Жаңа ауданның бас жоспары таныстырылды

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке жаңадан құрылған Сауран ауданында бой көтеретін әкімшілік-іскерлік орталықтың бас жоспары таныстырылды. 60 гектарға жуық жерге әкімшілік ғимараты, мемлекеттік мекемелер, Сауран ауданының Мәдениет үйі, саябақтар мен гүлзарлар, көпқабатты зәулім үйлер бой көтереді. Ауқымды жұмыс жоспары екі кезеңнен тұрады. Облыс басшысына ауданға инфрақұрылым жүргізу жұмыстары баяндалды.

Өмірзақ Шөкеев Сауран ауданына жасаған кезекті жұмыс сапарында ұйымдастыру-құқықтық жұмыстардың барысын пысықтап, атқарылған жұмыс нәтижелері бойынша мәжіліс өткізді. Ауданда жергілікті атқарушы органдармен қатар барлық орталық мемлекеттік органдар құрылуда. Сауранды кезең-кезеңмен газдандыру, ауыз су және ағын сумен қамту туралы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жайлы облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов пен Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков баяндады. Жаңа ауданның даму жоспары жайлы ойларды ортаға салды.

Облыс әкімі жаңа аймақта жүзеге асып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысып, орын алған мәселелерге қатысты жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді, құжат ресімдеу кезеңінің созбалаңға салынбауын қадағалауды, жұмысты ширатуды міндеттеді. Ауданды абаттандыру мен көгалдандыруға күш салуды тапсырды.

«Жұмыс өте көп. Жаңа ауданды құру оңай емес. Күндіз-түні еңбек етіп, халықпен тығыз байланыста болу керек. Жаңа ауданға тек жұмысына білек сыбана кірісетін білікті мамандарды тарту қажет» деді облыс әкімі.

Ауданның құрылуына байланысты атқарылатын барлық іс-шаралардың жүзеге асуымен арнайы комиссия айналысуда. Әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы секілді маңызды мәселелерге басымдық берілген. Ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына күш салынады.

Соңғы деректерге сәйкес, Сауран ауданында 9 мыңға жуық отбасы, яғни 110 мыңдай азамат тұрады. 12 ауылдық округтен тұратын Сауран ауданының жалпы аумағы шамамен 650 мың гектарды құрайды.

 

 

Пікір қалдырыңыз