Облыс басшысы «Тұран» командасымен кездесті

Жақында Түркістан облысының əкімі Өмірзақ Шөкеев футболдан Қазақстан чемпионатында облыс намысын қорғайтын «Тұран» командасымен кездесу өткізді. Облыс басшысы түркістандық талантты футболшылармен болған жиында өзі командаға жанкүйер екенін айта келе, жас ойыншыларға əрдайым сенім білдіретіндігін жеткізді.

«Футбол ойынында əрине жеңістер мен жеңілістер қатар жүреді. Біздің командамыз еліміздегі UEFA-ның халықаралық талаптарға сай бой түзеген стадионында өнер көрсетеді. Футбол бұл – командалық ойын. Сондықтан да, менің айтарым «Тұран» футбол командасының Қазақстан чемпионатында премьер лига командалары арасында жақсы жетістіктерге жетуі үшін барлық жағдай жасайтын боламыз. Расында да, біздің жігіттердің жеңіске деген күш-жігерлері жетеді» деді Ө.Естайұлы.

Басқосу барысында «Тұран» футбол командасының құрамы өте талантты жергілікті футболшылармен жасақталғандығын, оларды білікті бапкерлер жаттықтыратындығына да тоқтала өтті. Жиынға арнайы қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Түркістан облыстық футбол федерациясының президенті Хаким Көшқалиев те ойыншыларымызға мол сенім білдіріп, келешекте өңірімізде футбол əлемдік рангіде жандана түсетіндігін айтты. Сонымен қатар, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев облыс басшысына биылғы чемпионатта барынша жоғарғы орындардан көріну үшін жұмыс жасайтындарын жеткізді.

 

Жүздесу жігер берді

Осы кездесуден кейін «Тұран» футбол командасы Қазақстан премьер-лигасындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Футболдан Қазақстан чемпионатының 9-туры аясында «Ордабасы» командасымен матч өткізіп, түркістандықтар қарсыласын 1:0 есебімен ұтып, маңызды деген үш ұпайды еншіледі.

Бас бапкер Абдухалық Бөрібаевтың шəкірттері бұл кездесуде өздерінің дұрыс ойын тактикаларын жүзеге асыра білуінің нəтижесінде жеңіске жетті. Осылайша жерлестеріміз турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартты. Гол соққан - «Тұран» командасының шабуылшысы Темірлан Әміров.

Премьер лига командалары арасында облыс намысын қорғайтын «Тұран» командасы енді 9 мамыр күні өтетін 10-турда өз алаңы «Түркістан-Арена» стадионында Солтүстік Қазақстан облысының «Қызыл-Жар» командасымен күш сынасады.

 

 

Пікір қалдырыңыз