Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 1 миллион теңгеден беріледі

Түркістан облысында қазіргі таңда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 28 ардагер тұрады. Ұлы Жеңістің 76 жылдығын мерекелеуге байланысты олардың әрқайсысы 1 млн. теңге көлемінде бір жолғы төлем алады. Сондай-ақ, екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген 214 тұлғаға бір жолғы материалдық төлем қарастырылған.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша 6808 ардагерге Ұлы Жеңіс мерекесінің құрметіне бір реттік материалдық көмек төлеу үшін аудандық, қалалық бюджеттер есебінен 233,2 млн. теңге бөлінді. Төлемдер 4 мамырға дейін толық аяқталады. Оның ішінде:

– 28 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне – 1 млн. теңге;

– 6722 тыл еңбеккері мен қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне – 30 000 теңге;

– Ленинград блокадасына түсіп қалған 55 азаматқа және соғыста қайтыс болғандардың жесірлеріне – 60 000 теңге;

– 3 кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарға, ҰОСҚ, ҰОСМ теңестірілген басқа да санаттарға 100 000 теңге төлемақы белгіленді.

Түркістан облысы бойынша екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің суреттері бейнеленген билбордтар орнатылады.

Сонымен қатар, Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, құттықтау шаралары жүргізіледі. Ардагерлер ұйымдарының төрағаларымен бірлесіп өткізілетін шара барысында карантин талаптары қатаң сақталады. Онда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің атынан ардагерлерге құттықтау тілегі жеткізіліп, сый-құрмет көрсетіледі.

Облыс бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлері тұрғын үймен толық қамтамасыз етілген. Сауықтыру шараларын жүргізу мақсатында соғыс ардагерлеріне жасақталған әлеуметтік картаның нәтижесінде денсаулық сақтау саласы тарапынан 28 ардагердің үйіне барып, қажетті медициналық қызмет көрсетілді, диспансерлік тексерулерден өткізілді.

Жыл сайын облыстың тарихи және мәдени ескерткіштерінің техникалық жағдайына мониторинг жүргізіліп, тиісінше жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Облыс бойынша 315 ескерткіш, 78 мемориалды және монументтік кешендер бар. Бүгінгі таңда олардың бірқатары жаңартылуда.

Жыл сайын аға ұрпақ өкілдерін сауықтыру мақсатында 7,8 мың жекелеген санаттағы ардагерлер демалып, емделеді (Ардагерлер үйінде – 4000, «Мейір» ардагерлер үйінде 3800 соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, зейнеткерлер).

Бүгінгі таңда әлеуметтік қашықтықтың сақталуына байланысты 7800 орынға ардагерлердің 50%-ы жайғастырылып, яғни 3900 зейнеткер денсаулығын түзетуге мүмкіндік алуда.

Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға басымдық беріліп, бірінші кезекте аталған демалыс орындарына жолдама берілетін болады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз