Суармалы жер көлемі ұлғаяды

ҚР Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, оны тиімді пайдалану мәселелері бойынша көшпелі отырысын Түркістан қаласында өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес суармалы жерлерді 3 млн. гектарға дейін ұлғайту көзделген болатын.

«Түркістан облысының осы бағытта жасап жатқан жұмыстарының бәрін үлгі ретінде алуға болады. Суармалы жерлер мол өнім беретін ауыл шаруашылығының «алтын қоры» ғана емес, ол – сол өңірлерде тұратын халықтың тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры деп айтсақ та болады. Еліміздегі суармалы егіншілік аумағы жалпы игерілген жерлердің 8 пайызынан аспайды, ал, одан алынған өнім жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 35 пайызын құрайды. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес суармалы жерлерді кезең-кезеңімен 3 млн. гектарға дейін ұлғайтуды қамтамасыз етуіміз керек. 2030 жылға дейін гидромелиорациялық жүйелер мен 38 жаңа су қоймасын салу көзделіп отыр. Бұл су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылмақ» деді көшпелі отырысты ашқан Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев.

Комитет төрағасы елдегі ирригациялық инфрақұрылымның жай-күйі сын көтермейтінін де атап өтті. Республикалық меншіктегі жалпы ұзындығы 19 772 шақырымдық 3298 каналдың 11881 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Шаруашылықаралық және шаруашылықішілік каналдардың 80-90 пайызы ескірген, техникалық деңгейі төмен. Осыған байланысты ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру үшін ауқымды жұмыстар атқарылмақ.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығына қолайлы аймақтардың біріне жатады. Республикадағы суармалы жерлердің үштен бір бөлігі облысқа тиеселі (548,2 мың гектар) және 70 мың агроқұрылымда 180 мыңға жуық адам еңбек етуде. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталып, осы бағытта атқарылып жатқан істермен, алдағы жоспарлармен таныстырып өтті.

«Бүгінгі көшпелі отырыста қаралып отырған күн тәртібінің Түркістан облысы үшін маңыздылығы жоғары. Түркістан қаласы аумағындағы аудандарда ағын су тапшылығын шешу мақсатында ірі су нысандарының құрылысын жүргізудеміз. Оның ішінде, «Түркістан магистральды каналында күрделі жөндеу», «Кеңсай – Қосқорған - 2» су қоймасын салу, «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобалары жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, ағын су тапшылығының тәуекелділігі әлі де жоғары екендігін ескеріп, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу» және «Сарқырама» су қоймасын салу жобалары әзірленуде. Бұл жобалар Түркістан өңірін кепілді ағын сумен қамтамасыз ететін болады. Құрметті Сенат депутаттары! Елбасының тікелей бастамасымен, Түркі тілдес ел басшыларының қолдауымен, Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамуына айрықша көңіл бөлініп отырғандықтан, жоғарыда аталып өткен су нысандарының құрылысын аяқтау – кезек күттірмес мәселе. Осыған орай, республикалық деңгейдегі мәселелерді сіздермен бірлесе отырып шешетіндігімізге үлкен сеніммен қараймын!» деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан облысында су ресурстарын реттеумен қатар, ылғал үнемдеу, жаңбырлатып суару технологиясын ендіруге басымдық берілген. Осы мақсатта, Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясы ендіріліп, азық-түлік белдеуі құрылмақ. Бүгінгі күннің өзінде 1,5 мың гектарға аталған технология ендіріліп, жылына 2 өнім алынуда. Технологияның тиімділігі су үнемдеумен қатар, өнімділікті 3 есеге арттырды. Жыл соңына дейін жаңбырлатып суару технологиясы ендірілген алқап көлемін 3,5 мың гектарға жеткізу көзделуде. Бұдан бөлек, еңбек өнімділігін арттыру бағытында облыстың климаттық ерекшелігін пайдалана отырып, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы іске асырылды. 2020 жылы 1999 жоба (5,2 мың га) жүзеге асырылып, қосымша 18,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Тәжірибе көрсеткендей, жобаның тиімділігі жылына 1 гектардан 7-8 млн. теңгеге дейін табыс табуға болатындығын көрсетті, яғни 2-2,5 есеге артық өнім алынды. Осы бағыттың тиімділігіне орай, ағымдағы жылы 8,9 мың гектарға 2771 жоба жүзеге асырылып, бірінші өнім жиналуда.

«Жергілікті деңгейде су нысандарын тиімді пайдалану Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларын 78,8 мың га суармалы сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биыл су шаруашылығын дамытуға облыстық бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлінді. Осы қаражатқа 361 шақырым су объектілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімінің қолдауымен Жетісай ауданына басымдық берілді, онда коммуналдық меншіктегі ұзындығы 241 шақырым болатын барлық 121 каналға механикалық тазалау жүргізіледі» деді облыс әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаев.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ағын сумен қамтамасыз етуде де айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Бірнеше су қоймалары мен магистральды каналдар облыстың меншігіне алынып, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады, «Кеңсай–Қосқорған–2» су қоймасының құрылысы аяқталды. «Түркістан» магистральды каналының 59 шақырымы күрделі жөндеуден өткізіліп, одан су алатын, бұрын иесіз, жекеменшік, аудандық меншікте болған ұзындығы 751 шақырымдық 161 канал облыстық меншікке өткізілді. Арнайы мекеме құрылып, нәтижесінде, су шығынын болдырмау үшін алғашқы рет тариф бекітілді (1000 м.3 ағын су үшін 328,6 теңге). Аталған су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары және Арыс, Кентау қаласы өңірлерінің 78,8 мың гектар суармалы жерлерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен тұрақты түрде уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндіктер берді.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев еліміздегі суармалы жерлерді дамыту мәселелері, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану мен оны қорғау мәселелері туралы, «Қазсушар» РМК Бас директорының міндетін атқарушы Алтай Елжасовтың республикалық меншіктегі су шаруашылығы объектілерін пайдалану және күтіп-ұстау, суармалы су берудің ағымдағы жағдайы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев өңірдегі суармалы жерлерді дамыту перспективалары мен мәселелері туралы ақпараттарымен таныстырды. Қойылған сұрақтарға тиісті мемлекеттік органның басшылары жауап берді.

ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті іссапар барысында Түркістан магистральды каналын жөндеу жұмыстарымен, «Кеңсай–Қосқорған–2» су қоймасы құрылысымен, су үнемдеу бағыты бойынша жаңбырлатып суару технологиялары орнатылған «Түркістан–Агро» ЖШС-нің егіс алқаптарымен, «Бөген» су қоймасының жағдайымен танысты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз