Амалбек Өміртай: “Үлкен жауапкершілікті әркез сезінемін!“

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жастарға арналған көптеген бағдарламалар жүргізіліп, мол мүмкіндіктер туындауда.

Қоғамның негізгі күші де, елдің ертеңі де - жастар. Сондықтан еліміздегі жастар саясаты, өскелең ұрпақтың тыныс-тіршілігі күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе, соңғы жылдары мемлекет тарапынан жастарға арналған көптеген бағдарламалар жүргізіліп, мол мүмкіндіктер туындауда. Осы орайда өңіріміздегі жастар саясатының жай-жапсарын білу үшін облыстық "Жастар ресурстық орталығының" директоры Амалбек Дәркенұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.


  • - Соңғы жылдары еліміздің жастар саясатында қандай өзгерістер байқалады?

 

  • - Иә. Әсіресе, жастардың саясатқа келуі, NEET жастармен жұмыс барысында ілгерілеу айқын байқалады. Жастар саясатында қызмет жасау – үлкен өмірмектебі десек артық емес. Себебі Жастар орталықтарында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған қызметкерлеріміз мемлекеттік қызметте, басқа да салалар да өз қабілеттерін, жаңашылдығын көрсетіп, түрлі лауазымдық қызметтерде нәтижелі еңбек етуде. Соңғы жылдары еліміздің жастар саясатында оңтайлы өзгерістер көп. Атап айтар болсақ, Жастар ғылыми зерттеу орталығымен бірлесе отырып өңірлердегі жастармен жұмыс жасайтын мамандарды оқыту, біліктілігін артыру жұмыстары жолға қойылған. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми ақпаратына сәйкес, Түркістан облысында NEET санатындағы жастардың үлесі 2018 жылда 13,3% 62 915 жасты құраса, 2019 жылда 10,7%-ті құрап 48 904 жасқа тең болды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша аталған көрсеткіш 8,0%-ті көрсетіп 37 255 жас NEET санатындағы жастар қатарына еніп отыр. Салыстырмалы түрде соңғы екі жылда NEET санатты жастардың үлесі 5,3% төмендеп отыр. Бұл құбылыс өңіріміздегі мемлекеттік жастар саясатының қарқынды жұмысы және саналы өмір сүрудің ұғымын түсіндіру, мәдени-патриоттық, спорттық, шығармашылық іс-шаралар мен түрлі бағыттағы жүзеге асқан жобалардың  нәтижесі екендігін атап өту қажет.  

 

  • - Өңіріміздегі жұмыссыз сондай қоғамнан оқшауланған жастармен нақты қандай жұмыстар атқарылды?

 

  • - 2020 жылы жастар арасында келеңсіз жағдайлар мен қалыпты емес психологиялық дағдарысты алдын алу мақсатында бір қатар жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, «Ұлттық тәрбие және отбасы құндылықтары», «Салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі бағыттары» тақырыптары аясында жастар мен жас отбасыларға онлайн кеңес, психо-профилактикалық, дөнгелек үстелдер, психо-ағарту жұмыстары мыңдаған жастар мен жас отбасылар қамтыды. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты, сақтық шараларды сақтай отырып, «Көркем ниетті қоғам – өркениетті ел» жобасы аудан, қалаларда келеңсіз жағдайлармен жат қылықтардан зардап шеккен жастарға психологиялық көмек көрсету және алдын алу мақсатында көшпелі семинар-тренинг жүргізді. Сондай-ақ, зиянды әрекеттер және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында  онлайн сауалнамаларға 30 мыңнан астам респондент қатысты. Осы ретте психологиялық дағдарысқа түскен 254 жасқа жекелеген және 847 жасқа онлайн кісіби психологтардың қабылдаулары жүзеге асты. «Бақытты отбасы» жобасы аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында облыс көлемінде 115 іс-шара ұйымдастырылып, он мыңға жуық жас отбасылар қамтылды. «Izgilikti qogam» жобасы аясында аудан, қалаларда жастар арасында өзекті мәселелерді алдын алу мақсатында аудан, қалаларда семинар-тренингтер жүргізіліп 3200 жастар мен жасөспірімдер өмірге құштарлықты арттыру курстарынан өтті.  


  • - Қазіргі жастардың психологиялық ахуалы мен жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық оқиғаларының жағдайы туралы не айтар едіңіз?

 

  • - ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми сайтының статистикалық мәліметіне сәйкес, 2021 жылғы 4 ай қорытындысы бойынша облыс аумағында 14-29 жастағы азаматтар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға, яғни 186 оқиғаға төмендеген. Сонымен қатар 2021 жылғы 4 ай қорытындысы бойынша облыс аумағында 0-18 жас аралығындағы жастар арасында қылмыс пен құқықбұзушылық 2 есе төмендеген. Бұл  дегеніміз, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған шаралардың өз нәтижесін жоғары деңгейде беріп жатыр деген сөз. Алдағы уақытта жастар мен жас отбасыларға «Ыстық ұя», «Turkistan psychology», жобасы аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға психологиялық көмек көрсету және жастар арасында өзекті мәселелерді алдын алу бойынша жобалар жоспарланған.

 

  • - Нарықтық заманда жастардың бизнеске, жаңа жобаларға деген қызығушылықтары жоғары. Осы мақсатта орталық қандай жұмыстар атқарды, жастарға қандай мүмкіндіктер бере аласыздар?

 

  • - Жастар - еліміздің негізгі дамушы күші, осы себептен мемлекетіміз жастар үшін көптеген мүмкіндіктер берілуде. Атап айтар болсақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2021 жылы 69 778 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған және олардың 30% жастар. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2021 жылдың І тоқсанына облысымыздағы жұмыссыздық деңгейі 5,3% құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық 3,8% пайызды құрап отыр. Сондай-ақ біздің орталықпен ағымдағы жылы «TURKISTAN STARTUP WEEKEND» үздік инновациялық жобалар байқауы бастау алды. Жүлде қоры 5 млн тенгеден асатын жоба инновациялық стартап жобалармен айналысып жүрген жастар үшін үлкен мүмкіндік.  Сонымен қатар «Zhas Turkistan»  әлеуметтік жобалар байқауы өңір жастарының бастамаларын қолдауға бағытталған тың жоба.

 

  • - «Волонтерлар жылында» жақсы жағынан көзге түстіңіздер, нәтижелі жұмыстарға тоқталсаңыз? Қазір қалай жалғасып жатыр?

 

  • - Өткен жылы Жастар орталығы жанынан аймақтық еріктілердің фронт-кеңсесі ашылды. «Asyl mura» жалпыұлттық жобасы аясында Түркістан облысындағы тарихи-мәдени орындар мен қорықтарда, сондай-ақ «Берел» қорымында тарихи орындарды қалпына келтіру бойынша еріктілер қзғалыстары жүзеге асты. Аталған жобаға қатысқан волонтерлардың саны 251-ге жетті. Бұл салалық маманданған еріктілік бойынша республикамызда ең жоғарғы көрсеткіш, ең белсенді қозғалыс ретінде танылды. Сондай-ақ, «Jas Turkistan» ерікті жастар қозғалысы "O2mir" және "Shipa" жобалары аясында облысымыздағы ауруханаларды 50 жасанды тыныс алу аппаратымен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды 500-ден аса дәрі-дәрмек қобдишасымен қамтамасыз етті. 2020 жылы 2 мамырда Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайға байланысты, «Біргеміз, Мақтаарал!» еріктілер штабы құрылып, 500-ге жуық волонтерлар ерікті еңбектенді

 

  • - Жастар ресурстық орталығымен байланысы бар «С.Ерубаев атындағы шығармашыл жастарды қолдау қорының ашылғанынан хабардармыз. Қор немен айналысуда және жалпы мақсаты қандай?

 

  • - Түркістан топырағынан талай қайраткер азаматтар шыққан. Солардың бірі де бірегейі - Саттар Ерубаев. Қазіргі таңда қор ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген жастарды жан-жақты қолдау бойынша түрлі шараларды жүзеге асырып жатыр. Атап айтар болсақ, қайырымдылық балы, жас өнерпаздар байқауы т.б. Сонымен қатар, 2020 жылы Жастар орталығымен Саттар Ерубаев атындағы жастар сыйлығы тағайындалып жыл сайын үздік жастарды ынталандыру сыйлықтары мен бір реттік стипендиялар табысталуда.  

 

  • - Жастар орталығының алдағы жоспарымен бөліссеңіз?

 

  • - Алдымыздағы жаз айларында Түркістан қаласында «Turkistan Fest» заманауи өнер түрлерінен үлкен фестиваль өткізуді жоспарлап отырмыз. Түркі елдері жастарының саммиті, интелектуалды, өнер түрлерінен халықаралық байқаулар жоспарда бар. Қыркүйекте республикалық деңгейде Түркістан кубогі үшін пікірсайыс турнирі жалауын көтеретін болады.

 

  • - Жастар саясатында атқарған жұмыстарыңызға өзіңіз қандай баға берер едіңіз?

 

  • - Бағаны халық береді, жастар береді, жастар саясатының қазанында қайнап жүрген әріптестер береді деп ойлаймын. Үлкен жауапкершілікті әркез сезінемін! 


  • - Әңгімеңізге рақмет!

  • Сұхбаттасқан: Б.Мейірханұлы.

1 пікір

  • НұрболатХан Әлімханұлы
    НұрболатХан Әлімханұлы

    Өте керемет азаматқой, Түркістан облысы жастар саясатына қосқан үлесі мол оған сізбен біз куәміз. Облыс жастарына қызмет көрсете жүріп, сонымен қатар үлгі бола білген жас іздемпаз, саясаткер, ғалым, экономика ғылымдарының докторы????????????.

Пікір қалдырыңыз