Ғибратқа толы ғұмыр

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ордабасы ауданында Арыс өзенінің сағасында орналасқан Жусансай дейтін шағын ғана ауыл бар. Ауылда бар болғаны 100-ден аса отбасы тұрғанымен, жусансайлықтар осы ауылдан бір емес, бірнеше қоғам қайраткері мен ғалымдардың шыққанын мақтаныш етеді.

Мәселен, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың көмекшісі, 8 жыл Парламент Сенатының депутаты, республикалық Есеп комитетінің төрағасы, Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі бөлімінің басшысы болған Мүсірәлі Өтебаев, физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы Қалдыбай Бектаев, техника ғылымдарының докторы, профессор Данияр Арғынбаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, техника ғылымдарының докторы, профессор Құрманбек Жантасов, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Шымкентбек Бейсембаев, Шұбар ауылындағы Д.Қонаев атындағы мектепті көп жыл басқарған ұлағатты ұстаз Жүрсінбек Ділдабаев сияқты елге белгілі азаматтар осы алақандай ғана ауылда дүниеге келген. Біз сөз еткелі отырған Жүзбай Қырғызбаев ағамыз да 1936 жылы осы Жусансайдың киелі топырағында дүниеге келген.

Жүзбай ағамыз Шұбар ауылындағы жетіжылдық мектепті бітірген соң, 1953 жылы Темірлан ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепті үздік аяқтап, сол жылы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. 1958 жылы оқу орнын тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Шымкент педагогикалық институтының жоғары математика кафедрасында мұғалім болып бастайды. Институтта 3 жылдай жұмыс істеп, 1962 жылы Мәскеудегі Халықтар достығы университетінің теориялық механика кафедрасына аспирант болып қабылданады.

Ол уақытта ғылымға талабы бар жастарға министрлік тарапынан жолдама (целевое направление) берілетін. Көптеген қазақ жастары осының арқасында Ресейдің жоғары оқу орындарында білімін жетілдірді. Қазіргідей емес, ол кезде жоғары оқу орындарында дәріс беретін қазақ оқытушылары саусақпен санарлықтай еді. Өзі білім алған ҚазМУ-дің физика-математика кафедрасында бар болғаны екі-үш-ақ оқытушы болатын. Осыны ескерген болуы керек, Орталық Комитет арнайы қаулы шығарып, қазақ жастарын 80-ші жылдарға дейін Ресей, Украина сияқты елдердің аспирантураларында білім алуға мүмкіндік жасады.

1966 жылы «Қатты дененің қозғалысының орнықтылығы» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғаған Жүзбай ағамыз Шымкент педагогикалық институтына қайтып оралды. Аспирантурада оқи жүріп, өзі бітірген кафедрада оқытушы болып жұмыс істеді. Сол 1966 жылдан бүгінге дейін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде үзіліссіз жұмыс істеп келеді.

Осы жылдар ішінде Жүзбай ағамыз мыңдаған шәкірт даярлайды. Олардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлерімен қатар ғылым докторлары мен кандидаттарының өзі бір шоғыр. Мәскеуде оқып жүргенде Өтелбай Нұрбаев, Шәріп Серікбаев, Лес Мамаев, Сламхан Бұралқиев, Асанхан Белесов сияқты ізбасарларының, жолдастарының диссертация қорғауына мұрындық болды. Ғылыми жетекшісі ретінде бекітілген Абдельхак Сафиоллаұлы Галиуллин өз ағасындай болып кетті. Ол кісі өмірден озғанға дейін РХДУ-нің механика кафедрасын басқарды. Жетекшісі техника ғылымдарының докторы, профессор, ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткер, Татарстан Ғылым академиясының академигі болатын. Білікті ғалым жоғарыда аталған азаматтардан бөлек, Қазақстанның түкпір-түкпірінен барған көптеген жастарды тәрбиелеп шығарды.

Институтқа қайта оралған жас ғалым кафедраның ассистенті, аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессорына дейінгі сатылардан өтті. Қазақстан Халықтар достығы университетінің профессоры атанды. Еңбектері мемлекет тарапынан лайықты бағасын алды. «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері» секілді төсбелгілер – соның жарқын айғағы.

Болашағынан мол үміт күттірген ғалымды кезінде аттай қалап, қызметке шақырғандар аз болмапты. Бірақ, ол кісі елден жырақтамай, бар күш-жігерін туған өңірінің өсіп-өнуіне жұмсағанды жөн көрді. «1965 жылы Алматыда математика және механика саласына арналған Бүкілодақтық конференция болды, – дейді ағамыз сол күндерге ой жүгіртіп. – Оған Одақтың түкпір-түкпірінен белгілі ғалымдар келді. Сол конференцияның бір секциясын ол кезде ғылым кандидаты Өмірбек Жолдасбеков басқарып отырды. Өмекең ол кезде Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ политехникалық институтының бірінші проректоры болатын. Конференция соңында ғылыми жетекшім А.С.Галиуллинді аспиранттармен бірге ресторанға шақырды. Арасында мен де бармын. Сол отырыста А.С.Галиуллин мені Өмірбекпен таныстырды. «Бұл жігіт сіздің жерлесіңіз, келесі жылы кандидаттығын қорғайды» деп мақтауымды келтірді. Ол кезде қазақ жастары енді ғана өсіп келе жатқан. Сөз соңында Галиуллинге «бұл жігітті маған жіберіңіз, баспана беремін, жағдайын жасаймын» деді. Өмекең сөзінде тұрып, Одақтың Оқу министрлігі арқылы маған шақырту жіберді. Ол қағаз үйде әлі сақтаулы. Кандидаттығымды қорғап үйге келсем, анам қатты науқастанып жатыр екен. Сол арада екі-үш ай өтіп кетті. Анам өмірден өткен соң, барудың реті де келмеді. Алғашқы шақырту осылай сәтсіз аяқталды. Кейін Қостанай педагогикалық институтының проректоры қызметіне шақырту түсті. Марқұм Мырзахан Сәрсенбаев «кафедрада бар-жоғы екі кандидат бар, жібере алмаймын» деп табандап отырып алды. Оның үстіне сонау қиырға барғанымды үйдегілер де қалаған жоқ. Марс Үркімбаев Тараз гидромелиоративті институтының ректоры болып тұрғанда математика кафедрасының меңгерушісі болуға шақырды. Бірақ, оның да сәті түспеді» дейді Жүзбай аға.

Жүзбай аға қосағы Фатима Нұрмаханқызымен бірге 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Перзенттерінің бәрі де Мәскеу қаласында оқыды. Үлкені Бибінұр Алматы агротехникалық университетінің кафедра профессоры болса, Ресейдің Халықтар достығы университетінде білім алған ұлы Мақсат жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Қызы Кәмила техника ғылымдарының кандидаты, Гумилев атындағы университетте қызмет етсе, кіші ұлы Серік медицина ғылымдарының кандидаты, Алматыдағы №12 қалалық ауруханада қантамырлары бөлімінің меңгерушісі болып істейді. Ағамыз осы ұл-қыздарынан бүгінде 9 немере сүйіп отыр.

Саналы ғұмырын ғылымға арнаған ағамыз 100-ге тарта ғылыми-әдістемелік еңбектердің, оның ішінде 3 монография, 8 оқу және оқу-әдістемелік құралдарының авторы. Қажырлы еңбегі мен үздіксіз ізденісінің, адамгершілік қасиеті мен табандылығының арқасында ол ғылымның биік белестеріне көтерілді. Ғалымдық ұстанымы мен азаматтық бет-бейнесін сақтай отырып, сексен беске абыройлы қалпында жетті. Ағамызға осы шыққан биігіңіз аласармай, бейнетіңіздің зейнетін көріп, ұзақ жылғы қажырлы еңбегіңіздің жемісін жеңіз дегіміз келеді.

 

 

Пікір қалдырыңыз