Алтынтаудың ақиығы

Қазақ өлеңін түр жағынан да, мазмұн жағынан да байытуда қыз-келіншектердің қосқан үлесі аз емес. Әсіресе, өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары Мәриям Хакімжанова апаларының өкшесін ала әдебиетке келген қыздар қазақ поэзиясын жаңа бір белеске шығарды десе болады. Сол толқынның ішінде жерлесіміз Бәтима Батырбекованың орны бөлек-ті. Бәтима Батырбекованың жыр әлемі туралы зерделі зерттеулер, тың ойлар алдағы уақытта айтыла береріне сенеміз. Біз бүгін Бәтима Батырбекованың туып-өскен ортасы туралы әңгіме қозғағанды жөн көрдік.

Қасиетті Қаратаудың Алтынтау аңғары Алтынтау десе, Алтынтау! XIX ғасырда Алтынтаудың алтынын ағылшындар алса, Кеңес өкіметі тауды тауға қосып, тіпті қопарып тастады. Одан сәл әрідегі «Күмісті» де кенге бай жер. Адам дегеніңіз алтын, күміске қашан тойған, Алтынтау мен Күмістіні әлі қазып жатыр, әлі қазып жатыр... Олар да түгесілер емес, біз де тояр емеспіз...

Осы өңірде өмір сүрген Базардан Бәтен, одан Байғана, одан Ыбырай мен Мыңжан туады. Мыңжаннан Батырбек, одан Кәдірбек пен Бәтима тарайды. Батырбекқызы Бәтима 1928 жылы 5 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Алтынтау ауылында дүниеге келген. Ағасы Кәдірбектен Мәрияш, Шәріпбек деген ұрпақтары өніп-өсіп келеді. Бойжеткен Бәтима сыншы Төлеген Тоқбергеновке тұрмысқа шығады. Төлеген мен Бәтиманың Роман, Нұрлан, Гүлстан, Нұржан атты ұл-қыздары бар. Романнан Арман, Сәмет, Нұрланнан Ұрықсан, Раушан, Гүлстаннан Ғабит, Сәбит. Нұржаны ертерек қайтыс болып кетті.

Жалпы қарап отырсақ, Әлдекей атадан өрбіген Иса, Жәнәділ секілді атақты кісілер болыпты. Бұл рудан ақындар да көп шыққан. Кешегі қара сөздің өзін өлеңдетіп айтатын Асқар, Зейнетай ақындар осы Бәтиманың жақын ағалары болады.

Сонау 1952 жылы республикалық «Қазақстан әйелдері» журналында Бәтиманың бір топ өлеңдері жарияланады. Осыдан кейін ауыздығын шайнаған жүйріктей өлеңдері бірінен соң бірі шыға бастайды. Өзі қандай сырбаз да көркем болса, өлеңдері де жібектей есіліп тұратын. Өйткені, Бәтекең нағыз қарапайым қазақ қызы, дархан даланың жібек желімен жарысып ауылда өскен, инабатты, ибалы, нәзік жүректі жан еді.

Біз Бәтима апайымыз туралы айтар болсақ, ол кісінің өмірлік жолдасы, қазақтың талантты сыншысы Төлеген Тоқбергеновке соқпай өте алмаймыз.Төкең жалпы поэзияны зерттегенде, сонау Аристотельден бастап, Мұқағали, Фариза, Төлегенге дейін әкеледі. Бәтима өлеңдерінің зор тынысты, байсалды болып шығуына осы Төкеңнің де ықпал-әсері аз болмаса керек.

Ақыл-ойға жомарт Сократ өзгеден үйренерім жоқ демеген, ал, қазақтар Аплатон атаған Платон өзін Сократқа шәкірт санаған. Олай болса, өнер жолы үнемі үйренуден, ізденуден тұрады. Төлегендей үлкен сыншымен бір шаңырақ астында өмір кешкен ақын Бәтима да ізденуден жалықпаған жан.

1966 жылы «Жазушы» баспасынан «Сал-сал білек» деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы шыққан соң «Ашылды гүлдер», «Әрқашан күн сөнбесін», «Жарқыра, күнім», «Қос алға», «Іңкәрім менің», «Күміс алқа», «Мизамшуақ», «Аққу арман» болып жалғасып, қазақ поэзиясында өзіндік нақышты өрнекпен, Алтынтаудың ақын қызы жарқырай көрінді.

Бәтима Батырбекова дүниеден өткеннен кейін 1989 жылдың күз айында Қарақұр ауылында үлкен жиын болды. Бұл жиын – ақынның 60 жылдығына орайластырылған ақынға ауылдағы бір көшенің атын беру салтанаты еді. Алматыдан келген меймандарды Төлеген ағамыз бастап келді. Олардың ішінде ақын Қуандық Шаңғытбаев, жазушылар Мархабат Байғұт, Өтеш Қырғызбаев бар еді. Осы тойда:

Қастерлейтін ежелден қызын ел екен,

Алтын бесік ел іші деген берекем.

Тағдыр сені біздерден алып кетсе де,

Ауылыма келді өлеңің, тойың, мерекең, – деп өлең арнаған екенмін. Ол өлең «Алтынтаудың бұлбұлы» деген атпен аудандық газетке басылды. Міне, оған да талай уақыт болыпты. Осы тойда сөйлеген кісілердің ішінде менің есімде қалғаны белгілі шежіреші, ақын Жұмақан Төлебаев ағамыздың өлеңі болды.

– Бәтима қыз боп өсті өнегелі,

Қуғаны жасынан-ақ өлең еді.

Ақынның туып-өскен құт мекені,

Алтынтау, Қарақұрдың өзені еді.

