«Ауылды сағынамын»

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Қазақтың бейнебаян қоржыны тағы бір клиппен толықты. «Шаншар» әзіл-сықақ театрының актері, елге белгілі өнерпаз Дәурен Әбиевтің «Ауылды сағынамын» атты әніне түсірілген бейнебаянның тұсаукесері өтті. «Жақсыны көрмекке» деп, біз де жарнамасы елге тарап, көпшілік күтіп жүрген бейнебаянның алғашқы көрсетілімі өткен Шымкенттегі сатира және әзіл-сықақ театрына барған едік...

Ауыл тақырыбына қалам тербемеген ақын-жазушы кемде-кем шығар. Дұрысы, кешегі тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін ауыл туралы, ауыл адамдары туралы тамаша-тамаша дүниелер оқырманға жол тартып жатты. Кейін бұл процесс кәдімгідей саябырсыды. Жасыратын несі бар, бүгінгі жастарға бейнеклип, вайн секілді дүниелер өтімдірек. Осындай дүниелер қазіргі жастарды, елдің ертеңін тәрбиелейтін құрал ретінде қалыптасып келеді. Демек, бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыдан қарау керек.

Талантты актер Дәурен Әбиевтің «Ауылды сағынамын» атты бейнебаяны ауылға деген сағынышты ғана білдіріп қоймайды, бүгінгі қоғамның бет-бейнесін де ашып көрсетеді. Сюжет желісі бойынша сиыры бұзаулаған отбасы көрші-қолаңды, ағайын-туысты тегіс уыз көжеге шақырады. Үйдің кенжесі ауылдың бәріне телефон арқылы шақыру жібергенін айтқанда, қария кісі тыйып тастайды. Сонда қаладан келген үлкен ұл уыз көжеге шақыруды өз мойнына алады. Бейнебаян желісі ары қарай қаладан келген ұлдың ауылды аралауымен жалғасады. Бейнеклип Дәуреннің туған ауылы – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Бірлік ауылында түсіріліпті.

– Қазіргі жастарға қарным ашатыны рас. Болмашыны ән етіп, оған бейнебаян түсіріп, бір-ақ сәтте «жұлдыз» атанып шыға келеді. Одан қала берді, клипке жартылай жалаңаш түсіп, «қазақтың қызымын» деп ән шырқап тұратындар бар. Өзге елден біреу келіп: «қане, өнерпаздарыңның өнерін көрейік» десе, сол жартылай жалаңаш болып түскен клипті көрсетеміз бе? Оның қасында Дәуреннің ауылды сағынып, оның тыныс-тіршілігін көрсетуге жасаған қадамы өте құптарлық. Елге пайдасы тиетін, ертеңге ұялмай қалдыратын осындай дүние жасаймын деген кез келген жасты қолдауға әзірміз, – дейді «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов.

– Бейнебаянның Бірлік ауылында түсірілгеніне менің де үлесім бар. Дәурен екеуміз бір ауылданбыз. «Ауыл туралы клип түсірмек ойым бар» деген кезден-ақ бейнебаянды ауылда түсіру керек деп айтқанмын. Ол, біріншіден, туған жерге деген перзенттік парыз болса, екіншіден, «Ауылды сағынамын» деген тақырыптың шынайылығын көрсетеді. Клиптің жоғары дәрежеде түсірілуіне Дәуреннің өнердегі әріптестері, Бірлік ауылының тұрғындары зор үлес қосты, – дейді Дәуреннің әріптес аға-досы Ғалымжан Қаппаров.

Тұсауы жаңадан кесілген бейнебаян енді көгілдір экран, әлеуметтік желілер арқылы көрермендерге жол тартпақ.

 

 

 

1 пікір

  • Насырова. Тоқтаргул
    Насырова. Тоқтаргул

    Ауыл білым туралы бетіне роликтер

Пікір қалдырыңыз