Жеңіс туы – Түркістанда!

ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылға арналған жоспар-кестесіне сәйкес «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының Түркістан филиалында «Мәңгілік ел ұландары» әскери-патриоттық клубтарының форумы аясында «Рақымжан – жеңіс сарбазы!» атты эстафета өтті.

Эстафета Рейхстагқа Жеңіс Туын алғашқы болып тіккен қазақтың батыр ұлы, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігіне құрмет көрсету, есімін ардақтау, жастардың бойына отансүйгіштік сезімді дарыту, патриотизмге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңес жауынгерлері жасаған ерлікті мәңгі есте қалдыру мақсатында Ресей Федерациясының президенті В.В.Путин 2007 жылы 7 мамырда Жеңіс Туы мәртебесін сақтау мақсатында арнайы құжатқа қол қойған болатын.

2011 жылы Жеңіс Туының көшірмесі «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жеткізілген еді.

Шараға әскери-патриоттық клубтар мен бірлестіктердің мүшелері, кадет сыныптарының, әскери мектеп-интернаттардың және «Жас Ұлан» республикалық мектептерінің оқушылары, Ұлы Отан соғысының ардагері Рысмет Жұмағұлов, ауған соғысының ардагері Әділхан Нұрсейітов, «Батыр шапағаты» төсбелгісінің иегері, «European Quality» халықаралық конкурсының жүлдегері, «Қазақстандық жас патриоттар академиясының» негізін қалаушы Мұхитдин Төлепбай, Түркістан облыстық білім басқармасының білім саласы ардагерлері кеңесінің және салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нышан Байғұтов, білім саласының ардагері Төребек Олжатай, Төлеби аудандық мәслихатының хатшысы Нұрлан Қойбағаров, №6506 әскери бөлімшесінің оркестрі, Төлеби аудандық шекара басқармасы, Щучье қаласындағы «Балдәурен» РОСО, Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» РОСО, «Балдәурен – Балқаш» РОСО, «Балдәурен» РОСО филиалдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында жас ұландар Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың өмір жолына үңіліп, ерлігін еске алды.

Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа тіккен Жеңіс Туының көшірмесі «Балдәурен – Қапшағай» республикалық оқу-сауықтыру орталығына салтанатты түрде табысталды.

Салтанат ҚАНАЕВА, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы Түркістан филиалы әдістемелік бөлімінің әдіскері.

 

 

Пікір қалдырыңыз