EURO есік қағып тұр!

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ертең футболдан кезекті Еуропа чемпионатының шымылдығы түрілмек. «Қарт құрлықта» чемпионатқа жолдама алған 24 команда чемпиондық атақты сарапқа салады. Былтыр өтуі тиіс болған Еуропа чемпионаты пандемияға байланысты кейінге шегерілген. Бұл турнир бұрынғы Еуропа чемпионаттарынан өзгешелеу болады. Өйткені, чемпионаттың ойындары бұрынғыдай бір немесе екі елдің аумағында емес, 11 елде өтпек.

Турнирдің беташар ойыны Италия астанасы Римдегі «Олимпико» стадионында өтеді. Жасыл алаңға алғашқылардың бірі болып Италия мен Түркия құрамалары шығады. Римнен бөлек Еуропа чемпионатын қабылдау бақытына Мюнхен, Санкт-Петербург, Амстердам, Бухарест, Баку, Севилья, Копенгаген, Будапешт, Лондон, Глазго қалалары ие болды. Яғни Еуропа чемпионатына қатысушылардың басым бөлігі ойындарын өз елдерінде өткізеді. Жоғарыда аталған қалалардың ішінде Венгрия астанасы Будапешт қаласындағы стадионда нағыз футбол атмосферасы орын алмақ. Себебі, бұл стадион жанкүйерлерді 100 пайыз қабылдауға рұқсат алды. Санкт-Петербург пен Бакудегі стадион 50 пайызға дейін толса, өзге футбол ареналарына жанкүйерлердің 25-33 пайызын кіргізуге рұқсат берілді. Чемпионаттың басты стадионы ретінде Англиядағы «Уэмбли» аренасы айтылуда. Мұнда топтық турнирдің 3 ойынынан бөлек, 1/8 финалдың, жартылай финалдың 2 ойыны мен финалдық ойын өтеді. Ұлыбритания үкіметі финалға дейін эпидемиологиялық ахуал дұрысталса, стадионға 50 пайыз жанкүйер кіргізуді жоспарлап отыр.

Енді бір-екі күнде Еуро-2020 додасының той боладысы тарихтың көшіне қосылады да, нағыз мықтылардың айқасы басталады. Бұл доданы кім жеңуі мүмкін? Қай құрамалар таң қалдырады? Кімдер сенсация жасауы ықтимал? Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

«А» тобында Италия құрамасының үздік шығарына ешкім шүбә келтірмес. Ресми ойындарда 26 ойын бойы жеңілмеген «скуадра-адзурра» кезекті рекордқа жақындап келеді. Соңғы 8 ойында қақпаларына гол жібермеген италиялықтар бұл топтан оңай шығуы тиіс. Ал, плей-оффқа берілер екінші жолдамаға талас қызайын деп тұр. Әсіресе, Түркия мен Швейцария «бір-бірінің қолында өлуге бар». Соңғы ойындарына қарап Шүнел Гүннештің шәкірттерін осы турнирдің басты сенсациясын жасаушылардың бірі ретінде санауға болады. Осы чемпионатқа іріктеу кезінде түріктер әлем чемпионы Францияның өзін артқа тастап, топтан бірінші орынмен шыққан еді. Қазіргі Түркия құрамасындағы жас ойыншылар өздерін Еуропа алаңдарында мойындатып үлгерді. Бұл квартетте Уэльс құрамасының мүмкіндігі аздау. Гиггз шәкірттері 2016 жылғы Еуропа чемпионатындағы жетістігін қайталай алмайтын сияқты. Ол кезде бұл құрама жартылай финалға дейін барып, қола жүлдегер атанған.

«В» тобында Бельгияның мықтылығына ешкім шүбә келтірмейтін шығар. ФИФА кестесінде 1-орынды ешкімге бермей келе жатқан құраманың үлкен жарыстарда жолы бір болар емес... Ресейдегі әлем чемпионатында Эден Азардың командаластары болашақ жеңімпаздар Франция құрамасына ғана жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтқан. Осыдан 20 жыл бұрын Бельгияда басталған футбол реформасы өз жемісін беретін уақыт болды. Бельгия құрамасында дәл бүгінгідей жұлдызды құрам болмаған. Кевин де Брюйне, Эден Азар, Ромелу Лукаку, Дрис Мертенс, Тибо Куртуа сынды ойыншылардан құралған бұл команда ұзаққа шабуы тиіс. Бұл футболшылар ұлттық құрама сапында жоғары жетістікке жетіп көрмеген. Осының өзі оларды өзге «жұлдызды» құрамаларға қарағанда басымырақ етпек. Еуропа чемпионатына іріктеу кезінде Бельгия құрамасы 10 ойынның барлығында жеңіске жетті. Қарсыластар қақпасына 40 гол соғып, өздері 3 қана гол жіберді. Олардың топтағы қарсыластары өзара қырқысатын секілді. Плей-оффқа берілер жолдамаға талас Ресей, Дания, Финляндия құрамалары арасында өрбімек. Дания құрамасының тарихы да сенсациялардан тұрады. 1992 жылғы Еуропа чемпионатында дат футболшыларының жасаған ерлігі жаңкүйерлердің есінен шықпаған болар. Ұлттық құрамада ең көп ойын өткізген Петер Шмейхельдің ұлы Каспер Шмейхель қазір Дания қақпасын қорғайды.

«С» тобындағы жағдайды да алдын-ала болжау қиынға соғып тұр. Буын алмасу процесі жүріп жатқан Нидерланды құрамасының қазіргі ойыны квартеттегі өзге құрамалар Украина, Австриямен тең дәрежеде. Солтүстік Македония құрамасының футболшылары бұл үшеуіне «сендерден қай жеріміз кем?» деп отыр. Ойыны жүріп жатса, әсіресе Австрия құрамасы ұзаққа шабуы мүмкін. Оған ойыншыларының шеберлігі жетеді.

«D» тобында Англия мен Хорватияның екпіні ерен. Ағылшындар тіпті, осы турнирдің басты фавориттерінің қатарында. «Шахмат жейделі» құрамада қазір буын алмасу процесі жүріп жатыр. Осыдан 3 жыл бұрын хорваттар мундиальдің финалына дейін жетіп, жеңістің табалдырығынан қайтып еді ғой. Қазір ол Хорватия жоқ, жаңарған, жасарған Хорватия бар. Орталық шептегі көшбасшы Иван Ракитичтің жоқтығы осы турнирде білінетін болар. Хорваттарға бұл топта Англиядан басқа Чехия құрамасы қарсылық танытуы мүмкін. Шотландия құрамасының ойыншылары да фавориттерден ұпай тартып алу үшін барын салады.

«Е» тобында Испания құрамасына бұл жолы оңай болмайды. Луис Энрике шәкірттері өз ойындарын таба алмай әлек. Соңғы 10 жылда алғаш рет турнирдің басты фавориті қатарында Испания құрамасы айтылмады. Бұл топтағы өзге құрамалар – Польшаның, Швецияның, Словакияның 1/8 финалға өтіп кететін мүмкіндіктері зор. Поляктар мен шведтер бар мықтысын жиып келген. Әрине, атақты швед шабуылшысы Златан Ибрагимович жарақат алмағанда бұл топтағы қиқу одан әрі қызатын еді. Десе де, скандинавтар жеңісті оңай ұстата салатындардың қатарынан емес.

«F» тобын «өлім тобы» деп атайсыз ба, жоқ, «кіл мықтылар жиналған топ» деп әспеттейсіз бе, патша көңіліңіз білсін! Франция, Германия, Португалия құрамаларымен плей-оффқа берілер жолдаманы сарапқа салатын Венгрияны «жанынан безген команда» десеңіз де болады. Себебі, соңғы екі әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатының жеңімпаздарына қарсы тұру қазіргі Венгрия футболшыларының қолынан келетін шаруа емес.

Турнирдің басты фавориті ретінде көпшілік Франция құрамасын айтады. Иә, «үш жолақты елдің» өкілдері бұл додаға әлем чемпионы ретінде келіп отыр. Турнирдің басты фавориті саналуы да заңдылық. Оның үстіне бұл құрама ойыншылары Еуропаның үздік клубтарында доп тебеді. Франция құрамасының бұл чемпионатқа келмей қалған ойыншыларының өзінен бір құрама жасақтап, жарысқа қосып жіберсе, олардың да чемпион атануы бек мүмкін еді. Килиан Мбаппе, Антуан Гризман, Поль Погба, Нголо Канте, Усман Дембеле, Карим Бензема секілді сақа ойыншылар қай майданға салып жіберсеңіз де, абыройсыз қылмайды. Бұл топтағы Португалия құрамасын есептен шығарып қойғандар көп. Алайда, осы турнирдің күтпеген нәтижесін осы құрама тіркеуі мүмкін. 2016 жылы Португалия Еуропа чемпионы болады деп ешкім күткен жоқ еді ғой. Криштиану Роналду үшін бұл соңғы Еуропа чемпионаты. Криштианудың ізбасарлары да осал футболшылар қатарынан емес. Бруну Фернандеш, Рубен Диаш, Бернарду Силва, Жоау Феликс сынды футболшылары бар құраманы қалай фавориттер қатарына жатқызбайсыз?! Одан бөлек Ренату Санчеш, Жозе Фонте, Рафаэль Геррейро, Данилу секілді ойыншылар ТОП чемпионаттарда командасын өрге сүйреп жүргенін сіз көрмесеңіз де, біз көрдік.

2018 жылғы әлем чемпионатындағы ойындарына қарап, немістерді де қатардан шығарып тастағандар баршылық. Алайда, бундес-машина бұл турнирге жаңа құраммен келді. Оның үстіне құрама тізгінін 15 жыл ешкімге бермей ұстаған Йоахим Лев осы турнирден кейін орнын босататынын мәлімдеді. Тәжірибелі коуч үшін өзінің соңғы турнирінде жеңіске жету аса маңызды. Сондықтан ешқандай «жұлдызды» ойыншыларсыз-ақ Германия құрамасының бұл чемпионатты ұтып алуға қауқары жетеді. Қорғаныста, орталық шепте Лев бас қатыратын проблема жоқ. Хуммельс пен Мюллер ұзақ үзілістен кейін құрамаға қайта оралды. Бундес-бапкер орталық шабуылшы міндетін кімге тапсырамын деп уайым қылып жүр. «Әуе королі» атанған Мирослав Клозеден кейін Германияда дәл соның деңгейінде мықты шабуылшы өсіп шықпады. Лев бапкер Шюррле мен Гоместі амалдап жүр еді, олардың өзі шау тартты. Енді өткенде ғана «Челси» сапында УЕФА Чемпиондар лигасын жеңіп алған Тимо Вернер мен Кай Хавертцке сенім артатын шығар. Айтпақшы, өткен аптада ғана аяқталған жастар арасындағы Еуропа чемпионатында неміс футболшылары топ жарды. Жастардың жеңісі ересектердің жігеріне жігер қосуы тиіс. Немістер бұл додада өздерінің бағына да, бабына да сенімді.

 

 

Пікір қалдырыңыз