Төрткүлдіктер топ жарды

Ордабасы ауданындағы «Төрткүл» жалпы орта мектебі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Әуелхан Ботабайдың шәкірттері ел біріншілігінде топ жарды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» Нұр-Сұлтан қаласында волейболдан ұйымдастырған «Мектеп лигасы» жарысында жеңімпаз атанды.

Түркістан облысының намысын қорғаған төрткүлдік волейболшылар өз тобында Алматы, Батыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан  қаласы командаларынан басым түсіп, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда  «Нұр-Сұлтан-1»  командасын ұтып, ақтық сынға жолдама алды. Шешуші кездесуде Қызылорда облысындағы Шиелі ауданының ойыншыларын тізе бүктіріп, чемпион атанды.

Төрткүлдіктер 2015 жылдан бері «Мектеп лигасы» турнирінде үздіктер қатарынан түспей келеді. Алматыда өткен турнирде қатарынан 2 рет күміс, Шымкентте өткен турнирде алтын медаль иеленген. Одан кейін Семейде өткен додаларда күміс, алтын медаль иемденген.

Беркінбек ЖАҚЫПҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

 

Пікір қалдырыңыз