Жігіттер неден сүрінді?

Ерболат АЙНАБЕКОВ. «Ońtústik Qazaqstan».

Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Дубайда бокстан Азия чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстандық жанкүйерлер тағатсыздана күткен финалдық бәсекелер «құрлық чемпионаты осы жолы әділ өтетін шығар» деген үмітті ақтамады. Ақтық сынға шыққан 5 боксшымыз да жеңіліс тауып, күміс жүлдені қанағат тұтты. Соңғы рет біздің боксшыларымыз Азия чемпионатынан 2002 жылы алтынсыз қайтқан екен. Малайзияның Серебман қаласында осыдан 19 жыл бұрын өткен «сары құрлық» додасында біздің құрама Бақтияр Артаевтың күміс, Самал Бейсенов, Андрей Пермяков пен Мақсат Бақтыбазаровтың қола жүлдесін қанағат тұтқан екен. Тіпті, жүлде біткеннің бәрін ринг қожайындары жеңіп алған Өзбек­стандағы Азия чемпионатында біздің құрама бір алтын жүлдеге қол жеткізген-ді. 10 салмақтың 9-ында оңтүстіктегі көршілеріміз топ жарған. Өзге ел спортшылары арасында біздің Левит қана алтыннан алқа таққан еді.

Сол Левитіміз осы жолы да Дубайға өзінің төртінші чемпиондық атағын алу үшін барған. Финалға дейін қарсыластарының бәрін еркін ұтқан отандасымыз ақтық сында үндістандық Санжитке жол берді. Санжит енді көрген қарсыласы емес қой. Бұрын да бірнеше рет кездесіп, барлық жекпе-жекте Левиттің мерейі үстем болған. Алайда, төрешілер бұл жолы Санжиттің қолын көтерді.

Чемпионаттың алғашқы кезеңінде-ақ Махмуд Сабырхан жарыс жолынан шығып қалды. Өзге салмаққа ауысқан Махмуд үндістандық қарсыласқа тап болып, айласын асыра алмады. Одан кейін Серік Теміржанов та, әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов те ирандық қарсыластарының осал тұсын таба алмады. 64 келідегі Закир Сафиуллиннің де жолына аса үмітпен қарамағанбыз. Жалпы, бұл чемпионатқа кілең жастарды апарса да, ұлттық құрама бапкерлеріне түсіністікпен қараған болар едік. Әрі Олимпиадаға баратын боксшыларымыз тынығады, әрі болашақта солардың орнын басатын жас боксшылардың томағасы сыпырылар еді.

Жартылай финалда жалғыз Сәкен Бибосынов сүрінді. Ол да үндістандық Амит Мангалдан әрі аса алмай, қола жүлдені қанағат тұтты. Ал, 18 жасар Даниял Сәбиттің ерлігіне сүйсінгеніміз рас. Финалда жеңілген боксшыларымыздың ішінде осы 49 келіде өнер көрсеткен балғын боксшының нәтижесі ғана қол соғуға тұрарлық.

Даниял жеңілген соң бар үмітті 69 келідегі Абылайханға артқанбыз. Алайда, бірінші раундта Абылайханның қабағы жарылып кетті. Төрешілер келісе келе жекпе-жекті тоқтатып, жеңісті өзбек боксшысына бере салды. Бұл шешіммен біз де, Абылайхан да келісе алмады. Марапаттау рәсімі кезінде Абылайхан медалін мойнына тақпастан, тұғырды тастап, залдан шығып кетті.

75 келідегі Әбілхан Аманқұлдың да жеңілісі күмәнді көрінді. Өзбекстандық боксшы Саиджамшид Джафаров бір рет нокдаун алып, рефери есеп ашқан. Алайда, кездесу соңында төрешілер бәрібір Джафаровтың қолын көтерді.

91 келіден жоғары салмақта Қамшыбек Қоңқабаев пен Баходир Жалоловтың жекпе-жегін асыға күткенбіз. Финалдық сыннан бір күн бұрын ғана Қамшыбек ұлының дүниеге келгенін жария етіп, көпшіліктен сүйінші сұраған. Бұл қуаныш Қамшыбекке қамшы салар деп ойлағанбыз. Алайда, шеберліктің аты шеберлік қой, Жалолов өзінің Қоңқабаевтан мықтылығын төртінші рет дәлелдеді.

Енді екі айдан соң Токио Олимпиадасы басталады. Осы Азия чемпионатындағы ащы жеңіліс бапкерлер құрамына да, боксшыларға да сабақ болса дейміз.

 

 

Пікір қалдырыңыз