Дәстүрлі сол кездегі адамдардың,

Қыз-жігіт боп айтысы өнері еді.

Айтыс десе алдына жан салмастан,

Суырылып шу дегеннен жөнер еді.

Жас кетті, Бәтима жоқ арамызда,

Тірі болса көп мұра берер еді.

Қазіргі қайта құру кезеңінде,

Келеңсіз құбылысқа не дер еді?

Тойын тойлап отырмыз еске алып,

60 жасқа осы жыл келер еді.

Білімді, қарапайым, мінезі ашық,

Менмен емес, досына төмен еді.

«Жаманнан жат, жақсыдан ат қалар» деп,

Бұрынғылар осылай деген еді.

Көше аты берілсін Бәтимаға,

Көбірек елдің қамын жеген еді.

Кетерміз дем таусылса, өмір қысқа,

Сөз болып Жұмақаннан қалсын нұсқа, – деп жырлады ақын ағамыз сонда. Міне, Бәтимамен бірге өсіп, бірге оқыған, мінезіне әбден қанық Жұмақан ағамыздың осы мінездемесі ақын апайымыздың бүкіл болмысын айшықтап тұрғандай.

Жұмекеңнің өлеңіне зер салсаңыз, ол Бәтима Батырбекованы суырып салма, айтыскер ақын дейді. Жұмекеңді мен өмірінің соңына дейін жалықпай тыңдадым. Ол кісінің бірде былай дегені бар еді. «1952 жылы әйелім дүниеден өтіп, жас қызға үйлендім. Қыз кәмелетке сәл жетпеген екен. «Кәмелетке жетпеген қыз алды» деп үстімнен арыз жазылды. Бұл арыз сол кезде аудандық партия комитетінің әйелдер ісі бөлімін басқаратын Бәтимаға тиіпті. Бұрынғы әйелім жағынан Бәтима балдызым болатын. Алайда, ол айқай-шу шығарып, тексеріп, елді шулатқан жоқ:

– Келеңсіз секілді бір сыр ақтармау,

Барлығы тірлігіңнің сияқты алдау.

Өзіңнің қызыңдай жас қызды алып,

Жұмақан, мына ісің ұят болды-ау, – деп бір шумақ өлең жіберіпті. Мен сонда Бәтимаға мынадай өлең жібердім.

– Келеңсіз секілді бір сыр ақтармау,

Бәрі емес тірлігімнің сияқты алдау.

– Бәтима, кешір мені қателестім,

Шынымен мына ісім ұят болды-ау, – дедім. Бәтима сол жолы үлкен адамгершілік жасап, мені сотталып кететін жағдайдан қорғап қалды дейді. Бұл да қазақтың ақын қызының адами тұлғасының бір қыры.

Бәтима апаймен 1970 жылы жүздестім. Ауылдан Алматыға Амандық Игіліков ағамыз барып, Төкеңе рестораннан шай берді. Соңында Төкең бізді үйіне ертіп барды. Міне, осыдан кейін Бәтекеңнің өмірінің соңына дейін қолынан дәм таттым, ақыл-кеңесін тыңдадым.

1978 жылы Шымкент облысаралық жазушылар бөлімшесі алғашқы «Ақтұмар» атты өлеңдер жинағымды талқылап, «Жалын» баспасына ұсынды. Мен баспадан бұрын апайға бардым. Төлеген ағай папкамды ашып отырды да «Бәтима, мына ініңнің өлеңдерін өзің көрші» деді.

Бәтекең менің өлеңдерімді бір күн оқыды. Ертесіне Төкеңнің алдына келіп:

– Белгісі көп сенде өткен,

Жылдар менен айлардың.

Жүректі жылы тербеткен,

Айдарлым менің айдарлым, – деген өлеңімді оқып тұрып: «Поэзия есть» деді орысшалап. Осыдан кейін алғысөз жазып берді. Міне, менің өлеңімнің алғаш тұсауын кескен де осы Бәтима апайымыз еді.

Қазақ «Жазмыштан озмыш жоқ» дейді. Ауылдың қарапайым мұғалімдігінен бастап, аудандық оқу бөлімін басқарып, аудандық партия комитетінде, «Қазақ энциклопедиясында» еңбек етіп, 1987 жылы қараша айында қайтыс болды. Туған елі ақын қызын ұмыт қалдырған жоқ. Қарақұр ауылының орталығынан үлкен бір көшеге және 1991 жылы Раңата ауылындағы орта мектепке атын берді. Аудан орталығында өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын шаралар өткізіліп тұрады. Биыл да облыс көлемінде жазба ақындардың мүшәйрасы өткізілді. Жарық дүниеде өміріне өлеңін серік етіп, қолынан қаламы түспеген мейлінше парасатты, қарапайым, жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын ақын апайымыз өзінің «Өлеңім» деген жырында:

– Жылдарды оралмайтын жылға салып,

Мен ұлғайсам, келесің сен жасарып.

Кеудемнен ұшасың да әр тараптан,

Қайтасың құрдас тауып, жолдас алып.

 

Сен қанат қағасың да елігесің,

Еліме нұр тамшыдай себілесің.

Томпиып жатса бір кез топырағым,

Гүл болып ескерткішке егілесің, – депті.

Өнердің иесі өлсе де киесі өлмейді. Ұрпақтан ұрпаққа ұласып, жылдар өткен сайын жасарып, жаңара береді. Ендеше, Бәтима Батырбекованың да жырлары да өлмек емес, ғасырлар биігінен сыңғырлап үн қатып тұра береріне сенеміз.

Ескермес ЖАҚСЫМБЕТ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Созақ ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз