Қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Өңірде «Уылдырық – 2021» акциясының аясында балық инспекциясы бөлімі балық қорғау заңнамасы сақталмауының 55 фактісін анықтап, оның 46-сына айыппұл салынған. Екі әкімшілік іс, 7 қылмыстық іс сотқа жолданған. Бұл туралы «Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» басшысының орынбасары Мейіржан Өмірәлиев журналистермен өткен брифингте мәлімдеді.

«Облыста соңғы үш ай бойы «Таза су айдындары» атты табиғат қорғау акциясы кең көлемде өткізілді. Шардара су қоймасы мен Сырдария өзені бойында, Бөген су қоймасында, Шошқакөл көлдер жүйесінде және Көксарай су реттегішіндегі тазалау жұмыстарына 569 адам және 48 шағын көлемді жүзу құралы мен 82 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 37,8 тоннаға жуық әртүрлі қоқыстар мен қалдықтар тазаланды» деді Мейіржан Ибрагимұлы.

Балық инспекциясы бөлімі 88 заңсыздық фактісін анықтап, 77 хаттама толтырған. Оның ішінде 2 іс сот органдарына жолданып, 9 іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ, жыл басынан бері табиғат заңдылығын бұзғаны үшін 77 азаматқа 1,2 млн. теңге айыппұл салынып, оның 1,1 млн. теңгесі мемлекет пайдасына өндірілген. Жалпы табиғатқа келтірілген залал үшін 41486,4 млн. теңге талап етіліп, 70,5 мың теңге өндірілді.

«Оңтүстік»-ақпарат.

 

 

Пікір қалдырыңыз