Табиғатқа қиянат жасауға болмайды

Жер қойнауын заңсыз пайдаланушылармен күрес – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жеке бақылауында. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың басқаруымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Енді Түркістан облысы әкімдігінің «Ситуациялық орталығы» облыс аумағындағы барлық өзен арналарына ғарыш мониторингі арқылы бақылау жүргізеді. Әшкереленген заңсыз әрекеттердің дәлелдері жинақталады. Мобильді топтар өңірдегі өзен арналарындағы құм мен қиыршық тас қоспасын заңсыз қазғандарға қарсы күрес ашты. Заңсыз жүк тиеген көліктердің жолы жабылып, оларға қылмыстық іс қозғалады.

Түркістан облысы аумағында жер қойнауын заңсыз пайдалану мен қоршаған ортаға аса ірі көлемде залал келтіріп жатқан қылмыстық топтардың әрекетін әшкерелеу мәселесі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жалпы 110 келісімшарт және 38 лицензия берілген. Ендігі жерде лицензия беруге мораторий жарияланды.

«Жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілері көбейіп кетті. Әсіресе, өзендердің бойындағы тас, құм қазғандардың жолын кесіп, қызметіне тосқауыл қою керек. Бұл мәселені аудандарда өткен кездесу кезінде ауыл ақсақалдары көтеріп, алаңдаушылық білдірген болатын. Табиғатқа қиянат жасауға болмайды. Бүгінде өзен арнасын таба алмай қалдық. Тәртіп орнатпай, тынбаймын» деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Құм, тас карьерінің кесірінен өзендер сарқылып, ауылдар сусыз қалып, көпірлер мен жолдар жарамсыз күйге түсуде. Жер қыртысы бүлініп, таудағы бұлақтар тартылып жатыр. Кең таралған пайдалы қазбалардан шағалтас, кұм, топырақ, гипс, ас тұзы, әк-тас секілді өмірге қажетті қымбат заттар өндіріледі. Құрылыс нысандарының шоғырланған аумағы мен пайдалы қазбалар қорларының орналасқан орнын ескере отырып, рұқсат құжаттары негізінен Кентау қаласы және Сайрам, Ордабасы аудандары аумақтарына ресімделген. Заңсыз қызметке тосқауыл қою жолдары талқыланған жиында облыс әкімі құзырлы орган басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Құзырлы органдар тас қазатын жерлерді жауып, рұқсат құжаттардың күшін жоюға күш салады. Осы уақытқа дейін экологтар заң бұзғандарға айыппұл салумен шектелетін. Отырыста облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Серік Әбдиев жер қойнауын пайдалануды жоюдың бір жолы ретінде қылмысы қайталанғандардың мүлкін заңды түрде тәркілеуді ұсынды. Биылдың өзінде 8 қылмыстық құрамы бар жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілері анықталып, 1,827 млрд.теңге көлемінде келтірілген залал сотпен мәжбүрлеп өндірілуде.

 

 

Пікір қалдырыңыз