Жедел әрекет ету тобы есеп берді

Түркістан қаласында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында құрылған Түркістан облыстық жедел әрекет ету тобының отырысы өтті. Жиынға топ құрамына енген облыстық басқарма басшыларының орынбасарлары мен өкілдері қатысты.

Жиынды «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы, облыстық мәслихат депутаты Калыйма Жантөреева жүргізіп отырды. Күн тәртібінде жағдайы төмен отбасыларға, сондай-ақ, әйелдер мен балаларға жан-жақты көмек көрсету бойынша атқарылған жұмыстар сараланды. Zoom платформасы арқылы Арыс, Кентау, Түркістан қалалары мен Төлеби ауданында құрылған жедел әрекет ету топтарының жұмыстары бойынша баяндамалар тыңдалды.

– Облыс орталығында жедел әрекет ету тобы жұмыс істеп жатыр. Аталған топ полиция қызметкерлері, денсаулық сақтау, білім салаларының қызметкерлерімен бірлесіп, көптеген мәселелерді шешуге ықпал етуде. Атап айтсақ, 264 адамға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және діни, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша қызмет көрсетілді. Заңгердің қызметіне – 104 адам, психолог қызметіне – 73, әлеуметтік сала қызметіне –79 және теологтың қызметіне 8 адам жүгінген. Отбасы мен туыстары бас тартқан 3 қарияны Шымкент қаласына әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастыруға көмек көрсетілсе, ішкілікке салынған 4 жас ана психологиялық және наркологиялық диспансерлік орталыққа емделуге жолданды. Олардың балалары туыстарына және бейімдеу орталығына орналастырылды, – дейді Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Базарқұлов.

Ал, Арыс қаласы әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаевтың айтуынша, Арыс аудандық полиция бөлімі есебінде 18 жасөспірім және 45 қиын отбасы есепте тұрады екен. Қиын жағдайда қалған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қолдау бойынша әкімдік пен құзырлы органдар тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынған.

Кентау қаласында да жедел әрекет ету тобы өз қызметін тыңғылықты атқаруда. Мекеме басшылары мен өкілдері бірлесіп, тиісті идеологиялық және ұйымдастыру жұмыстары атқарылғанын айтады.

– Оқу орындарында кездесулер, іс-шаралар ұйымдастырылып, жасөспірімдерге психологиялық кеңес берілді. Сонымен бірге әйелдерді отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде осы жылдың 3 айында 73 тұлғаға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, 52 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әлеуметтік жағдайы төмен және қолайсыз отбасылардағы 8 адам алкоголизмнен профилактикалық емдеуге, 4 адам сот шешімімен 6 айға мәжбүрлеп емделуге жіберілді. Қазір Кентауда 14 жайсыз отбасы есепке алынған. Кентау қалалық ішкі істер бөлімінде 30 отбасы есепте тұрады, ол шаңырақтарда кәмелетке толмаған 49 бала тәрбиеленеді. Оның 42-сі мектепке барады. Аталған оқушылар мектеп басшылығы, педагогтар мен психологтардың жіті қадағалауына алынды, – деді Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бекайдар Әлімбетов.

Төлеби ауданында да «Бақытты отбасы» жобасы бойынша қозғалыс бар. Былтыр ауданда психологиялық көмекті аса қажет ететін 73 отбасы назарға алынып, құқықтық кеңестер берілген. Жоғарыда аталған аймақтарда «Nur Otan» партиясының «Біз біргеміз» акциясы ұйымдастырылып, отбасыларға азық-түлік, басқа да тиісті көмектер ұсынылған.

Сондай-ақ, жиында «Jas Otan» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман қиын жағдайға қалған отбасыларға тек әлеуметтік көмек көрсетіліп қана қоймай, оларды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі жолға қойылса деген ұсынысын жеткізді. Оған қоса жуырда төтенше жағдайлар департаментінің мамандары және жергілікті жауапты мекеме қызметкерлері мен ерікті жастардың жасаған мониторинг қорытындысына да тоқталды. Аталған топ мүшелері Түркістан қаласында 13 кәріз құдығының қақпағы ашық әрі тұрғындар үшін қауіпті күйде қалып тұрғанын айтты. Жауапты мекемелердің бұл мәселеге жедел назар аударуы керектігін жеткізді.

Жиын соңында Калыйма Жантөреева алдағы уақытта «Бақытты отбасы» жобасы аясында жұмыс одан әрі жалғасатынын атап өтті.

– Жедел әрекет ету тобының мақсаты – қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтап, жергілікті әкімдіктер мен қоғам арқылы оларға жан-жақты көмек көрсету. Біз ана мен баланың құқығын қорғау, жалпы қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау мәселесін назарда ұстауымыз керек. «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында барлық аудандарға кол ұшын беруге дайынбыз, – деді ол.

Жедел әрекет ету топтары өңірде өз жұмысын былтыр бастаған болатын. Бүгінгі таңда жалпы саны 191 жедел әрекет ету тобы құрылған. Атап өтсек, 1 облыстық, 3 қалалық, 13 аудандық, 174 ауылдық топ жұмыс істеп жатыр. Оның құрамында партия өкілдері, мектеп психологтары мен ұстаздар, полицейлер, дәрігерлер мен әлеуметтік бағыттағы қызметкерлер бар.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.

 

 

Пікір қалдырыңыз