Түркістанның «жасыл аймағы» жайқалып кету үшін орасан зор күш-жігер керек

Аптап ыстық, аңызақ жел. Климаты құрғақ аймаққа жататын Түркістанда егілген көшеттердің өзге өңірлермен салыстырғанда жерсінуі өте қиын. Әлемдегі жасыл желектің жерсіну көрсеткіші 70 пайызды құраса, оның Түркістан аумағындағы деңгейі 50 пайыздан аспайды. Осылай деген ғалымдар көне қаладағы жасыл желектің көлемін арттыруды қос қолдап қолдауда. Киелі шаһарды жел эррозиясынан сақтап, экологиялық ахуалды тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру үшін қала айналасынан «жасыл аймақ» құрылған.

Жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарына айрықша назар аударылған. «Қаланың өкпесіне» айналатын 30 мың гектар аймаққа сан түрлі ағаш көшеттері отырғызылады. Әр ағаштың түбіне тамшылатып суару технологиясы жеткізілуде. Қала аумағында ұңғымалар қазылып, су арналары жүргізілуде. Бірнеше су қоймалары салынып жатыр. Жасыл желектің тамыр жайып, жерсінуі үшін тәжірибелі бағбандар тартылған. Қоршаған ортаны жақсарту үшін Түркістан облысының елді мекендерінде тұрақты негізде жасыл желектер отырғызу бойынша акциялар өткізіліп тұрады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында республика аумағында экологиялық жағдайды жақсарту үшін 2 млрд. түрлі ағаш көшеттерін отырғызу белгіленген.

Осыған сәйкес, облыс әкімдігі Қазақстан Республикасының Экология министрлігімен бірлесіп, кешенді жоспар қабылдады. Ол жоспар бойынша 5 жыл ішінде 110 210 гектар аумақты көгалдандыруға 170 млн. ағаш көшеттерін отырғызу бойынша тиісті жұмыстар атқарылады. Жұмысты сапалы және толық орындау үшін қосымша штат бірліктері мен техника сатып алынады. А.Н.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты басқармасының төрағасы Әлімжан Рахымжанов «Түркістанның «жасыл аймағы» Нұр-Сұлтан қаласының «жасыл аймағының» аналогы ретінде құрылуда.

Бүгінгі таңда мұндағы елді мекендер де көгалдандырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «жасыл аймақ» құрылған. Тек климаттың қолайсыздығы кедергі. Жазда ауаның температурасы 35 градустан асады. Ылғалдылық өте төмен. Жауын-шашын өте аз. Мұнда орасан зор көлемде жұмыстар атқарылуда. Питомниктер құрылуда. Түркістан маңында 30 мың гектар алқапта «жасыл аймақ» құрылады. Мұнда ыстыққа төзімді ағаш түрлері отырғызылады» деді журналистермен жүздескенде.

Қазақ орман шаруашылығы және агроорман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ормандарды молайту және орман өсіру бөлімінің бастығы Светлана Кабанова ғалымдарға «жасыл аймақ» құруда өз тәжірибесімен бөлісті.

«Қалалардың айналасында «жасыл аймақтар» құру – өте маңызды іс-шара. Біз Қазақстан қалаларының айналасында «жасыл аймақ» құру және сақтау жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар бере аламыз. Түркістанның айналасында атқарылатын жұмыстар, бұл – титаникалық еңбек, қажырлы жұмыс. Себебі дәл мынадай климаттық жағдайда «жасыл аймақты» құру өте қиын. Ауа температурасы өте жоғары. Бұл жайттар алға қойған мақсатымызға кері әсерін тигізері сөзсіз. Көгалдандыру жұмыстарында барлық қажетті нормалар сақталған. Сондықтан бұл үлкен еңбек өз жемісін беруде» деді Кабанова.

 

 

Пікір қалдырыңыз