Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы

Елбасының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассам­блеясының «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты XXIX сессиясы өтті. ҚР Тұңғыш Президенті–Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен сессия жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және онлайн форматта 550-ден астам адам қатысты.

Олардың қатарында барлық өңірлерден келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар. Сессия барысында Елбасы Ассамблеяның алдына қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті одан әрі нығайту бойынша нақты міндеттер қойды.

Сессияда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл бұрын көпұлтты әрі көпконфессиялы Қазақстан халқы маңызды таңдау жасап, болашаққа бірлікпен, татулық және келісіммен бет бұрғанын атап өтті.

– Бұл бізге мемлекеттілігімізді құруға қолайлы жағдай жасап, Қазақстанның қазіргі келбетін қалыптастыруға қажетті мол ресурспен қамтамасыз етті. «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын еліміздің Конституциясы оған негіз болды, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмысын жақсартудағы жетістіктеріне кеңірек тоқталды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті бүгінде Қазақстан жауапты жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтті. Бұл пандемия мен жаһандық экономикадағы дағдарыс құбылыстары күшейген, сондай-ақ әлемдік көшбасшы елдердің геосаяси бәсекеcі шиеленіскен кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр.

– Осы және басқа да қолайсыз жағдайлар мемлекетіміздің дамуына теріс әсерін тигізбей қоймайды. Бұл орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты ойластырылған сындарлы саясат жүргізіп жатқанына сенімдімін. Мұны бәріміз қолдауға тиіспіз. Ол барлық қазақстандықтардың мүддесіне және ұлтымызды одан әрі дамыту мақсаттарына қызмет етеді, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде алдағы уақытта мемлекеттік саясат пен ұлттық тұтастықтың берік арқауы болуға тиіс бес қағидатқа ерекше назар аударды. Ол: мемлекет пен халық арасындағы сенімге және өзара іс-әрекетке негізделген қазақстандық патриотизм қағидаты; азаматтардың құқықтарының теңдігі қағидаты; мемлекеттік тіл – қазақ тілінің біріктіруші рөлі қағидаты; мәдениеттер алуандығымен сабақтасатын «Алуан түрліліктің бірлігі» қағидаты; ұлттың үздіксіз жаңғыруы қағидаты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті халқымыздың бақуат өмір сүріп, еңбек етіп, болашағын құрып жатқаны татулық пен келісімнің арқасы екенін атап өтті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның барша мүшелеріне ұйымның елді дамыту бағытына ұдайы қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

– «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға сәйкес менің Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқаруға құқығым бар екенін білесіздер. Бұл ретте Ассамблеяны басқарудың бірқатар өкілеттіктері ел Президентінің құзырында. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының маңына топтасып, оған тірек болуы керек. Сондықтан мен Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруді ұйғардым. Бұл шешім Ассамблеяның мүддесіне сай келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа барлық жұмысты, сондай-ақ халқымыздың, қоғамымыз бен мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық жоспарларды жүйелі құруға көмектеседі деп кәміл сенемін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Өз кезегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін беруді ұсынды.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу жөніндегі біздің ортақ ұсынысымызды қабыл алуыңызды сұраймыз. Бұл мәртебе халқымыз бен мемлекетіміздің алдындағы тарихи еңбегіңіз үшін Сізге лайық. Ассамблеяның барлық мүшелері бұл ұсынысты қолдайтынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

 

 

Пікір қалдырыңыз