Түркістанды түлету – түркі халықтарының ортақ міндеті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Мәдениет және спорт министрлігі және Нұрсұлтан Назарбаев Қорының ұйытқы болуымен «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» деген тақырыпта халықаралық онлайн-конференция өтті. Елбасы кітапханасында өткен шараға Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ш.Нұрышев, Түркия Республикасы президентінің кеңесшісі Я.Топчу, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Б.Әміреев, Әзірбайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Әзірбайжандағы Ататүрік орталығының төрағасы Н.Джафаров, халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Б.Чакыджи, археолог З.Самашев, Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің «Философия және руханият негіздері» кафедрасының меңгерушісі Н.Шермухамедова сынды белгілі ғалымдар қатысты. Басқосуды Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат жүргізді.

Конференцияда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев сөз алып, Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Түркістанды түлету, оны Түркі халықтарына ортақ рухани орталық дәрежесіне көтеру – Елбасының арманы әрі мақсаты болғанын айтты.

– Елбасының Түркістанға тарихи мәртебесін қайтару ісіне баса назар аударуында үлкен мән жатыр. Себебі, Түркістан – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры, Қазақ хандығының астанасы болған киелі қала. Түркі жұртының Орта Азия мен Қазақ­стандағы теңдессіз тарихи жәдігері – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орын тепкен жер. Осылайша, түбі бір түркі елдері рухани орталығы ретінде қастерлейтін Түркістан қаласы қазір алып құрылыс алаңына айналып, дамудың жаңа сатысына көтерілді, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыс әкімі Түркістан қаласының түркі әлемінің рухани астанасы болып жариялануын тарихи әділдік деп бағалайтынын айтып, барша қатысушыларды Түркістанның жаңа тарихи кезеңінің басталуымен құттықтады.

31 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында өткен түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өте табысты аяқталды. Әрі тарихи әділдік орнап, Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы болып бекітілді» деді облыс әкімі.

Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес, қала айналасынан 8 мың гектарға жуық аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспары жыл соңына дейін толық жүзеге асады. Бұл жазы ыстық Түркістанның жасыл желекке орануына сеп болмақ.

– Бұл жұмыстардың барлығы тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қадағалауымен жүзеге асып отыр. Қазіргі таңда Түркістан қаласы – халықаралық шаралар мен саяси-экономикалық маңызды басқосулар өткізуге толық дайын. Мен түркітілдес елдермен бірге өткізетін айтулы жобаларды күллі түркі жұртының астанасы Түркістанда өткізуге шақырамын! – деді Өмірзақ Естайұлы.

2017 жылы Түркістан қаласы «Түрксой» халықаралық ұйымының ұйғарымымен «Түркі елдерінің мәдени астанасы» болып жарияланғанын атап өткен Өмірзақ Естайұлы пандемия толықтай аяқталған соң Түрксой ұйымымен бірлесіп, халықаралық деңгейдегі іс-шараларды рухани шаһарда өткізу туралы жоспарымен бөлісті. Сөз соңында конференцияға қатысушыларды Түркістанды барлық бағытта дамыту жұмыстарына белсене атсалысуға шақырды.

– Түркістан – қазақ жұртына ғана емес, күллі Түркі елдеріне ортақ қасиетті ұғым, рухани орталық. Демек, оның тарихы да, рухани дамуы да бауырлас елдерді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бағдар болуы тиіс. Осы мақсатта өтіп жатқан бүгінгі жиынның Түркістанның ашылмаған тарихи құпиялары мен терең тарихын кеңінен тануға мүмкіндік береді деп сенемін. Баршаңызды Түркі жұртының рухани шаһары Түркістанды барлық бағытта дамыту жұмыстарына белсене атсалысуға шақырамын! – деді Өмірзақ Шөкеев.

«Оңтүстік»-ақпарат.

 

 

Пікір қалдырыңыз