Мәскеуді мойындатқан ғалым қазақ

Биыл – қазақ тіл ғылымының көрнекті өкілі, түрколог-ғалым Кеңесбай Мұсаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған ғалым-ұстаз түркі жұртына ортақ қаншама мұраларды ғылыми айналымға түсірді. Маңызды зерттеулерінің арқасында әлем түркітанушылары арасында ең білгір мамандар санатына енді. Ғалым еңбектеріне Ресей, Түркия, Англия, Венгрия, Қазақстан және Өзбекстан ғалымдары оң баға беріп, еңбектері АҚШ, Еуропа және Азия мемлекеттерінің кітапханаларынан орын алды. Бұл – қазақ ғалымы еңбегінің қаншалықты маңызды болғанын айқындайтын айшықты фактор.

Кеңесбай Мұсаұлы 1931 жылы 24 наурызда Түркістан облысы, Созақ ауданы, Қаратау ауылында дүниеге келді. Әкесі Мұса Шойтанов, анасы Әшен Биеділова колхозда еңбек еткен қарапайым жандар болатын. Бала Кеңесбай 1944 жылы сол ауылдың жетіжылдық мектебінің алтыншы сыныбын бітіргеннен кейін Түркістандағы педучилищеге түсіп, оны 1947 жылы үздік бітіріп шығады. Сол жылы облыстық халыққа білім беру бөлімінің жолдамасымен Мәскеуге жіберіледі. 17 жасқа толмағандықтан, Кеңесбайды Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультеті оқуға қабылдамай қояды. Алматыға оралғаннан кейін Кеңесбай бұл ойын өзгертіп, сол жылы әл-Фараби (ол кезде Киров) атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға қабылданады. Оны 1952 жылы бітіріп, жолдамамен Мәскеудегі КСРО Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасына түседі.

1956 жылы аспирантураны бітіргеннен кейін бірден сол институттың түркі халықтары бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. 1957 жылы 26 жастағы Кеңесбай Мұсаұлы «Қазіргі қазақ тіліндегі етістікті есімдердің құрылысы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды. Араға 11 жыл салып, 1968 жылы «Қарайым тілінің құрылымы» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығады. 1989 жылдан бастап Ресей Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының Орал-Алтай тілдері бөлімінде бас ғылыми қызметкер болды. Сол жылдардан бастап Кеңесбай Мұсаұлы түркітану, социолингвистика, терминология, фольклор, аударма және жазудың әртүрлі мәселелеріне қатысты 300-ден астам ғылыми еңбектерін жарыққа шығарды. Оның жетекшілігімен КСРО халықтарының жазуы мен терминологиясы, этимология және лексикологияға қатысты ұжымдық еңбектер жазылды. 1958-1994 жылдар аралығында Кеңесбай Мұсаұлы М.Горький атындағы Әдебиет институтының көркем аударма кафедрасында қазақ, қырғыз, түркімен, татар, қарақалпақ, алтай және хакас тілдерін оқытты. 1972 жылы сол кафедраның профессоры атағын алды. 1988 жылы Түркияның Türk Dil Kurumu қоғамының корреспондент-мүшесі, 2000 жылы оның құрметті мүшесі болып сайланды. 1989 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі болды. 1991 жылы Кеңесбай Мұсаұлына «Қырғызстанның білім беру ісінің үздігі» атағы берілді. 1997 жылы М.Горький атындағы Әдебиет институтының профессоры атағын алды. Сол жылдан бастап Мәскеу мемлекеттік университетінің Азия және Африка елдері институтының да профессоры атанды. Көптеген жылдар бойы КСРО Жоғары аттестациялық комиссиясының сарапшы кеңесі мен докторлық диссертация қорғайтын арнайы кеңестің мүшесі болып қызмет атқарды. Көзі тірісінде профессор К.Мұсаұлы өз жетекшілігімен 7 докторлық, 25 кандидаттық, 2 магистрлік диссертация қорғатты. Оның шәкірттері бүгінде Башқұртстан, Кабардин-Балқар, Калмыкия, Хакасия, Моңғолия және басқа да ТМД (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Түркіменстан) елдерінде қызмет етіп жүр. 50-ден астам докторлық, кандидаттық және магистрлік диссертация қорғаушылардың ресми оппоненті болды.

Кеңесбай Мұсаұлы студенттік жылдардан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде өз курсының комсоргы болған. Алматы қалалық, комсомол комитетінің нұсқаушысы қызметін де атқарды. Мәскеудегі Тіл білімі институтында жүргенде кәсіподақ ұйымының төрағасы, партия ұйымының хатшысы, Мәскеудің әртүрлі қоғамдық ұйымдарының мүшесі болды. 1987 жылдан бастап КСРО Ғылым Академиясының түркология комитеті төрағасының орынбасары, 1992 жылдан бастап Ресей Ғылым Академиясының ұлттық түркологтар комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Ресей мәдениеті қорының жанындағы халықтар мәдениетін сақтау және дамыту кеңесінің мүшесі болды.

