Жағдайың түзелсін десең, әкіміңді дұрыс таңда!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға әкімдерді сайлауды енгізу мен барлық үміткерге қарсы дауыс беруді қарастыратын түзетулерге қол қойды. Заң бойынша аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімін тікелей сайлау енгізіледі. Мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегі де төмендетілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуді тапсырғаны белгілі. Былтыр өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін сайлау жүйесін толығымен зерделеп шығу қажеттігін, бұл бастаманы кейінге қалдыруға болмайтынын айтты. «Бұл – маңызды қадам. Оған жан-жақты дайындалу қажет және біртіндеп іске асыру керек» деген еді.

Міне, өткен апта басындағы Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңы мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Яғни Сенат ауыл әкімдерін сайлау туралы заң қабылдады. Бұдан былай аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлау арқылы сайланатын болады. Бұл әр елді мекен өз әкімін өзі сайлайды деген сөз. Мұның жақсы жағы, ауыл адамдары өздері білетін, танитын, саналы, елге жанашыр азаматты таңдай алады. Ол азамат та өз кезегінде жұрт сенімін ақтау үшін бар күш-жігерін жұмсап, аянбай еңбек етеді деген сенім мол. Жалпы, бұған дейін ауыл әкімдерін аудан әкімінің ұсынысымен мәслихат депутаттары сайлап келді. Үміткер алдымен халыққа, одан кейін мәслихатқа өз бағдарламасын таныстыратын. Бірақ, оны халық емес, мәслихат мақұлдады. Ал, енді мына жаңа бастамадан жұрт үлкен үміт күтеді. Ең бастысы, жергілікті жердегі проблемаларды жете білетін, елдің мұң-мұқтажын түсінетін, күрмеулі мәселелердің шешімін таба алатын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азаматтардың ұсынылғаны абзал. Жасыратыны жоқ, бұрындары өзі әкім болып сайланып жатқан ауылдық округтің әлеуметтік жағдайынан, тыныс-тіршілігінен мүлдем бейхабар үміткерлер ішінара кездесетін.

Қабылданған Заң бойынша 2021-2025 жылдар аралығында өкілеттік мерзімдері аяқталған әкімдерді сайлау кезең-кезеңмен өткізіледі. Биыл екінші жартыжылдықта 836 ауыл әкімі үшін халық тікелей дауыс беретін болады. Бұған бюджеттен 4,8 млрд. теңге қарастырылып отыр. Дегенмен, кейбір аймақтарда сайлаудың әділ өтетініне күманданатындар да жоқ емес. Олар ағайынгершілік, рушылдық деген мәселелер алға шығып кете ме деп қауіптенеді. Біздіңше, олардың қаупін орынсыз деуге де болмайды. Егер адамдар мәселеге ұлттық деңгейден емес, рулық деңгейден қарайтын болса, онда оның зиянды салдарын ауыл тұрғындары кейін өздері тартады. Өйткені, олар өздері сайлаған әкімнен ауылдағы су, жарық сияқты күрмеулі мәселелердің шешімін өздері талап етуі тиіс. Бұрынғыдай бәрі үшін мемлекетті кінәлай алмайды. Сондықтан ауылды қолынан іс келетін, сөзі өтімді беделді адам басқарғаны жөн. «Шегірткеден қорқып, егін екпей отыра беруге болмайды ғой. Алға жылжығымыз келген екен, бұдан да өтуіміз керек» деп сарапшы Марат Шибұтов айтқандай, жаңа бастаманы қолға алмай, алдын-ала ешқандай болжам жасау мүмкін емес. «Жаңа бастаманы алдымен ауылдарда байқап көру керек. Егер ауыл деңгейінде нәтиже шықпай, ру-тайпалық, ұлт мәселесі көтеріліп, мәселе ушығып жатса, онда, әрине, аудан әкімдерін сайлауға ешқашан көшпейміз. Ал, егер бәрі ойдағыдай іске асып, ауыл халқы «әкімімізді сайлап алдық, біз қуаныштымыз» десе, онда билік 2027 немесе 2030 жылы аудан әкімдерін сайлай бастауы мүмкін. Сондықтан менің ойымша, ауыл әкімін сайлау – бұл тест» дейді саясаттанушы Самат Нұртаза.

Ауыл әкімін сайлау шарасы сынақ түрінде бұрын да әртүрлі жылдары төрт рет өткізілгені белгілі. Алғаш рет ауыл әкімін сайлау 1999 жылы Шамалған ауылында өткен. 2001 жылы сынақ түрінде тағы бір сайлау өтті. «Ол кезде қанша әкім сайланғаны есімде жоқ. Ауыл әкімін іріктелген сайлаушылар сайлады. Яғни алдымен, ауыл тұрғындары сайлаушыларды сайлап алды. Сосын әлгі сайлаушылар әкімдерді сайлады. Бұл қаншалықты тиімді болғанын ешкім білмейді, өйткені, олар аз ғана уақыт қызмет етті. Сондықтан да тікелей сайлау ма, жоқ әлде, сайлаушылардың көмегімен өткен сайлау тиімді болды ма, ол жағы белгісіз. Ал, қазіргі қолданыстағы жүйе, яғни ауыл әкімдерін аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы тиімсіз болып шыққаны түсінікті. Себебі, оның кәдімгі тағайындаудан еш айырмашылығы жоқ» дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, сайлау 2021 жылдың тамыз айынан бастап өкілеттігі аяқталатын әкімдерге қатысты болады. Бұл ретте сайлау 40 күн бұрын жарияланады. Ал, сайлаудың өзі іс басындағы әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтеді. Осылайша, алғашқы тікелей сайлау осы жылдың шілде айының соңғы онкүндігінде өтуі тиіс. Бұл ретте кандидаттарды ұсыну сайлау жарияланғаннан кейін келесі күні басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін 15 күн бұрын аяқталады. Яғни ұзарту мерзімінің ұзақтығы 14 күнге дейін жетуі мүмкін. Осы уақыт ішінде кандидат тіркеуге қажетті құжаттарды жинаумен айналысады. Кандидаттарды тіркеу сайлау күнінен 10 күн бұрын аяқталады. Осы кезеңде аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексереді. Сайлау күнінің алдындағы соңғы онкүндікте үгіт-насихат іс-шаралары, тіркелген кандидаттар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар және сайлауға дайындық мәселелері жүзеге асырылады. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады, жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылады. Бұл ретте сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.

– Қабылданған заңдар аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей халықтың дауыс беруімен сайлануын бекітіп, сайлау процесінің тәртібін айқындайды. Сондай-ақ, саяси партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Мұнымен қоса, дауыс беру бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылады. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Мемлекет басшысының осы бастамасы еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға және саяси бәсекелестікті күшейтуге айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз, – деді Сенат төрағасы М.Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында. Оның пайымынша, жергілікті әкімдердің сайлауын өткізу басқару жүйесінің тиімділігін арттырмақ. Айта кетейік, сайлауға жасы 25-ке толған азаматтар қатыса алады. Кандидаттарды саяси партиялар мен аудан әкімдері ұсынады. Сондай-ақ, азаматтар өзін-өзі ұсынып, сайлауға кандидат ретінде қатысуға мүмкіндігі бар. Ол үшін сол ауыл тұрғындарының кем дегенде 1 пайызының қолын жинау қажет.

Саясаттанушы Марат Шибұтов үшін аталмыш заңдағы жалғыз түйткіл әкімдіктен үміткерлерге қойылып отырған талаптарға қатысты. «Қазір ұсынылып отырған нұсқа бойынша үміткерлерге еңбек өтілі мен жоғары білімнің болуын міндеттеп отыр. Кейбір ауылдарда, әсіресе, шалғайдағы шағындау ауылдарда қазіргі әкімнен басқа жоғары білімді үміткер шыға қоймауы мүмкін. Ауылда қалған жоғары білімді адамдар мұғалімдер мен мектеп директорлары ғана деуге болатын шығар. Ал, оларға әкім болу аса қажет емес. Онсыз да өзіне жететін жұмысы бар. Мен білімге қатысты талапты орта, арнайы білім деп жеңілдетуді ұсынар едім» дейді сарапшы. Ол, сондай-ақ, еңбек өтілін қазіргі талап бойынша қалдырса, тек тісқаққан мемлекеттік қызметшілер ғана үміткер ретінде тіркеле алатындығын айтты.

Сайлаудың барлық кезеңдері ашық, жариялы өтуі, байқаушылардың қатысуы да заңға енгізіліп отыр. Сайлау жүйесі – мажоритарлық. Яғни басқа кандидаттарға қарағанда көп дауыс алған азамат ауыл әкімі болып сайланады және аумақтық сайлау комиссиясы оны тіркегеннен кейін бірден қызметіне кіріседі.

Президент айтқандай, алдағы саяси реформалар халықтың басқару жүйесіне белсене араласуына бағытталуы тиіс. Жүргізілген сауалнамалар арқылы қоғамның ауыл әкімдерінің сайланғанын қалайтынын аңғаруға болады. Жаңа жүйенің артықшылығы мен кемшіліктерін басталмай жатып тап басып айту қиын. Бір анығы, ауыл тұрғындары жаңа бастамадан тың жаңалық күтіп отыр. Әкімді өздері сайлап алса, өзекті проблемалар өздігінен шешіліп кететіндей көреді. Халық пен биліктің алшақтап кеткен қазіргі таңда әкімді халық сайлағанда ғана олар халыққа бет бұрып, оның мүддесі үшін қызмет ететіндей көретініміз жасырын емес. Заманның өзі де соның уақыты келгенін аңғартады.

Саясат бөлімі.

 

 

Пікір қалдырыңыз