Түйе баққан табысқа кенеледі

Ерболсын Бесбаев біраз жылдан бері түйе өсірумен айналысып келеді. Бәйдібек ауданына қарасты Жиенқұм ауылында тұратын оның бүгінде отыздан астам түйесі бар. Ерболсын 1991 жылы әскери борышын өтеп келіп, ауылда ірі қара бағумен айналысты. Кейіннен 4 түйе сатып алып, өз шаруашылығын бастады.

– Түйе бағу – біздің ата кәсібіміз. Бұл кәсіппен әкем де, атам да, тіпті бабаларымыз да айналысқан. Ал, төрт түлік малдың ішінде неліктен түйе өсіруге бет бұрғанымды айтар болсам, түйе малы аса шығыны жоқ, жайлы. Оның сүті үлкен сұранысқа ие. Бұл шаруамен айналысып келе жатқаныма 21 жылдай болыпты, – дейді ол.

Ерболсын ағаның отбасы Жиенқұмға 1970 жылы мұның жеті жасында бүгінгі Елшібек батыр, бұрынғы Қызыл ту ауылынан көшіп келген екен. Шаруа Жиенқұмның малмен айналысуға өте қолайлы жер екенін айтады. Ерболсын Бесбаев ерен еңбегінің арқасында «Qurmet-Abyroi, Birlik» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

Түйені Жұлдыз жеңгей сауады. Күніне екі мезгіл сауылатын түйенің әрқайсысы орта есеппен 3-4 литр сүт береді. Әр литрін 500 теңгеден сатады.

– Өңірде түйе сүтін өткізетін арнайы орындар ашылса, біз сияқты шаруаларға үлкен көмек болар еді. Осы төрт түліктің арқасында бала оқытып, оларды құтты орындарына қондырып отырмыз. Ерінбегенге Алла несібесін молынан береді, – дейді ол.

Ерболсын аға түйемен қатар, қой да өсіреді. Жем-шөпті артығымен жинап алғандықтан, қыстан қиналмай шыққанын айтқан шаруа биылғы төлдің түсімі жаман болмағанына қуанып отыр. Біз шаруаның ісіне береке, жұмысына сәттілік тіледік.

Ұ.НҰРЖАНҚЫЗЫ.

 

 

Пікір қалдырыңыз