Қазақстан Президенті БҰҰ Бас хатшысымен келіссөз өткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев видеоконференция режимінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш­пен кездесу өткізді.

Келіссөз барысында Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен арадағы ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды. Пандемияға және климаттың өзгеруіне қарсы күреске, сондай-ақ, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің БҰҰ басшысы лауазымына екінші мерзімге ұсынған кандидатурасын Қазақстанның қолдайтынын нақтылады.

Тараптар Ауғанстандағы ахуалға байланысты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастырды. Мемлекет басшысы Ауғанстанға көрсетілетін көмекті жалғастыруға дайын екенін және сол елдегі тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған халықаралық іс-қимылдарға атсалысатынын айтты. Бұл ретте, БҰҰ Бас хатшысы аталған үдерісті ілгерілетудегі Орталық Азия мемлекеттерінің, соның ішінде Қазақстанның айрықша рөлін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысына коронавирусқа қарсы күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде, QazVac отандық вакцинасының әзірлемесі туралы мәлімет берді. Сондай-ақ, осы жылдың соңына дейін халықтың 55 пайызына екпе салу жоспарын жеткізді. Антониу Гутерриш коронавирус індетіне қарсы қазақстандық вакцинаның әзірлемесін және жаппай екпе салу науқанының табысты жүргізіліп жатқанын құптады.

БҰҰ Бас хатшысы теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына кіретін мемлекеттердің мүддесін қорғауға бағытталған Қазақстанның бастамасын құптады. Бұл, әсіресе, пандемия салдарынан туындаған дағдарыс кезінде өзекті болып отыр.

Қазақстан Президенті биылғы қараша айында Глазгода өтетін СОР26 дүниежүзілік климат конференциясына қатысуға ниетті екенін жеткізді. Аталған жиын барысында 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегінен ада ел болуға қол жеткізу жөніндегі жаңартылған ұлттық шаралары жарияланады.

Антониу Гутерриш Қазақстанның ядролық қаруға қарсы жаһандық мәселені ілгерілетудегі көшбасшылығын жоғары бағалады. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысын Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай тамыз айында елімізде өткізілетін халықаралық конференцияға шақырды.

Әңгімелесу соңында тараптар ортақ мүддені көздейтін ауқымды мәселелер бойынша жасалатын тығыз байланыстарды жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

 

 

Пікір қалдырыңыз