Отандастарымыз күштілерді ойландырып тастады

Хоккейден Латвияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан хоккейшілері әлем чемпионы Финляндия құрамасын буллит сериясы бойынша ұтты. Бұл – біздің құраманың чемпионаттағы екінші жеңісі. Финдерден бұрын хоккейшілеріміз айдын қожайындары Латвия құрамасын да буллит сериясы бойынша тізе бүктірген еді.

Финляндия құрамасымен болған матчта Қазақстан құрамасының жеңісіне көп адам сене қойған жоқ. Әр чемпионатқа әртүрлі құрам әкелетін Финляндия құрамасы бұл матчтың ғана емес, чемпионаттың да фавориті саналатын.

Ойынның бірінші кезеңі аса тартысты өтті. Қателік жіберіп алмауға тырысып баққан қос құрама да сақ ойнады. Нәтижесінде бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңде ойынды өз қолдарына алған финдер 34-минутта есеп ашты. Алайда, Қазақстан құрамасының жауабы да дайын тұр екен, арада екі минут өтер-өтпес таразы басын теңестірді.

Үшінші кезең соңына дейін қос құрама есепке өзгеріс енгізе алмады. Овертаймда да қақпашылар қырағылық танытып, қақпаларына шайба жібермеді. Ал, буллит сериясында Қазақстан құрамасының жолы болды. Біздің құраманың қақпашысы Никита Бояркин 4 соққының үшеуін қайтарып, матчтың қаһарманы атанды.

Латвия құрамасымен ойында да біздің хоккейшілер буллит сериясында жеңіске жеткен. Ол ойында да Никита Бояркин шеберлік танытқан-ды. Осы жеңістерден кейін Қазақстан құрамасы В тобында екінші орынға көтерілді. Бүгін біздің хоккейшілер АҚШ құрамасымен ойнайды.

Ерболат АЙНАБЕКОВ.

 

 

Пікір қалдырыңыз