«Бұл дүниеде тазалыққа ештеңе жетпейді!»

Жұмәділ ӘДІЛБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы: «Бұл дүниеде тазалыққа ештеңе жетпейді!»

Сарыағаш шипажайлары жарнаманы қолға алса...

– Жұмәділ аға, елге қош келіпсіз! Сарыағаш – кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде тіршілік ететін қарға тамырлы қазақтың келуге асығып тұратын мекендерінің бірі. Жалпы, Сарыағашқа жиі келіп тұрасыз ба?

– Жиі келемін. Ал, Сарыағашқа жиі келуімнің өзіндік себебі бар. Ұмытпасам, 2011 жылы ғой деймін, отбасымызбен бірге Чехияның әйгілі Карловы Вары курортында демалдық. Айтса айтқандай, ауасы жанға жайлы, табиғаты керім, таулы аймақта орналасқан тамаша жер екен. Әлемде қанша ұлт пен ұлыс болса, солардың ең құрығанда үштен екісін сол жерден кездестіруге болады. Әсіресе, Латын Америкасы елдерінен келетіндердің қарасы қалың. Арасында немістің біз сияқты кәрі-құртаңдары да аз емес. Байқағаным, солардың көбісі курорттың шипалы суын ішуге бола келеді екен. Не құдіреті барын кім білсін, суы барлық ауруға ем деседі. Бір күні әдеттегідей ем алып жатқанымда, түрі-түсі славян халықтарына келіңкірейтін дәрігер әйел әңгіме арасында қайдан келгенімді сұрап қалды. «Қазақстаннан» дегенім сол еді, әлгі дәрігер: «Сіздердегі Сарыағаштан шығатын судың емдік қасиеті мұндағы судан бірде-бір кем емес. Сонша еуро жұмсап мұнда келгенше, Сарыағашқа барғаныңыз жақсы еді ғой» демесі бар ма! Шынымды айтайын, айтарға сөз таппай қалдым. Расында, біз өзімізде бардың қадіріне жете бермейміз ғой. Әлгі әйелдің сөзі маған қамшымен тартып жібергендей әсер етті. Келесі жылы отбасымызбен Сарыағаштың ең бір көрікті шипажайында демалдық. Дертке дауа, жанға шипа беретін емдік суын екі апта алаңсыз сімірдік. Бір жақсысы, мұнда жылдың төрт мезгілінде де ем алуға болады. Әлгі дәрігердің ескертуінен кейін Сарыағашқа жиі келетін болдым. Тіпті, жыл сайын келемін десем де болады.

– Жаңа бір сөзіңізде «Карловы Вары курортына адамдар дүниенің түкпір-түкпірінен келеді» деп қалдыңыз. Солар Сарыағаштың шипалы суын іздеп неге келмейді екен? Осыған ой жүгіртіп көрдіңіз бе?

– Тұспалыңды түсініп отырмын. Турист тартудың, клиент шақырудың ең қажетті алғышарты – жарнама. Оны бар әлемге әйгілі етіп, дүниенің түкпір-түкпірінен келетіндей етіп насихаттай білу керек. Сарыағаштың шипажайлары жайында ағылшын тілінде интернет сайттарға мақалалар мен видеороликтерді көптеп салсақ, таңсық дүние іздеген шетелдіктер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетер еді. Ондай жағдайда шеттен келгендерге қызмет көрсететін ағылшын тілді мамандарға да сұраныс артады. Сарыағаш шипажайы географиялық жағынан миллионнан аса халқы бар Ташкент шаһарына жақын орналасуы туристердің жолаушылап қайтуына өте ыңғайлы. Ұлтымыздың арғы-бергі тарихындағы ақеділ азаматтарымыздың мәңгілік мекені болған киелі Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне, қасиетті Түркістанға сапар шегуге, Шымкентке, Ташкентке, Әмір Темір мәңгі тыныстап жатқан Самарқанды көріп қайтуға мүмкіндік мол.

Екіншіден, бізде туристерге сервистік қызмет көрсету мәселесі әлі де ақсап тұр. Мен көрген Түркия, Франция, Италия, Германия, Нидерланды, Мальта, Қытай, Гонконг және Чехия сияқты елдердің қай-қайсысы болмасын, алдымен сапалы қызметке мән береді. Адамдарының қонақтармен сәлемі түзу, шеттерінен кішіпейіл, ізетті келеді. Міне, бізге жетпей тұрғаны нақ осы – қызмет көрсету сапасы. Егер бізде сервистік қызмет көрсету мәдениеті жоғары болса, туризм саласы да, кәсіпкерлік саласы да әлдеқашан дөңгелеп кетер еді.

– Дүниенің біраз жерін аралаған сияқтысыз. «Атың барда жер таны желіп жүріп» деп аталарымыз айтқандай, мұны білімге, ел көруге, жер көруге деген құштарлық деуге бола ма?

– Ол да бар. Жалпы, осы уақытқа дейін әлемнің оннан аса елінде болыппын. Қайда жүрмейін, Қазақ-станымның жері, тауы-тасы, суы өзіне тартады да тұрады. Қызметте жүргенде еліміздің барлық аймағын араладым. Оңтүстіктегі Ақсу-Жабағылы тауы, Ақсу өзендері, шығыстағы Қатонқарағай, Көкшедегі Бурабай, Ертістің бойы, Сырдың жағасының бәрі демалысқа сұранып тұрған орындар. Оның бер жағындағы Ақжайық, Орал, Атыраудағы Каспий теңізіне барудың да өз қызығы бар. Қалай дегенде де, әркім өз елін жақсы білуі керек. Бабаларымыз бізге қандай ғажайып жерлерді қалдырып кеткенін көзбен көру керек.

Менің сапарға жиі шығатынымды білетін қатарластарым «әлі сергексіз» деп көтермелеп қояды. Мүмкін, солай көрінетін шығармын. Жалпы, өзім бір орында байыз тауып отыра алмайтын адаммын. Үнемі қозғалыста жүргенді жөн көремін. Қолым қалт етсе, мылтығымды алып, аңға шығып кетемін. Су жағалап, балық аулағанды жақсы көремін. Міне, осының бәрі өзіңді сергек ұстауға септесетін дүниелер.

Менің тағы бір сүйікті ісім бар, ол – сүйікті командаларыма жанкүйерлік ету. Обкомның идеология бөлімінде жүргенімде бес-алты жыл облыстың футбол федерациясын басқардым. Ол уақытта Өскеменнің «Востогының» дүркіреп тұрған кезі-тін. Күллі өскемендіктер «Востоктың» әр ойынын асыға күтіп, командасына қолдау білдіріп жататын. «Востокпен» қанаттаса шыққан Өскеменнің «Торпедо» хоккей командасының да ол кезде атойлап тұрған шағы. Міне, қырық жылдан асыпты, осы екі командаға әлі жанкүйерлік етіп келемін. Тіпті, осы уақытқа дейін бірде-бір ойындарын жіберген емеспін десем де болады.

Өкінішке қарай, соңғы жылдары екі команданың да күйі кетті. Жабылып тынбаса да төменгі лигаларда ілініп-салынып әрең жүр. Байқасаңыз, Павлодар, Өскемен, Семей сияқты ірі қалалардың атынан сынға түсер футболдан жоғары лигада ешқандай команда жоқ. Осы үш аймақтың өзінде халық саны 1,5 миллионды құрайды екен. Бұл – қазақ футболы осынша жанкүйерінен айырылып отыр деген сөз! Бәрі де қаржының жоқтығын көлденең тартады. Кезінде бір ғана Үлбі металлугия зауыты қос команданың бүкіл қаржылық мәселелерін шешіп отыратын. Қазір мұндай мүмкіндіктің ауылы алыс. Сондықтан хоккей клубын Шымкенттен ашу керек.

– Неге?

– Себебі, оңтүстіктің жігіттері намысқой келеді. Футбол, хоккей сияқты командалық ойындарға негізінен қазақ жігіттерін көбірек тарту керек. Неге десеңіз, олардың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ. Бір кездері Өскемен қаласының даңқы қазба байлығымен ғана емес, хоккейімен де дүрілдеп еді. Қазір, өкінішке қарай, Өскемендегі жастардың хоккейге деген ынтасы төмендеп барады. Мықты ойыншылардың барлығы жалақыны көп төлейтін командаларға ауысып кеткен. Мәселен, Мәскеудің ЦСКА клубын алайықшы. Бас бапкері Игорь Никитин, бас бапкердің көмекшісі Евгений Корешков – Өскемен хоккей мектебінің түлектері. Омскінің «Авангарды» мен Магнитогорскінің «Металлург» хоккей клубтарының сапында да өскемендік жастар жетіп артылады. Былайша айтқанда, біз талантты хоккейшілерді дайындап береміз, қызығын өзгелер көреді.

 

«Газетті бұлай шығаруға болмайды»

– Аға, сіздің Оралхан Бөкеймен достығыңыз жайлы аңызға бергісіз әңгіме көп. Алтайдың сырлы суреткерімен таныстығыңыз қай кезден басталып еді?

– Орағаңмен 1966 жылдың қақаған ақпанында таныстық. Оралхан ол кезде Большенарым аудандық газетінде жұмыс істейтін. Аудан өмірінен сыр шертетін очерк, мақалалар жіберіп тұратын. Қызыға оқитынмын да «мұндай жігіт облысқа неге ауыспайды?» деп ойлайтынмын. Бір күні редакторымыз Мұқан Әбуғалиев бүкіл ұжымды жиып алып, «Оралханды көптен құдаласып жүріп, қызметке алдық. Бүгіннен бастап бізде істейді, ауыл шаруашылығы бөліміне әдеби қызметкер болып барады» деп хабарлады. Сөйтіп, Оралхан бізге жұмысқа қабылданды.

Ең бір ұмытпайтыным, оның шапшаңдығы еді. Алғашқы күннен-ақ берілген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындап, «енді не бар?» деп отыратын. Ол кезде газет аптасына бес рет шығады. Материалды қанша берсең де «мынауың көп» деп айтатын кісі жоқ. Әдеби қызметкерлердің барлығы сайдың тасындай жігіттер. Ең жасы мен, редакцияға келгеніме екі-ақ жыл болған. Мен онда өнеркәсіп бөлімінде әдеби қызметкер болатынмын.

Бір-екі ай өткен соң Оралхан кезекті бір лездемеде шолушы болды. Газеттегі материалдарды бас мақаладан бастап түгел шолып шықты. «Шолып шықты» деп жұмсартып айтып отырмын, Оралхан бүкіл нөмірді «сойып» шықты. Сыйпай қамшыласа да бір сәрі, тас-талқанын шығарған сынды кім жақсы көрсін?! Бас мақала өзінің тікелей бастығынікі, очерк тағы бір бөлім меңгерушісінікі. Тіпті, суреттің астына жазылатын мәтінді де назардан тыс қалдырмады. Ең ақырында «газетті мынадай етіп шығаруға болмайды» деп шорт кесті. Оралханның біз сияқты қаражаяу еместігін осы лездеме-ақ көрсетті. Шынында да, ол бізге очеркті қалай жазу, хатты қалай қорыту керектігін үйретті.

Редакцияның ең жасы біз болғандықтан, Орекең екеуміз тез шүйіркелесіп кеттік. Ол уақыт шахмат пен дойбының «мода» кезі, қол босай қалса «соғысып» жататынбыз. Ара-тұра киноға, паркке де барып қоямыз. Жазда анда-санда суға шомыламыз. Күзде ол ауылына қайтатын болды. «Большенарымда ұнататын қызым бар. Соған үйленіп, аудандық газет редакторының орынбасары боламын» дейтін. Аутпарткомның бірінші хатшысы Ойкен Рахимов ағамыз пәтер бермек екен. Сөйтіп, Оралхан 1966 жылдың қыркүйегінде ауылына қайтты да кетті. Бірақ, біздің байланысымыз үзілген жоқ. Ол ауылына барған соң аудандық газетте аз ғана уақыт жұмыс істеп, 1967 жылы Алматыға көшті. «Лениншіл жаста» бірнеше очеркі басылғаннан кейін Шерхан ағамыз оны аттай қалап қызметке шақыртып алды.

Ол кездегі адамдардың пейілінің кеңдігіне қайран қаласың. Өскемен қаласында пәлендей танысы жоқ Оралхан газеттің бөлім меңгерушісі Мүсілім Құмарбековтің үйінде тұрды. Жалпы, Орекеңнің облыстық газетке келуіне себепкер болған да осы Мүсекең еді. Қатонға барғанда тауып алып, жазған дүниелерін газетке жариялап, «мынадай мықтының ауылда жүргені жарамас» деп редакторды иландырған да осы кісі-тұғын.

– Асау мінезді, ешкімді оңайшылықпен мойындай қоймайтын Оралханды ұжым қалай қабылдады?

– Шынында, оның мінезі де, жүріс-тұрысы да, киім киісі де, тіпті, шаш қойысы да өзгеше еді. Жиырмадан жаңа асқан шағында-ақ ол маңайындағыларға менсінбей қарайтын. Бір нәрсені ұнатпаса, біреудің көңілін қалдырамын-ау деп ойламайтын. Ойласа, ойлайтын шығар, бірақ, айтайын дегенін қайта жұтпайтын, басынан сөз асырмайтын. Ал, айтыса кетсе, түйдек-түйдек ойларын дәлел-дәйектермен дәлелдеп, қарсыласын өшіріп тастайтын. Жарты сағат сөйлесе, бір сөзін екінші қайталамайтын шешен еді. Ол облыстық газетте небәрі сегіз ай жұмыс істеді. Осы аз ғана уақытта Оралхан небәрі әдеби қызметкер бола жүріп, редакция өміріне біраз серпіліс енгізіп кетті. Біреуге ұнады, біреуге ұнамады.

– Орағаң сіздей досына жиі қолқа салып тұрушы ма еді, не дегенмен, кезінде обкомның білдей қызметкері болдыңыз ғой...

– Оралханның әке-шешесі, бүкіл туыстары ауылда болғандықтан, Қатонқарағайға жылына екі-үш рет келіп-кететін. Өскеменде қарсы алып, шығарып салып жүремін. Ол кезде Қатонға, одан әрі Шыңғыстайға жету оңай емес. Кейде Оралхан ауылынан ренжіп қайтатын. «Қатоннан ауылға бару үшін автобус күтіп жүргенің, мені бүкіл Қазақстан басына көтергенде өз ауылым менсінбейді» деп өкпелеп отыратын. Бірақ, өзі де аға-көкелеп ешкімге өтініш айтып жалбақтамайтын.

1982 жылдың мамыр айы болуы керек, «ертең барамын» деп телефон соқты. Ол кезде мен облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болып істеймін. Обкомның екінші хатшысы Рысбек Мырзашев болатын. Өте келбетті, парасатты адам еді. Анда-санда мені өзімен бірге іссапарларға ертіп кететін. Сондай сапарлардың бірінде Оралхан туралы әңгіме айтылып, Рысбек ағамыз Оралханның шығармашылығын қызыға қадағалайтынын, бір келгенде таныстыруымды тапсырды. Сол сөз есіме түсіп, Рысбек ағаға кіріп, ертең уақытыңыз болса, Оралханмен таныссаңыз деген ұсынысымды айттым. Оралханға қайта телефон соғып, Р. Мырзашевпен танысасың, екі-үш кітабыңды сыйға тартуға әзірлей кел десем, Орекең «үлкен кісіні әурелеп қайтеміз» деп қипақтайды.

Не керек, Рекең де, Оралхан да танысқандарына разы болып, ағалы-інілідей болып тарқасты. Біздің көзімізше Рекең Қатонқарағай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы О.Девятовқа телефон шалып, ел таныған жазушыға қамқор болып, дұрыстап қарсы алып, дұрыстап шығарып салу, ауданды аралату, кәрі әке-шешесіне қолқабыс жасау жағын тапсырды. Сол жолы Оралхан «райкомның қамқорлығында болдым» деп көңілді келді. Вертолетпен бұрын көрмеген жерлерін аралатыпты.

Осыдан кейін Орекеңнің елге келіп-кетуі жеңілдеді. Екі жылдай облыстық газеттің редакторы болып тұрғанда Оралханды Өскеменнен Шыңғыстайға неше рет алып бардым. Ауданға ауатком төрағасы болып Марат Әкрамов барған соң жағдай тіптен жақсарды. Большенарымға ұшатын үш ұшақтың біріне отырған Орекеңді әрі қарай апару Мараттың мойнында болатын. Ол екеуінің танысуына да мен себепкер болдым. 1986 жылы Марат екеуімізді «білімдерің аздау» деді ме, Алматының жоғары партия мектебіне сырттай оқуға жіберді. Менің облыстық партия комитетінің идеология бөліміне меңгеруші болып барғаныма бір жылдай болған. Марат өмір бойы Таврияда жүрген адам. Оралханды танымайды. Алматыға жетісімен «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына келіп, Орағаңа сәлем бердік. Оралхан Маратты бір көргеннен-ақ ұнатып қалды да, содан өмірінің соңғы күніне дейін сыйласып өтті.

Оқуға әр барғанымызда сөмкелерімізді жатақханаға тастай салып, Орекеңнің Жамбыл көшесіндегі үйіне тартатынбыз. Таң атқанша әңгіме-дүкен құратынбыз. Төрт-бес түнді Орекеңмен өткізу, ертең Өскеменге ұшамыз дегенде, ағамызға келіп, таңсәріде аэропортқа сол үйден аттану үрдісіміз болып кетіп еді. Ал, бір-екі күн хабарсыз кетсек Айман жеңгеміз бізге телефон соғып, «Орекең кешке таман балконға қайта-қайта шыққыштап, әлгі екі қу келіп қалар деп елегізіп жүр» деп шақырып алушы еді.

 

Күлия шешей өте әңгімешіл жан еді

– Айман демекші, Оралхан ағамыздың алғашқы қосағы қандай адам еді?