Совет Одағы тарағанға дейін «Советтік түркология» («Советская тюркология») журналы бас редакторының орынбасары болды. 2002 жылдан бастап «Түркология» журналының, «Қарайым халық энциклопедиясының» редколлегия мүшесі қатарында жүрді.

Кеңесбай Мұсаұлы 1989 жылы Қазақстанда республикалық «Қазақ тілі» қоғамын құру жөнінде бастама көтергендердің бірі. Ол осы қоғамның бағдарламалық құжаттарын әзірлеу комиссиясының жетекшісі әрі құрылтай съезінің ұйымдастыру комитетінің мүшесі. 1990 жылы Мәскеуде «Қазақ тілі» қоғамын құруға белсене атсалысты. Сол қоғамның алғашқы төрағасы болып, өзі сайланды. Совет (Кеңесбай Мұсаұлы «совет» сөзін «кеңес» деп аударуға қарсы болатын) Одағы құлағаннан кейін 1992 жылы Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қос құрылтайшысы болды. Мұндай ақпаратты біреу білсе, біреу білмес. Алайда, Кеңесбай Мұсаұлы Мәскеуде отырып осындай батыл қадамдар жасады. Мұның көзі тірі куәлері әлі де арамызда бар.

1997 жылы профессор Кеңесбай Мұсаұлы өзі құрылуына тікелей қатысқан Мәскеу Қазақ ұлттық мәдени автономиясы кеңесінің төрағасы болып сайланды. Мәскеу қазақтары қоғамының жетекшісі ретінде қоғамдық өмірге белсене араласқан ол сырт елде жүрген қандастарымыздың басын қосып, салт-дәстүрін дәріптеуге барынша күш салды. Олардың өз ана тілін ұмытып қалмай, үйренуіне жағдай жасады. Мәскеу қалалық үкіметі жанындағы ұлттық саясат және ұлттар арасындағы қарым-қатынас жөніндегі консультативтік орган – Мәскеу Ұлтаралық кеңесінің мүшесі Кеңесбай Мұсаұлы Мәскеудегі басқа да этностардың ұлттық мәдени автономиясын құруға мүмкіндік беретін құрылтайшылық және жарғылық құжаттарды әзірлейтін келелі кеңеске бір кісідей ат салысты. Мәскеудегі этникалық топ өкілдерінің азаматтық құқығын қамтамасыз етуге және қорғауға арналған түрлі жиындарға қатысып, пікірін ашық білдіретін. Өзге түркітілдес ұлттар мен этностардың ұлттық мәдениетін сақтауға және дамытуға барын салды. Кеңесбай Мұсаұлының қоғамдық белсенділігі Ресейдегі қазақ қоғамының арасында ғана емес, Ресей және Мәскеу айналасындағы қоғамдық және әкімшілік ортада да жарқырай көрініп, оның беделі арта түсті. Совет Одағы елдерінен бөлек, шетелдердегі әртүрлі халықаралық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. Әлемнің бірнеше елдерінде болып, Германия, Венгрия, Үндістан, Финляндия, Түркия, Испания, АҚШ, Норвегия, Моңғолия, Чехия университеттерінде түркология мәселелері бойынша дәріс оқыды.

1954 жылы КСРО Ғылым Академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасында оқып жүрген 23 жастағы Кеңесбай Мұсаұлы 17 жастағы студент Наталья Моиссевнамен бас қосады. Өмірлік жарымен бірге Ержігіт және Ержан есімді қос ұл сүйіп, тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Ержігіт эколог-ғалым болды. Алайда, жасындай жарқ еткен Ержігіттің ғұмыры ұзақ болмады. 1996 жылы 41 жасында өмірден озды. Тосыннан келген ұлының қазасы Кеңесбай Мұсаұлының қабырғасын қайыстырып кетті. Қос бірдей немересі барына шүкіршілік етті. Кіші ұлы Ержан да Ресей астанасында қызмет істейді. Мәскеуде тұратын бір немересі Евгения Ержігітқызы ата жолын қуып, түркология мәселесімен айналысты. 2020 жылы 26 мамыр күні академик Кеңесбай Мұсаұлы 89 жасында дүниеден озды. Артында өшпес мұра қалдырды.

Сыртта жүрсе де қазақ тілі мен мәдениетіне осынша еңбек сіңірген Кеңесбай Мұсаұлы көзі тірісінде өзі елінен марапат күтпеді. Тек 2006 жылы Жансейіт Түймебаев Ресейдегі Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі болып тұрғанда Кеңесбай Мұсаұлы «Парасат» орденімен марапатталды.

Ресей мен Қазақстанда ғана емес, есімі бүкіл түркі әлеміне мәшһүр болған академик Кеңесбай Мұсаұлының еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі ету ләзім. Түркістан, Созақ өңірлеріндегі көшелерге және өзі дүниеге келіп, білім алған Қаратау, Саржаз ауылдарындағы мектептердің біріне академиктің есімі берілсе, ол бірінші кезекте тіл білімі ғылымына көрсетілген құрмет, жас ұрпақтың бойына сіңірген өнегеміз болып шығар еді.

Жылбек КЕРІМБЕК, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

 

Пікір қалдырыңыз