Жердің соры – елдің соры...

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Осыны ескерген Отырар ауданында жерді құнарландырудың жаңа кезеңі басталды


Егіншілік мәдениеті жайлы кейінгі кезде жиі айтылатын болды. Бұл саладағы бір жүйеліліктің (бәлкім жанашырлықтың деуге де болатын шығар) жоқтығынан көптеген егістік алқаптар қараусыз қалып, істен шығып, тіпті, кейбір жерлер сортаңданып, эрозияға ұшырай бастаған еді.

Мұның бәрі сайып келгенде кешегі өтпелі кезеңдегі жекелеген адамдардың «аз шығын шығарып, көп өнім алу» саясатының салдарынан орын алды. Яғни жер жекеге өткен соң ұжымдасып атқарылатын жұмыстар ұмыт қалып, жерасты суларының көтеріліп кетпеуі үшін үздіксіз жүргізілуге тиіс жұмыстар тоқтап қалды. Оның ертеңін ойлап шырылдаған бірлі-жарым адамдар болмаса, көпшілігі осынау өзекті проблемаға бас қатырып жатпады. Тәулік бойы жұмыс істеп тұратын дренаждардың электр шығыны өтелмеген соң істен шығып, қараусыз қалды. Сондай-ақ, шайынды суларды ағызатын қашыртқылар да жылдар бойы тазаланбаған соң ернеуі құлап, қамыс басып, жыңғыл өсіп, ит тұмсығы батпайтын қалың нуға айналып шыға келді. Одан қалса, жерді жалға алып егіс егетіндер де тек бір жылдығын ғана ойлап, одан кейінгі күндерге бас қатырып жатпады. Дәрі берудің жөні осы екен деп жер-ананы химиялық тыңайтқыштарға жуан «тойдырып», тек сол жылы мол өнім алғанына мәз болып жүре берді. Салдарынан шыбық қадасаң шынар өсетін құнарлы жерлер аз-ақ жылда бар қабілетінен айырылып, бірер жылға жетпей жарамсыз болып жатты. Мұның бәрін реттеп, ғылыми тұрғыдан дұрыс жағына бағыттай білетін жер мамандары – агрономдардың ақыл-кеңестерін ешкім керек етпеді. Бұрын жүйелі түрде жұмыс істеп, ауыспалы егістікті пайдаланып, керек кезінде жерді тыңайтатын дақылдар егіп, бір-екі жыл демалдырып алатын әдіс-тәсілдер де әдірем қалып, жерді жекешелендіріп алған шаруалардың егістік мәдениетімен мүлдем шаруасы болмады.

Осылайша бір кездері жасыл-желегімен, бау-бақшасымен даңқы шыққан ауылдардың табаны тұзданып, қарасорадан басқа шөп шықпайтын сортаң далаға айналып шыға келді. Мұның зардабы тек егістік алқаптарына ғана емес, сонымен бірге адам ағзасына да кері әсерін тигізіп, жергілікті тұрғындар арасында қаныаздық, бүйрек, бауыр, асқазан жарасы сияқты аурулар белең алды. Бір сөзбен айтқанда, жердің соры елдің сорына айналды. Енді одан құтылудың амалдары қарастырылып, бір кездері жанашырлықтың жоқтығынан қараусыз қалып, құрдымға кеткен құрылғыларды қайта қалпына келтірмесе, магистральды каналдарды заман талабына сай жаңартып, суландыру саясатын күшейтпесе бұл азаптан құтылу мүмкін емес екеніне көз жетті. Бұл, әсіресе, жерасты суы жақын Жетісай, Мақтаарал, Отырар аудандары сияқты шөлейтті аймақтар үшін ең негізгі мәселеге айналды.

Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісовтің айтуынша, біраз жылдан бері негізгі проблема болып келген мәселені шешу биыл қолға алыныпты. «Біздің аграрлы аудан үшін егін, мал шаруашылығы өте маңызды. Оны жолға қою үшін ең алдымен тіршілік көзін толық жеткізуіміз керек. Арыс өзенінен келетін судың аздығынан «Д.Алтынбеков», «Көкмардан» каналдарының бойындағы 12 мың гектар жерге су жеткізу қиын. Әсіресе, жазғы суару науқаны қызатын шілде-тамыз айларында каналдың түбі көрініп қалады. Сусыздықтың салдарынан қаншама гектар жер игерілмей жатыр. Бұл мәселені шешу үшін «Шәуілдір тоғанды» су бөгетінің жоғарғы жағынан қосымша су алу қажеттігі туындап отыр. Ол үшін бұрын пайдаланылған 31 шақырымды құрайтын «Сырдария–Арыс» каналын күрделі жөндеуден өткізу қажет. Бұл жоба биыл қолға алынды. Келесі жылдың аяғына дейін толық пайдалануға беріледі» деді әкім.

Жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайтын ірі жобаны Еуропалық қайта құру және даму банкі қаржыландырып отыр. Бұл бүгінде сусыздықтан шөліркеп қалған ауданның бойына қан жүгіртіп, жасыл аймаққа айналдыратын ірі жобаның бірі болса, жерасты суын көлденең дренаждар арқылы Сырдария өзеніне айдайтын екінші жоба да біріншісімен қатар жүргізіледі. Ұзындығы 368 шақырымды құрайтын көлденең дренаждар мен 55 шақырымдық Шәуілдір бас коллекторын күрделі жөндеуге аталған банктен 2,8 миллиард теңге бөлінген. Екі жоба да «ҚазСуШар» РМК мекемесінің тапсырысы бойынша жүзеге асып жатыр. Бүгінде канал жиектерін тазалау, насос орнын дайындау сияқты жұмыстарды жүргізіп жатқан жұмысшылар алдағы уақытта екі ауысыммен жұмыс істейтіндерін жеткізді. Бас мердігер «Орион Констракшен» ЖШС-нің учаске бастығы Нұрлан Досымбетовтің айтуынша, алдағы уақытта мұнда түнгі ауысым да ұйымдастырылмақ. «Құрылыс жұмыстарын өз мерзімінде бітіру үшін уақытпен санаспай жұмыс істеуіміз керек. Жұмысшылар санын жүз елуден асырамыз деген жоспар бар. Алдағы уақытта күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істейміз. Техника жеткілікті, жұмысшылардың қауіпсіздігі де ескерілген» деді ол.

Ал, суландыру саласының білгір маманы, еңбек ардагері Қалжан Жалмырза бұл жобаның тиімділігін түсіндіріп берді. «Отырар алқабын суландырудың бұдан басқа тиімді жолы жоқ. Бұл бұрын 1982 жылы пайдалануға беріліп, он жылдай ел игілігіне жарады. Яғни су жолының ежелгі ізі бар. Оны заман талабына сай қайта құрылымдап, айналасын бетонмен қаптау – суды ысырап болудан сақтайды. Екіншіден, жеткізу жылдамдығы қысқарады. Бұл жоба жүзеге асса, бүгінде сусыздықтан тозуға айналған 12 мың гектар жерден бөлек, тағы қосымша жеті мың гектар жер игеріледі. Су жеткілікті болса, дренаждарды іске қосу арқылы жердің құнарлылығын арттырсақ, онда жергілікті диқандар көп ұзамай көл-көсір өнімге кенелетін болады».

Иә, аграрлы ауданның даңқы бұған дейін дәмі тіл үйіретін қауын-қарбызымен де әйгілі болған. Тіпті, кешегі Кеңестер Одағының тұсында мақта дақылына басымдық беріліп, біраз ауданды соған ыңғайластырғанда Отырар ауданы (бұрынғы Қызылқұм) тағы да озық шыққан. Сонда отырарлық диқандардың еңбекқорлығына тәнті болып, тәжірибе алмасқан Өзбекстан басшысы Юлдаш Ахунбабаев аудан орталығынан бір білім ордасын салып берген екен. Бүгінгі білім бөлімі орналасқан ғимараттың салыну тарихы осылай өріледі.

Ал, өткен ғасырдың 50-60 жылдары тың жерлерді игеру жаппай қолға алынғанда заман талабына сай техникалар жаңартылып, агроном мамандар көбейіп, дала жұмыстары тіпті қыза түседі. Терілері алтынға бағаланған қаракөл елтірілерінен бөлек, «Дала аруы» атанған жүгері өсіруден жаңа рекордтар жасалып жатты. Алдыңғы толқын ағалардың айтуынша, сол жылдары әр-әр жерде теңкиіп жататын әміркен, басыбалды, шытырлақ қауындар әбден піскендіктен түннің бір уағында тарс-тарс жарылып жатады екен. Тәттілігі сонша, жеп болған соң дереу бет-аузыңды жумасаң шіресі тиген жер қызара бөртіп жараға айналады.

Міне, осындай өнім берген қасиетті де құнарлы жер су тапшылығы салдарынан шөлстанға, күтімі болмай сорстанға айналады деп ол кезде кім ойлаған?! Жаңа жоба жүзеге асса, әлі-ақ баяғы берекелі заман қалпына келетініне күмән жоқ. Тек бөлінген қаржы тиімді пайдаланылып, қағаз жүзінде қанттай болып тұрған жоба іс жүзінде де солай болып, ертерек қалың елдің игілігіне айналса екен дейміз!

 

 

Пікір қалдырыңыз