Автотұрақ мәселесі оң шешілуде

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласындағы паркинг мәселесін шешу бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі айналасында 2 мыңға жуық көлікке арналған автотұрақ бар. Қазіргі уақытта бұл бағытта полициямен бірлескен жұмыстар атқарылуда. Облыс басшысы қала аумағындағы атқарылған жұмыстарды пысықтады.

Түркістан қаласында автотұрақтардың аз болуы бірқатар қиындықтар тудыруда. Атап айтқанда, туристер рухани-мәдени орталық аумағында орналасқан автотұрақтарды таппай, кез келген орындарға автокөліктерін қойып, көлік кептелістері орын алуда. Осыған орай тиісті сала мамандары өңір басшысына «Түркістан тұрағы» жобасын таныстырды. Ақылы автотұрақтар арқылы – «ретсіз тұрақ» проблемасы оң шешіледі.

Қаладағы құрылыс алаңдарын аралап шыққан өңір басшысы Түркістанға кіреберіс жолда салынып жатқан 5 мың орынды зәулім мешіттің құрылыс барысымен танысты. Бұл – күллі түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласына Өзбекстан мемлекеті тарапынан жасалған сый. Шығыс үлгісіндегі Ислам орталығының аумағы 20 мың шаршы метр, айналасына 400 орынды медресе, кітапхана, асхана, неке сарайы және басқа да қосымша нысандар түседі.

Облыс басшысы Түркістанда жаңадан салынып жатқан Назарбаев зияткерлік мектебінде болды. Құрылысы жүріп жатқан білім ұясында 720 бала білім алады. Мұнда 120 орынға арналған жатақхана салынуда. 6 гектар аумаққа орналасқан 3 қабатты жаңа білім ордасының жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құрайды.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолынан Майкотов көшесіне дейінгі автожолдың жалпы ұзындығы 6,5 шақырымды құрайды. Бұл – Шәуілдірден тікелей Шымкент бағытына шығатын және Түркістан әуежайын әкімшілік-іскерлік орталық арқылы жаңа теміржол вокзалына кедергісіз қосатын күре жол. Жолдың 5,5 шақырымына асфальт төселіп, жарықтандыру бағаналары орнатылған. Суағар науа (лоток) және аяқжол мен веложолдар салынуда. Ал, жобаның 1 шақырым аумағына, яғни М32 «Самара–Шымкент» автодәлізі мен №9 көше аралығына өзгеріс енгізіліп, 4 жолақты жолдан 6 жолаққа ауыстырылды. Осы аумақта да түнгі жарықтандыру жүйесі орнатылған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз