Ашық төлем жүйесі енгізіледі

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Елдегі жол құрылысына қазынадан жыл сайын қыруар қаржы бөлініп жатады. Жол салынғаннан кейін оны күтіп-ұстауға тағы да қомақты қаржы жұмсалатыны белгілі. Ал, дамыған елдердің ұстанған тәсілі – жолды ақылы ету. Себебі, бюджет қаржысын шығындамас үшін олар жолдарды әлдеқашан ақылы жүйеге көшірген. Яғни жолдан түскен табыс сол жолды күтіп-ұстауға, инфрақұрылымды жетілдіруге жұмсалады. Елімізде алғашқы ақылы жол 2014 жылы іске қосылған болатын. Сол жылы «Астана–Шортанды» автобаны 800 млн. теңгеден астам пайда тапса, былтырғы табысы 1,66 миллиард теңгеге жеткен.

Күні кеше «Қазавтожол» ҰК» АҚ алдағы маусым айынан бастап еліміздегі 18 жолдың ақылы жүйеге көшірілетінін хабарлады. Бұл шамамен 6 мың шақырым жол. Олар: Шымкент–Өзбекстан шекарасы, Орал–Ресей шекарасы (Саратов), Орал–Ресей шекарасы (Самара), Ресей шекарасы (Орынбор–Ақтөбе, Шортанды–Петропавл, Шымкент–Қызылорда, Шымкент–Тараз, Тараз–Қайнар, Қапшағай–Талдықорған, Қарабұтақ–Қызылорда, Ақтөбе–Орал, Атырау–Бейнеу–Өзбекстан шекарасы, Ақтау–Бейнеу, Қостанай–Ресей шекарасы (Троицк), Нұр-Сұлтан–Қостанай, Павлодар–Ресей шекарасы (Омбы), Нұр-Сұлтан–Павлодар, Павлодар–Семей–Қалбатау учаскелері.

Компания өкілдерінің айтуынша, қандай автокөліктерден төлемақы алынатыны әр учаскенің техникалық санатына байланысты екен. Мәселен, 1-ші санаттағы жолдарда барлық автокөліктер, ал, 2-ші және 3-ші санаттағы жолдарда тек жүк көліктері ғана төлем жасайды. Осы орайда бүгінге дейін ақылы жолдардың тарифтеріне өзгеріс енгізілмегенін, бағаның өспегенін атап өткен жөн. Ал, жаңа учаскелердегі төлемақы мөлшерін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қарастырып жатқан көрінеді.

«Қазавтожол» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нұржан Бековтің айтуынша, аталған министрлік пен компания бірлесіп төлем алудың «ашық жүйесін» енгізу туралы шешім қабылдаған.

– Жүйенің бір ерекшелігі – жолға шлагбаум қойылмайды. Яғни көліктердің жүріп өткен жолы туралы ақпарат аркаларда орналасқан арнайы камералар арқылы тіркеледі. Төлем автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі бойынша жасалады. Көлік иелері бұған дейін әр шақырым үшін жеңіл көліктерге бір теңге, ауыр жүк көліктері үшін 25 теңге, 32 орынды автобустарға 10 теңге, одан көп орындығы бар автобустар үшін 15 теңге төлейтін. Алдағы баға осыдан ауытқи қоймас деп ойлаймыз.

Маусым айында іске қосылатын ақылы жолдардың қатарында облыс аумағынан өтетін «Шымкент–Өзбекстан шекарасы», «Шымкент–Қызылорда», «Шымкент–Тараз» бағытындағы жолдар бар. Қазір осы жолдарға бақылау құрылғылары орнатылған арка қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шымкенттен Түркістан қаласына дейін осындай 4 арка, Өзбекстан шекарасына дейін 3, Тараз қаласына дейін 2 арка орнатылады. Ал, жол бойында орналасқан ауыл тұрғындарына арнайы абоненттік жүйе енгізілген. Олар мың теңгеге абонент сатып алып, жыл бойы тегін жүруіне болады. Бірақ, бір ескертетін жайт, автокөлік міндетті түрде жол бойындағы ауданда тіркелуі шарт, – дейді филиал басшысының орынбасары.

Әрине, жолдың әр шақырымына ақша төленсе, жолақы мен жүк тасымалының бірден қымбаттап шыға келетіні айтпаса да түсінікті. Бұл өз кезегінде азық-түлік бағасына да әсер етеді. Республикадағы ең төменгі жалақы Түркістан облысында екендігін және бағаның күн сайын шарықтап өсіп бара жатқандығын ескерсек, мұның қарапайым тұрғындарға оңай соқпасы анық.

 

 

Пікір қалдырыңыз