Жаңа тұжырымдаманың тиімділігі неде?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Әлеуметтік кодексті әзірлеу және қабылдау арқылы әлеуметтік заңнаманы шоғырландыру бойынша тапсырма берген болатын. Бір айта кетерлігі, ТМД елдерінің ешқайсыда мұндай әлеуметтік кодекс қабылданбаған. Франция, Германия және Австрия елдерінде өздеріне тән ерекшеліктері енгізілген құжат бар. Сондықтан Қазақстан бұл істе әлемде бірінші мемлекет деуге болады. ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сарапшылармен бірлесіп, Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасының жобасын әзірлеуде. Жобаны биыл шілде айында Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына шығару жоспарланып отыр.

Бірден айта кетейік, Әлеуметтік кодексті әзірлеудің мақсаты – азаматтарға өздерінің әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін іске асыруы үшін институционалдық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасау. Президенттің тапсырмасы әлеуметтік салаға ревизия жасауға және қазір тәжірибелі заңгерлердің өзі шатасып кететін заңнамаларды жүйелеуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік кодекстен не күтеміз дегенде алғаш ойға келетіні: жаңа қоғамдық шарт, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің нақты шегі, тиімді механизм, жүйелі көзқарас. Осы жоспарларды жүзеге асыру үшін әлеуметтік блоктың бүкіл заңнамалық ауқымын талдап қана қоймай, оны мемлекеттің экономикалық параметрлері мен бюджеттік мүмкіндіктерімен синхрондау қажет. Бұл бір жылда шешіле қоятын шаруа емес.

Дәл қазір Қазақстанда 19 кодекс жұмыс істеп тұр. Оның үшеуі мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізін құрайды. Атап айтқанда: Халық денсаулығы және Денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс, Еңбек кодексі және Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекс. Әлеуметтік кодекс аталған кодекстердің ешқайсысын алмастырмай, әлеуметтік саясаттың төртінші әрі негізгі тірегі болуы тиіс.

Әлеуметтік кодекстің өзіндік реттеу саласы бар. Қазір оның орнын халықты әлеуметтік қорғау саласындағы 17 заң басып отыр. Алайда, оның қай-қайсысы да әлеуметтік кодекстің орнын алмастыра алмайды.

«Қазіргі уақытта қазақстандықтарға 1 кодекс, 16 заң және 100-ден астам заңға тәуелді актімен реттелетін әлеуметтік қамсыздандыру шараларының кең спектрі ұсынылады. Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – бұл халықтың түсінуін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормасын бір құжатқа шоғырландыру. Әлеуметтік кодекс азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленеді және адам өмірінің әрбір кезеңіне қатысты бөлімдерді қамтиды. Бұл қазақстандықтарға мемлекеттік қолдау шараларын оңай түсінуге мүмкіндік береді» деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.

Оның айтуынша, аталмыш кодексті қабылдау халықтың әлеуметтік заңнаманы түсінуін жеңілдетіп қана қоймай, нормативтік-құқықтық актілер мазмұнының бірыңғай стилін қамтамасыз етеді (әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы бірқатар заңдар тоқсаныншы жылдардың басында қабылданған, ал, одан бері НҚА әзірлеу тәсілдері айтарлықтай өзгерген).

Сондай-ақ, кодекс шеңберінде азаматтардың әлеуметтік құқықтарын жүйелеу жүзеге асырылады – бір құжатта адамның өмір жолында, тіршілік әрекетінің барлық салаларында туындайтын барлық базалық құқықтар, оның ішінде ең төменгі әлеуметтік стандарттар көрсетілетін болады.

Тұжырымдаманы әзірлеуге ҚР Парламенті депутаттарын, орталық мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңестердің өкілдерін, сондай-ақ бастамашыл азаматтарды қоса алғанда, әлеуметтік саланың түрлі бағыттары бойынша 100-ден астам сарапшының қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының қызметі барысында 30-дан астам заңнамалық және 150 заңға тәуелді актілері, сондай-ақ әлеуметтік заңнаманы реттеудің халықаралық тәжірибелері зерделенді.

Халықпен және қоғамдық бірлестіктермен өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша жұмыс тобы 500-ге жуық ұсыныс жинап, оны қарады. Жұмыс тобы кодексті жалпы және ерекше бөліктерден тұратын екі бөліктен жасауды ұсынады. Жалпы бөлікте мемлекет пен азамат арасындағы әлеуметтік қатынастарды олардың өзара міндеттемелерін нақты айқындай отырып, құқықтық реттеудің негіздері белгіленеді. Ерекше бөлік әлеуметтік тәуекелдердің жекелеген түрлеріне арналады, онда оларға ден қою шаралары, әлеуметтік көмек алушылардың санаттары, төлемдердің мөлшері, оларды тағайындау шарттары мен мерзімдері айқындалады.

«Кодексті әзірлеу және қабылдау қазіргі уақытта қолданылып жүрген 16 заңның күшін жоюға алып келеді. Мәселен, қазір мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері 5 заңмен реттелсе, болашақта бір ғана кодекс болады. Бұл ретте жаңа кодекс бүгінгі таңдағы қолданыстағы барлық әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік қолдау нысандарының сақталуын, оның ішінде азаматтарды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан зейнетақылармен, жәрдемақылармен және төлемдермен қамтамасыз етуді, мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етеді» деп атап өтті Ақмәди Сарбасов.

Тұжырымдама бекітілгеннен кейін аталмыш министрлік Әлеуметтік кодекстің өзін әзірлеуге кіріседі.

Әлеумет бөлімі.

 

 

Пікір қалдырыңыз