– Орекең «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүргенде Кәрібай, Қуанышбай, Ақселеу, Кәдірбек, Сағат, Жарылғап, Орысбай, Қалдарбек сияқты кейін атақты жазушы, ғалым болған жігіттермен таныстық. Бір қызығы, осылардың барлығы да Орекеңнің тар пәтерінде Айман жеңгей жаятын дастарқанға жиі жиналатын. Айман көркіне мінезі сай, өте ақжарқын, ашық жан еді. Өзі Қазақстан Тұтынушылар одағында жұмыс істеді. Қай уақытта болсын, Оралханның достарын жарқырап қарсы алып жататын. Оның үстіне, үйінде жататын студенттер, ауылдан келетін туыстар аз емес, әйтеуір Оралханның үйі қонақсыз болмайтын. Айманның кісі сыйлағыштығы, Орағаңның қас-қабағына қарап, оның көкейіндегісін оқып отыратындығы, туыстарға жанашырлығы керемет еді. Бірақ, Орекең мен Айман бір сәбиге зар болды. Кейде кейіген сәтінде «бізде атақ та, абырой да, ақша да бар ғой, бір-ақ нәрсе жетпей жүр» деп күрсінетін. «Осы Оралханның балалы болғанын көрсек» дейтінбіз.

– Оралханды оқыған сайын қазақы тілдің, әсіресе, Алтайдың шұрайлы тілінің құдіретіне тамсанбау мүмкін емес. Осынша тілдік қуат қаламгерге қалай, қайдан дарыған деп ойлайсыз?

– Оралхан жазушылыққа журналистикадан келді. Ол жазған көлемді очерктер мен көркем туындыларын былай қойғанда шағын мақалаларының өзі-ақ жұрттың қызу пікірталасын туғызып жататын. «Тіпті, он жолдық хабар жазсаң да, елді елең еткізетіндей етіп жазу керек қой» деп желпініп отырушы еді. Ал, Оралханның атақты жазушы болуына әсер еткен анасы ма деп ойлаймын. Күлия шешей көкірегі ояу, көзі ашық, өте шешен адам еді. Орекең анасымен ұзақ әңгімелесіп, өткен-кеткенді сұрап, көрші-қолаңның хал-жағдайына дейін қанығушы еді. Оралханның көптеген әңгіме-повестеріндегі сюжеттер, кейіпкерлер шешеміздің айтқандарынан туған дүниелер сияқты көрінеді. Орекең анасының әңгімесін қызыға тыңдайтын, сөзін бөлмейтін және ештеңені қағазға түртіп алып отырмайтын. Шешейдің ұзақ-сонар әңгімелерінен мақал-мәтелдер, тамаша теңеулер, әдемі сөз тіркестері ағыл-тегіл төгіліп жататын. Шешейдің талай әңгімелерін естідік. Оралхан шығармаларынан сол айтылғандардың көбін сәл өзгертілген, бояуы қоюланған қалпында байқап жүрдік. Орекең аса туысшыл, бірақ туыстарына сын көзбен қарайтын, қаталдау болды. Оқуға селқос қарап жүрген жиендеріне ренжіп, ұрысып отырғанын жиі көретінмін. Алматыда тұратын жерлестерімен қарым-қатынасы да кісі қызығарлықтай еді. Солардың арасында Әлібек Асқаровты бөле-жара ерекше бағалайтын.

– Оралханға еліктеп, жазушы болғыңыз келмеді ме?

– Болғым келді. 1977 жылы болу керек, ауылда көрген оқиғалар жайлы «Көршілер» деген әңгіме жаздым. Оралхан ол кезде «Жұлдыз» журналының проза бөлімін басқаратын. Алматыға бір барғанда Оралханға соғып, «мына әңгімені журналға шығарып бер демеймін, тек оқып, пікіріңді айтшы» деп қолжазбаны қолына ұстатып кеттім. Ертеңіне соқсам, Орекең түтігіп отыр екен. «Мынаны менен басқа ешкім көрмесін. Сен жазушы болмай-ақ қой, сен сияқтылар толып жатыр. Одан да жақсы журналист бол!» деді. Сол сөзден кейін жазушылық адыра қалды.

– Биыл жетпістің бесеуіне келіп жатырсыз. Мына өмірден не түйдіңіз, не білдіңіз?

– Өмірден түйгенім: қолыңнан келгенінше еңбек ет, қолыңнан келгенінше төңірегіңдегілерге жақсылық жаса. Ал, жақсылық жасау қолыңнан келмесе, ең болмағанда жамандық жасама. Білгенім: бұл дүниеде тазалыққа ештеңе жетпейді екен. Бір үзім нанды адалынан же!

– Аға, әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

 

Пікір қалдырыңыз