Журналист жұбайлар

«22 сәуір, Ильичбек, сенің туған күнің ғой. Үш күннен кейін, 25 сәуірде менің де дүниеге келген күнім. Мұндай қуаныш жылда атаусыз қалмайтын, бір күнде қоса тойлайтынбыз. Арқа-жарқа думандатып жатпаушы ма едік. «Жумка құрдас, бүгін біздің ортақ төл мерекеміз ғой, ә» деп күлімдей қарап тұратын сәттегі нұрлы бейнең әліге дейін көз алдымда. Әттең... жалған дүние-ай, ажалға дауа жоқ екен, ол өзіңді арамыздан тым ерте жалмап кете барды. Міне, сол қаралы күндерден бері де 18 жылға жуық уақыт зымырап өте шығыпты. Сенсіз өткен 18 жыл...»

Белгілі фотожурналист, небәрі 46 жасында өмірден озған Ильичбек Мұртазаевтың мәңгілік махаббаты, Құдай қосқан қосағы, жан жары Жұбайдың жүрегі биылғы сәуір айында да осылайша толқыған болар.

Атам қазақ балаға ат қоюдың хас шебері. Ильичбектің есімі кеңес кезеңінде «күн көсем» атанған Лениннің туған күніне байланысты қойылыпты. «Неге Көсемәлі дей салмады екен» деп өзі достарының арасында әзілдеп айтып жүріпті. Ал, Жұбайдың құжаттағы есімі – Жұбайым. Жұбайым келе-келе Жұбайға айналып, атына заты сай, жұпқа лайық жұбай болып шықты. «Әйелімнің аты Жұбай десем, ешкім сенбейді» деп жүруші еді Ильичбек жарықтық.

Ерлі-зайыпты Мұртазаевтардың бүткіл саналы ғұмыры баспасөз саласына арналыпты. «Ильичбекпен мектеп қабырғасында 9-сыныпта оқып жүріп, мақта теріміне барғанда алғаш танысқан екенбіз. Әуелгіде жақсы дос болдық. Достығымыз махаббатқа ұласты. Мектептен кейін мен Шымкенттегі полиграфия техникумына оқуға түстім. Ильичбек ҚазМУ-дің журналистика факультетінде сырттай оқып, аудандық газетте фототілші болып істеп жүрді. 1978 жылы тамызда екеуміз үйленіп, Кентау қаласына көшіп бардық. Ол «Кентау правдасы» газетіне орналасты. Кеншілер қаласында тұңғышымыз Дамира дүниеге келді. Көп ұзамай Ильичбектің туып-өскен Темірлан ауылына келіп тұрақтадық. Екеуміз де Бөген (қазіргі Ордабасы) аудандық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Ордабасы оттары») газетінде ұзақ жылдар бойы жұмыс істедік» деп еске алады бүгінде Жұбай замандас..

Бала күнінен сурет түсіруге әуестеніп, фотожурналистиканы меңгерген Ильичбек 1998 жылдың көктемінен өмірінің соңғы сәтіне дейін облыстың бас басылымы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде арнаулы фототілші қызметін мінсіз атқарды. «Біреуге қылаудай да қиянат жасау дегенді білмейтін, қашанда аузын ашса көмекейі көрініп жүретін ақ пейілді абзал дос Ильичбек Мұртазаевты облысымыздың барлық оқырманы білетін. Қолында фотоаппараты, елпең қағып жүретін елгезек жан еді. Бірер күн бұрын Алматыдан өзі барып әкелген цифрлы фотоаппаратына қызыға қарап «енді жұмысым бұдан да жақсара түсетін болады» деп балаша мәз болып тұрды. Кеше ғана «жақсы бір сурет түсіріп әкелейінші» деп редакциядан күлімдеп шығып кете барған еді-ау» деп қарашаңырақ газеттің күңірене жазғаны да есте.

Айналасына мейірмандығы мен ортасында адалдық қадір-қасиеті мол азаматтың көптің құрметіне ертелі-кеш бөленетіні бар. Кәсіпқой фотожурналист әріптесіміз 1999, 2000 және 2001 жылдары облыс әкімінің «Нұрлы объектив» номинациялық сыйлығын жеңіп алды. Іссапарда автокөлік апатынан қаза болған Ілекеңнің түсірген суреттері сол жылы облыстық газеттер арасында «Ауыл–2003» тақырыбында өткен байқаудың бас жүлдесіне бірауыздан лайық деп табылды. 2004 жылы Темірлан ауылындағы жаңа көшеге ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Ильичбек Мұртазаевтың есімі берілді. Аудандық мұражайға үнемі мойнынан бір түспейтін фотоаппаратын ұрпаққа үлгі етіп қойды. 2013 жылы өзі еңбек еткен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы аяулы әріптесті мәңгілік есте қалдыру мақсатында «Жапырақ жүрек» деген атпен сурет өнерінің шебері Ильичбек туралы жазылған естелік жинақты баспадан шығарды.

Ал, Ілекеңнің мектепте жүріп мақта терімінде танысқан бала махаббаты, кейін адал жарына, өмірлік жұбайына айналған «Жумкасы» – Жұбай да қашан зейнетке шыққанша газет өндірісіне шын ықыласымен беріле қызмет етті. Ильичбекпен бірге аудандық газетте жүргенде қорғасыннан әріп құйды, машинкада мақала терді. Корректорлық, жауапты хатшылық, Ильичбек іссапарда жүргенде фототілшілік, редактор белгілі себеппен жұмыста жоқ кездері уақытша редакторлық қызметтерді де атқарып жүрді. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне Ильичбекпен қатар келіп, газет беттеуші болып жұмысқа тұрды. Кәсіпқой маман өз ісіне жетік-тін. Сондықтан да болса керек, редакция басшылығы оны ең жауапты жұмыстардың бірі – жауапты хатшының орынбасары қызметіне тағайындады. Қарашаңырақ басылымдағы еңбегі лайықты бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. Құрметті зейнетке шыққаннан кейін де ұйымшыл ұжымынан қол үзбей бірер жыл жұмысын жалғастырды.

Еңбек ардагерлерінің қатарына қосылған Жұбай замандастың бүгінде, Құдайға шүкір, жан жары Ильичбектің шырағын сөндірмей, өнегелі отбасының ошақ отын өшірмей отырған жайы бар. Соңында қалған перзенттерін қатарынан кем қылмай жетілдірген, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты ана. Қос қызы Дамира мен Эльмира тұрмыста. Жомартын да үйлендірді. Қазір олардан немере сүйіп, бақытты ана мен әжеге тән сый-құрметті сезініп, жаны жайдарыланған жан. Зейнеткермін деп үйінде қол қусырып отырған ол жоқ. Ұлы Жомарт ашқан жеке кәсіпкерлік фирмасында тамақ өндірісі саласында ертелі-кеш тынымсыз еңбек етіп келеді. Шымқаланың ең көрікті көшесінде құс етін пісіріп саудалайтын шағын асханада кәсіпкерліктің көрігін қыз-қыз қайнатып жүр. Ал, біздер, «Оңтүстік Қазақстан» сынды қарашаңырақ басылымда бірге қызметтес болған әріптестері, кездескен сәтте «Жарайсың, Жұбай!» деп дем беріп қоямыз.

Ертай БЕКҚҰЛ. Шымкент қаласы.

 

 

Пікір қалдырыңыз