Гүлжан Құрманбекова: «Тың идеялардың тынысы ашылуда»

Биыл сәуір айында Президент Әкімшілігінің келісімімен, Арыс қалалық мәслихаты депутаттарының қолдауымен, Түркістан облысы әкімінің өкімімен Арыс қаласының әкімі болып Гүлжан Құрманбекова тағайындалды.

1987 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген Гүлжан Мамытқызы еңбек жолын Қызылқұм ауданындағы Шәуілдір жолаушылар автокөлігі мекемесінің кассирі болып бастаған.

1987-1992 жылдары Қызылқұм аудандық (қазіргі Отырар ауданы) қаржы бөлімі кіріс есебінің инспекторы, тексеруші–инспекторы, аға экономисі қызметтерін атқарған. Одан кейінгі жылдары Шымкент қалалық қаржы бөлімінің аға тексеруші-инспекторы, бас экономист, бас маман-бас экономист,

ОҚО білім департаментінің бас маманы, Шымкент қалалық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 2007 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы Шымкент қалалық экономика және қаржы бөлімін басқарып, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Г.Құрманбекова бюджет, қаржы, әлеуметтік салаларды жетік меңгерген. 2020 жылдан бастап Гүлжан Мамытқызы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің экономика, қаржы мәселелері бойынша кеңесшісі болды. Арыс қаласында шағын және орта бизнесті жандандырып, ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін облыс әкімі Гүлжан Мамытқызының тәжірибесіне үлкен сенім артты. Әкіммен сұхбатымыз Арыс қаласының бүгінгі тыныс-тіршілігіне арналды.

– Гүлжан Мамытқызы, бүгінде Арыс қаласының екінші тынысы ашылып, көркейіп, гүлденуде. Біршама салаларда ілгерілеушілік байқалады. Жалпы, адамдардың тұрмысын жақсарту мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Арыс – терең тарихы бар қала. Археологтар мұнда адамдардың VII-VIII ғасырларда-ақ мекендей бастағанын жазады. Содан бері Арыс басынан қанша тарихты өткізді, мың өліп, мың тірілді. Бірақ, қанша қиыншылық көрсе де, арыстықтар жайлы тұрмыс іздеп басқа жаққа үдере көшпепті. Тұрғындар, негізінен еңбекқор, барға қанағат ететін, тек алға ұмтылатын, басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын дейтін иманды халық.

Өз міндетіме кіріскеннен кейін қала бюджетінің кіріс бөлігін көбейту мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізілді. Кіріс көздері анықталып, қосымша резервтерді пайдалана отырып, шаралар қабылдануда. Бұл қала тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстарды қарқынды жүргізуге мүмкіндік береді.

Биыл Жеңіс күні мерекесі қарсаңында қала тұрғындарына 3 көпқабатты 36 пәтерлі 108 пәтер табысталды. Сондай-ақ, 5 қабатты 60 пәтерлі 4 көпқабатты үй салынуда.

2021 жылдың алғашқы төрт айында өнеркәсіп кәсіпорындарында 1 млрд. 659 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Қала бойынша жалпы 3534 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Мұнан бөлек жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында 2 млрд. 972 млн. теңгенің өнімі өндірілген.

Ауыл шаруашылығы жерлерін игеру, қала және ауылдық округ тұрғындарын жұмыспен қамти отырып, табиғи таза өнім өсіру жұмыстары қолға алынды. Бұл мақсатта 8000 гектарға жуық жер инвесторларға берілді.

Байқап отырғаныңыздай, аталған жобалар негізінен инвесторлар қаражатымен іске асырылатын болады. Басым бағыттардың бірі жаңа жұмыс орындарын ашу болып табылады.

Әкім болып тағайындалған соң, ең бірінші кезекте арыстық ардагерлермен кездестім. Сонда ардагерлер жиылып бас қосатын арнайы орын бөлу туралы өтініш айтты. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында бұрынғы «Қазақстан» салтанат сарайын қайтадан жасақтап, «Ардагерлер орталығына» айналдырдық.

– Жұмыспен қамту, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау және оңалту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Қаладағы проблемалармен танысу мақсатында қала мен елді мекендерді аралап шықтым. Оларда қандай зәрулік бар екені анықталған соң, мүмкіндігінше тиісті шараларды қолға алудамын.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1135 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты.

«Бастау-бизнес» жобасы аясында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен 105 адамға кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолдама берілді. Кәсіпкерлікті ынталандыру, яғни жеке бизнесін ашу мен кеңейту мақсатында 6 пайыздық жеңілдетілген несие 7 жылға дейінгі мерзімге берілетін болады. Бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 70 адамның бизнес-идеялары мақұлданып, сәуір айында жоспарланған 30 адамға 17 млн. 502 мың теңге төленді. Жалпы ағымдағы жылға 40 млн. 838 мың теңге мемлекеттік грант қаражаты қаралған.

Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша 16 жұмыс берушімен келісімшарттар түзіліп, жұмыссыз 55 адам жұмысқа жіберілді. Жастар практикасы бойынша жұмыссыз жүрген 145 жас маман 68 мекемеде 6 айға уақытша жұмыспен қамтылды.

Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар туралы мәліметтермен танысқан соң бұл іске қайырымдылық жобаларын сәтті іске асырып жүрген «Ізгілік» қорының азаматтарын тарттық. Алғашында қалада 72 отбасы мұқтаж отбасылардың тізіміне алынса, «Ізгілік» қайырымдылық қорының зерделеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы саны 20-ға кеміді. Мұқтаж отбасыларды қиын жағдайдан шығару мақсатында игілікті шаралар қолға алынуда. Жұмыс басталғанына аз уақыт болса да әкімдікке қарасты бөлімдер ауылдық округтермен бірлесе отырып біршама жұмыстар атқарды. Жақын күндерде үлкен қуанышпен бөлісетін боламыз.

Сондай-ақ, қалада 141 зағип жан тіркеуге алынған. Тиісті азаматтарға жағдай жасау, арнайы орталық құру мақсатында игілікті шаралар қолға алынды.

– Елді «көгілдір отын», электр энергиясы, таза ауыз су және сапалы жолмен қамтамасыз ету мәселелері қалай шешілуде?

– Арыс қаласы бойынша 32 елді мекен бар, оның ішінде Арыс қаласы мен 24 елді мекенді табиғи газбен қамту жоспарланған, ал, қалған 8 елді мекен шалғайда орналасқан. Қызылкөпір елді мекені 2019 жылы табиғи газға қосылған. Арыс қаласы мен Онтам, Сырдария елді мекендерін газбен қамтамасыз ету үш кезеңге бөлініп, қазіргі таңда 2-3 кезең нысанның құрылысы аяқталған. Аққала, Жиделі, Байырқұм, Көкжиде елді мекендеріне табиғи газ жүйелерінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Сондай-ақ, қалған 17 елді мекенді газдандыру бойынша жобалау және зерттеу жұмыстарының cметалық құжаттамалары, сәулет-жоспарлау тапсырмалары әзірленіп, тиісті қаржы қарауға бюджетке өтінім берілді.

Арыс қаласында 30 елді мекен орталықтандырылған электр желісіне қосылған, ал, 3 елді мекен (Ақын Жақып, Тоғайлы, Тақыркөл) дербес электр қондырғыларымен қамтамасыз етілген. «Тараз» тұрғын ауданын электрмен жабдықтау желілері құрылысының жобасы дайындалып, сараптама қорытындысы алынды.

Ал, Жиделі ауылдық округіне қарасты Аққала және Байырқұм ауылдық округіндегі Көкжиде елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, ауыз су құбырының құрылысы пайдалануға берілді. Нәтижесінде, қала тұрғындарының 99,1 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Орманды елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары биыл жүргізілмек.

Мұнан бөлек, республикалық «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Байырқұм, Көкжиде елді мекендеріндегі 11 көшенің орташа жөндеу және жарықтандыру жұмыстарына 306 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу үдерістері жүргізілуде.

Арыс қаласы аумағында автомобиль жолдары саласының дамуын арттыру мақсатында 2021 жылы жергілікті бюджеттен 165 млн. 655,5 мың теңгеге 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

– Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Арыс қаласының құрылғанына – 65 жыл. Осы айтулы мерекелерді лайықты қарсы алу үшін қандай жұмыстар қолға алынды?

– Сәулеттендіру жөнінде қалалық жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының алғашқы отырысында 20-дан астам жоба мақұлданды. Енді соларды іске асыруға тиіспіз.

Қаламыздың кіреберістеріне төлқұжаттары мен аркалар орнатылып, шағын-аудандарда сквер, саябақ, спорт және балалар ойын алаңшалары салынады, бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың серуендеп демалуына барынша қолайлы жағдайлар жасалады.

Қала күніне орай қала тұрғындарының өміріне жаңалық енгізетін, қаланың келбетін ашатын бірнеше нысанды ел игілігіне ұсыну жоспарымызда бар. Атап айтқанда, тұрғын үй мәселесін шешу үшін көпқабатты 4 үйдің құрылыс жұмыстары бастау алмақ, қала және ауылдық округтерде 10 ойын және спорт алаңшаларын пайдалануға бермекпіз. «Теміржолшылар саябағын» қайта жаңғыртып, қала күніне орай пайдалануға береміз.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін көп-көп рахмет! Ісіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз