Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Мақтаарал ауданында қазіргі таңда Ұлы Отан соғысының екі ардагері тұрады.

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында аудан әкімі Бақыт Асанов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев ардагерлердің шаңырақтарына арнайы барып, мерекелік сый-сияпаттарын табыстады. Атап айтқанда, әрбір майдангерге 1 миллион теңге қаржылай сыйлық, теледидар және мерекелік себеттерін сыйға тартты.

Ең алдымен аудан басшылары Мырзакент кентінде тұратын Сейтмұрат Күзжанов қарияның шаңырағында болды. Ардагер 1944 жылы қараша айында кеңес әскерінің қатарына алынып, сол жылы желтоқсанда Кавказ соғысына қатысады. Кавказдан немістерді тазалай жүріп Украина жеріндегі Десна қаласында шайқасады. 1945 жылы Венгрияның Будапешт қаласында Дунай жағасында қорғаныста тұрған. Соғыс аяқталатын тұста қолға түскен немістерді Өзбекстанның Тауажар, Шыршық қалаларына тасуға көмектеседі.

Мұнан соң аудан әкімі бастаған топ Атакент кентінде тұратын Николай Дзецина қарияның шаңырағына аялдады. 1942 жылы Мақтаарал ауданынан әскерге кеткен Николай ақсақал Самарқан қаласына көшірілген Воронеждегі байланысшылар даярлайтын училищенің 4 айлық курсын бітіріп, Новосибирск қаласында 3 ай әскери қызметте болады. 1943 жылы 3-Белоруссия майданының құрамындағы 1-ші әуе армиясы штабының байланыс бөлімінде қызмет етеді. Смоленск, Витебск, Минск, Рига, Варшава және Кенигсберг қалаларын азат етуге қатысқан.

Айта кетейік, 7 мамыр – Отан қорғаушылардың мерекесіне орай Мақтаарал ауданы мәслихатының шешімімен 338 тыл ардагеріне 30 мың теңгеден бір реттік ақшалай төлем жүргізілді. Сонымен қатар, мереке қарсаңында соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға, оның ішінде Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілер, 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға, Семей полигонында ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған, радиациялық апаттар мен авариялардан зардап шеккен азаматтарға да 30 мың теңге көлемінде ақшалай көмек аударылды.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз