өткір,нағыз жанашыр және шындықты шырқыратып жазыпсыз,рахмет сізге,ал мұғалім мұғалім бе,сауатсыз ,еңбек заңнамасын қақпайтын директорларды қайтесіз,өзі сияқты сауатсызды жинайтын.Жалпы мұғалімге қойылатын талапты күшейту керек,аудандық,облыстық ОБ ондай кадрлар үшін қатаң жазаға тартылуы қажет,қазір ЖОО білім саласына түсетіндердің балын көтергені дұрыс болды,кадр мәселесінде директор басты кінәлілердің бірі,Жетісай қаласында Б.Момышұлы мектеп гимназия директоры О.Қозбақов тестсіз бір мұғалім қабылдамайды,нәтижесінде мектеп бүкіл елімізге танымал,яғни білім саласында қазақшылықты қою керек.

  • Мунаш Нуриля
    Мунаш Нуриля

    Сондай мұғалімдердің сабақ алып жүрген балалардың кәзір сөйлеу мәнері әбден бұзылып бітті.Мысалы бірнешеуін атайыншы.Болыпты деген сөзді бопты дейді,мақұл дегенді мақыл,ол жақ ояқ,бұл жақ бұяқ, жалпы сөйлеу диалектикасы бұзылып барады.

  • Мария Тойтанова Бидаулетовна
    Мария Тойтанова Бидаулетовна

    Мақала өте жақсы жазылыпты. Көкейде жүрген ойларды ортаға салыпты. Айтайын, жазайын десек "кім тыңдап жатыр" деген салғырттық жақын қонғалы қашан. Мұғалімдердің баспасөзге деген көзқарасын дәлме-дәл беріпті. "Көршің соқыр болса, бір көзіңді қыс" деген, баспасөзге жазылмайтын дерт бір-екі жылдан бері маған да жұқты. Өйткені олар кез келген нәрсенің "көзін" таба алады, біз "мыжып" жүргенде, олар төбеңде "қайнап" жүреді. Балалар әдебиетінің классик жазушысы Б. Соқпақбаев: - Өмірде өтірікке тойып кеттім, Сондықтан өлеңімді қойып кеттім - демекші, қазір баспасөзге жазылмақ түгілі, мұғалімдікті де қойып кеткім келіп жүр.

  • Ажаргуль
    Ажаргуль

    Сауатты болу, қатесіз жазу, мәнді-мағыналы сөйлеу әркімнің өзінен басталады. Оқымаса да небір шешен сөйлейтін кісілерді көріп жүрміз. Ертеректе бар жаңалықты газет-журналдан оқып, радиодан еститінбіз. Бертін келе теледидардан барлық оқиғаларды, әр түрлі бағдарламаларды, киноларды тамашаладық. Ал қазіргі заман талабына сай түрлі техникалық құралдарды пайдалануды үйреніп, бүкіл әлемдегі болып жатқан жағдайлардан хабардармыз. Демек, өздерінің бағыт-бағдары жоқ, көшіріп қана жазатын газет-журналдар өз оқырмандарын жоғалтып алды. Оның үстіне жазғанда, буын мен тасымалдауда қателер өріп жүредіғой.

  • Молдабекова Ләззат
    Молдабекова Ләззат

    Мен 42 жыл бастауыш сынып мұңалімі болып зейнетке шыққан адаммын. Жоғарғы санатпен. Ал енді сауатсыздық мәселесі,ұстаздар арасында қате жазу деген көкейде жүрген ой еді. Мектепке талай жоғарыдан да ,мектепішілік болсын тексеру болып тұрады. Мен сол кезде үнемі айтушы ем мұғалімдерден бір жапырақ қағазға диктант алу керек,сонан соң тексере бер формально жинап қойған папка, іс-қағаздарын. Себебі кейінгі толқын кейбір ұстаздардың сауатына көңілім толған емес.

  • Тоғысбаев Нұрлан
    Тоғысбаев Нұрлан

    Сауатсыздық мұғалімдерге жұққан деуден гөрі солардан ТАРАҒАН деген дұрыс болады.

Пікір қалдырыңыз